Сейсенбі, 24 сәуір 2012 7:03
Әлемді ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан тазарту проблемасымен айналысатын мұхиттың ар жағындағы Монтерей халықаралық зерттеулер институтының атағы ғылыми ортаға да, осы мәселені қарастыратын өзге мамандарға да кеңінен мәлім. Ал осы ғылыми орталықта аға ғылыми қызметкер Гауһар Мұхатжанованы кездестіреміз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмегені аян. Қаршадай қазақ қызы Монтерей халықаралық зерттеулер институтында ядролық қауіпсіздік мәселесін зерттеумен айналысады екен.
Сейсенбі, 24 сәуір 2012 7:03
Әлемді ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан тазарту проблемасымен айналысатын мұхиттың ар жағындағы Монтерей халықаралық зерттеулер институтының атағы ғылыми ортаға да, осы мәселені қарастыратын өзге мамандарға да кеңінен мәлім. Ал осы ғылыми орталықта аға ғылыми қызметкер Гауһар Мұхатжанованы кездестіреміз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмегені аян. Қаршадай қазақ қызы Монтерей халықаралық зерттеулер институтында ядролық қауіпсіздік мәселесін зерттеумен айналысады екен.
– Гауһар, алдымен өзіңді таныстырып өтсең.
– Алматыда туып-өстім. 1997 жылы мектеп бітірген соң, Сорос бағдарламасымен Болгарияда оқыдым. Оқуымды аяқтаған соң Алматыға келіп, 3-4 жыл БҰҰ-ның еліміздегі офисінде қызмет еттім, одан Монтерей институтына магистратураға түстім. Оқып жүріп-ақ ядролық қару таратпау проблемасымен айналыстым. Бітірген соң осында жұмысқа қалуға ұсыныс жасалды. Қазақстан азаматымын.
Қазіргі күні ядролық қаруды таратпаудағы халықаралық ұйымдардың рөлін зерттеумен шұғылданамын. Қазақстан тәуелсіздік алғанда орасан зор ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан жалғыз ел болғандықтан, біздің орталықта Қазақ еліне деген үлкен ықылас барлығын айта кетсем деймін. Оның үстіне Семей полигонын жауып, әрі соңғы кездері осы тақырыпқа қатысты көптеген игі бастамалармен шығуы да біздің елге деген қызығушылықты арттыра түсті. Сондықтан, біздің институт үшін Қазақстанмен байланыс маңызды.
– Қазір әлемді шартты түрде ядролық қаруы бар мемлекеттер және ядролық қаруы жоқ мемлекеттер деп бөлсек кәдімгідей екі топ шығады. Осындай жағдайда ядролық қаруды жою, оны таратпау мәселесі тек біржақты қаралатындай. Қаруы барлар одан айырылғылары келмейді, ал ядролық зерттеулермен айналыса қалған ел болса, жоғарыдағы ядролық державалар тарапынан оған деген неше түрлі кедергілер қойылатынын көріп жүрміз. Және біздің еліміздің тарапынан көтеріліп жүрген ядролық зерттеулерді игілікке, бейбіт мақсаттарға жарату сынды идеялар қаншалықты қолдау табуда?
– Шынында, бұл – өте үлкен проблема. Оны тек осы мәселемен айналысушы ғалымдар, сарапшылар ғана емес, дипломаттар да жиі көтеріп жүр. Ядролық қаруды жою, таратпау мәселесін көтеру әлемде белді бір державалардың оған ие болып, бас тарту жайын ойламай отырған күнінде әшейін құр бос әңгіме көрінуі мүмкін. Алайда, біріншіден, ядролық қаруы бар елдердің халықаралық қоғамдастық алдында мойынына алған міндеті сол қаруды пайдаланбау болса, қаруы жоқтар оны жасамауды міндеттеніп отыр. Екіншіден, ядролық қаруы бар державалар бір-бірімен сол қарулардан тазару жөнінде келіссөздер жүргізуі тиіс және олар ядролық қарусыз елдерге атомды бейбіт мақсатқа қолдану тұрғысында көмек беруге міндеттенеді. «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде осындай шарттық міндеттемелердің болашағына қатты күмән туды. Себебі, АҚШ пен Кеңестер Одағы бір-бірімен жарысып, жанталаса қаруланып жатты. Әлемде үміт оты өлімсіреген тұста, бір елдің ядролық қарудан бас тартуы сөнейін деп тұрған шоқты қайта жандырды. Міне, осыдан кейін барып, 1995 жылы Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шарт әрі қарай ұзартылды және ол ешқандай мерзімге байланған жоқ. Дүние жүзіндегі барлық мемлекеттер халықаралық қауіпсіздікті сақтауда ешқандай келісімсіз тіршілік еткеннен гөрі, қандай да болсын міндеттер жүктейтін, өмірдегі бар шарттық құжаттың ғұмырын ұзартуымыз қажет деп ұйғарды. Және бұл бүгінгі күнге дейін жалғыз шарт болып отыр. Осының негізінде АҚШ пен Ресей арасында Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы шарт жасалды. Дегенмен, әлем ядролық қару қаупінен арыла алмай отырғаны рас.
