• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2019

Шымкентте сәулет саласындағы қызмет көрсету цифрлы жүйеге көшті

441 рет
көрсетілді

Шымкентте сәулет саласындағы қызметтерді цифрландыру бойынша «Halyksaulet.kz», санаториялық-курорттық емдеу бойынша электрондық платформа құру бойынша «Sankur shymkent», Шымкент қаласының мектептерінде демеушілік көмек пен меценаттыққа арналған электрондық платформа құру мақсатында «Mektepke jardem» жобалары қолға алынды.

Бұл туралы  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған тренингте айтылды.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілген жиында департамент басшысының орынбасары Айбек Шілманов сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы ҮЕҰ-дың рөліне тоқталып, сыбайлас жемқорлықпен күрес қоғамның белсене атсалысуына мұқтаж екендігін жеткізді.

«Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіру - сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізі. Электронды түрде қызмет алудың тиімділігі көп. Біріншіден, азаматтар мемлекеттік мекемеге бармайды, яғни азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер тікелей жолықпайды. Екіншіден, кезек күтпейді, барлығы жылдам жүреді. Бүгінгі таңда көрсетілетін қызметтердің 86 пайызы электронды түрде алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстың бағыты айқын», дейді сала жауаптысы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің мамандары сыбайлас жемқорлық фактілері байқалған жағдайда Агенттіктің 1424 call-орталығына хабарлау қажеттігін айтты.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент