Ақтөбе – республикадағы өндірісі мен өнеркәсібі жақсы дамыған өңірлердің бірі. Облыстағы қуатты құрылымдар алдағы уақытта қандай даму жолын ұсынғаны жөн? Біздің ойымызша, бұл сауалдың жауабы Мемлекет басшысының төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында тайға таңба басқандай көрсетілген.
Өнеркәсіпті өркендету жөнінде мәселе қозғалған кезде екі жайттың ұдайы назарда болғаны табыс әкеледі. Оның біріншісі, жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашуға қам-қарекет жасау болса, екіншісі – бұрыннан бар, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту әрі оған жаңа заманауи технологияларды енгізу.
Бүгінде облыстағы осы істің жай-күйі қандай дегенге келсек, бұған дейін айтылып жүрген деректер мен дәйектер алдан шығады. Соның бірі – өткен жылы 85 миллиард теңгеге 55 кәсіпорынның жаңғыртылғаны. Ақтөбе секілді индустриялық аймақ үшін бұл соншалықты жоғары көрсеткіш емес. Осы кәсіпорындарда өндірілген газ бен мұнай секілді стратегиялық шикізат өнімдерінің мөлшері де көңіл көншітпейді. Сондай-ақ еңбек өнімділігін одан әрі көтеру ісінде де шешімін күтіп тұрған мәселелер бар.
Ал биыл өңірдегі кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру деңгейі қандай дегенге келсек, оның да өткен жылғы көрсеткіштен асып бара жатқаны шамалы екеніне көз жеткіземіз. Бұл еліміздегі төртінші мегаполис атануға бет бұрып отырған өнеркәсіпті өңірге өлшем бола алмайды.
Соған қарамастан, алдағы бес жылда 600 миллиард теңгеге кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру жоспарланып отыр, деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов. Бұл астрономиялық сан қайдан шықты? Облыстағы алқалы жиындардың бірінде осы сауалды аталған орынбасарға қойған да едік. Әйтсе де, тұшымды талдауға құрылған жауап ала алмадық.
Облыстардың төртінші индустриялдық революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы әңгіме қозғаған кезде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсынылған жобаларды айтпай кете алмаймыз. Себебі уақыт талабына сай дамудың жаңа мүмкіндіктерінің бірі осы болатын. Бұл бағытта 2018 жылдың қорытындысы бойынша ЭКСПО-2017 де көрсетілген жаңа технологиялардың алты жобасы біздің облыстан екені қуантады. Алдағы мақсат осындай инновацияның тізбегін өсіре беру болса керек.
Мысалы, құны 33 миллиард теңгені құрайтын, жаңартылған қуат көздері саласындағы үлкен жоба бар. Оны жүзеге асыру үшін ENI және GENEREL ELECTRIC трансұлттық корпорацияларынан қаражат тарту көзделген.
Өңірде ЭКСПО технологияларын енгізу тек мұнымен шектелмейді, 2022 жылға дейін 15 жобаны жүзеге асыру белгіленген. Сөз жоқ, бұл ауқымды іс. Өгіз аяңмен жүрген жағдайда мұндай табысқа иек арту оңай бола қоймас. Сол үшін өңір өндірісіне жаңа серпін қажет.
Соңғы екі жылда өңірде өнеркәсіп өсімінің қарқыны 5 пайызды құрады. Өндіріске қай кезде де қарқынды қозғалыс, оң динамика тән десек, бұл көрсеткіш әлі де жоғарылауға тиіс. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі физикалық көлем индексінің өсе түскені маңызды. Елбасының облыс әкімдері мен жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне өндірісті жаңғырту мен цифрландыру жөнінде берген тапсырмасы тек экономика және өнеркәсіп салаларымен шектелмейді. Оның ауқымы барынша кең. Бұл тізбекті көлік, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өндіріс қауіпсіздігі секілді басым бағыттар, білім беру, денсаулық сақтау салалары құрайды. Осы арада облыс орталығында тұрғындар мен жүргіншілердің заңды өкпе-реніштері мен наразылығын туғызып жүрген қоғамдық көлік қызметіне жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігі де талас туғызбайды. Бұл үшін Ақтөбеде «SMART CITY» тұжырымдамасына сәйкес автобус парктерін GPS трекерлермен және электрондық билет жүйесімен толық жабдықтау қажет.
Тағы бір айта кетерлігі өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде шағын және орташа бизнес индикаторларын дамытуда оң динамика байқалған-ды. Әйтсе де, мұнда атқаруға тиісті істер әлі де жеткілікті. Былтыр өңірде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған мәселелер бойынша, 138 тармақтан тұратын талаптарды орындаудың іс-шаралар кешені қабылданған болатын. Өкілетті органдар оның орындалуын тұрақты қадағаласа бұл өңір өндірісін одан әрі дамытуға септігін тигізері кәміл.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
Ақтөбе