Ал сұрағыңыздағы екінші мәселе – атомды бейбіт мақсатта пайдалану тұрғысында біздің институт ядролық материалды сақтаумен, яғни ядролық банк аясындағы зерттеулермен айналысуда. Мәселен, өзінде уранды байытатын зауыты жоқ елдің атом стансасы бар, алайда, ол қажетті отынды уранды байытатын елден ала алмайтындай жағдайда (ол коммерциялық емес немесе уранды өзге мақсатқа қолданады деген қауіп болмаса да әшейіндегі әріптесінен ядролық отынды ала алмаған күнде) жоғарыдағы ел МАГАТЭ арқылы қажет отынды ядролық банктен сатып алады. Жалпы, уран медицинада, ауыл шаруашылығы және т.с.с. көптеген салаларда қолданылатындықтан, әлемде ядролық банк жасаудың қажеттілігі бар. Ядролық банк дегеніміздің өзі төменгі деңгейде байытылған уранды сақтау болып табылады. Ал оның радиоактивтілігі жоғары байытылғанынан төмен, сондықтан да оның қауіптілігі аздау келеді.
– Жалпы әлемде уранды пайдалануды қадағалаудың қажет екені түсінікті. Алайда, бір кезде Иракта ядролық қару түрлері жасалып жатыр деп АҚШ пен НАТО әскерінің басып кіргенін, онан соң артынан ол қарудың жоқ болып шыққанын бәріміз білеміз. Осындай желеуді жамылудың қаншалықты қасіреті барлығын көріп отырмыз ғой.
– Иә, бұл – өте өзекті мәселе. Оның бұқаралық ақпарат құралдарында да, сарапшылар мен саясаткерлердің, дипломаттардың, жалпы жұртшылықтың назарында тұрғанына және белсенді түрде талқыланатын мәселеге айналғанына дау жоқ. Дәл осының қазіргі күні ядролық қауіпті сейілтуге кері әсерін тигізіп тұрғаны да жасырын емес. Өйткені, әлем жұртшылығы ядролық қарулану тұрғысында сарапшылар берген дәйектерге сенбейтін жағдайға жетті. Сонымен қатар, егер белгілі бір елде ядролық қару жасалды деген күннің өзінде оған берілетін соққы да қандай болуы тиіс деген мәселе көп талқыланып жүр.
Ендігі бір жиі бас қатыратын жәйт – АЭС-терде пайдаланылған ядролық отын қалдығы турасында. Алдымен ол ұзақ уақыт не суда, немесе құрғақ жерде салқындауы тиіс. Одан кейін оны жерге көме ме, әлде қайта өңдеуге жібере ме? Алғашында оны қайтадан өңдеу тиімді деген ұстаным болатын. Өйткені, қалдықты қайта өңдегеннен плутоний алынады. Алайда, плутонийді бейбіт мақсатқа жұмсау мүмкіндігі өте тар, ол – негізінен ядролық қаруға қажетті радиоактивті материал.
– Бұл жерде оның лаңкестердің қолына түсуі мүмкін деген де проблема алдан шығады ғой.
– Иә, бұл – плутонийге және жоғары байытылған уранға қатысты мәселе. Мысалы, әлемдегі ғалымдардың зерттеу жүргізетін реакторлары осы жоғары байытылған отынмен жұмыс жасайды. Ал осындай ғылыми-зерттеу орталықтарындағы ядролық отын қалдықтарының теріс пиғылды жандардың қолына түспейтініне кім кепілдік бере алады. Сол себептен де 2001 жылғы 11 қырқүйектегі оқиғадан кейін әлем осындай орталықтардағы қалдықтардың қауіпсіздікке тигізетін әсері барлығымен мықтап ойлану үстінде.
Біздің еліміз үшін де пайдаланылған отынды қалай жою мәселесі маңызды. Себебі, кеңес заманында салынған Ақтаудағы атом реакторында пайдаланылған көп ядролық отынның қалғаны белгілі. Радиоактивті отынның әр мысқалын қадағалап отыру жұмыр жердің қауіпсіздігі үшін маңызды болып қала бермек. Дегенмен, жалпы адамзат өркениетін ілгерілетуде атомды бейбіт мақсатқа пайдалану маңыздылығын жоймайды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.