Сенбі, 26 мамыр 2012 7:01
Мықтылардың дауға бармағаны жақсы
Өткен аптаның басты оқиғасы АҚШ-та өткен «Үлкен сегіздіктің» саммиті болды. «Сегіз мықтының» бірінші басшылары (Ресейден басқасы) бүгінгі таңдағы ең маңызды деген мәселелерді талқылап, оның қорытындысы бойынша өз пікірлерін білдірген декларация қабылдады.
Сенбі, 26 мамыр 2012 7:01
Мықтылардың дауға бармағаны жақсы
Өткен аптаның басты оқиғасы АҚШ-та өткен «Үлкен сегіздіктің» саммиті болды. «Сегіз мықтының» бірінші басшылары (Ресейден басқасы) бүгінгі таңдағы ең маңызды деген мәселелерді талқылап, оның қорытындысы бойынша өз пікірлерін білдірген декларация қабылдады.
Онда сөз болған мәселелерден бұрын саммиттің өткізілуі жайындағы әңгімеге жұрт көбірек назар аударды. Оған Ресей президенті Владимир Путиннің бармағаны әр саққа жүгірткен әңгімеге арқау болды. Бұл жөнінде Путиннің АҚШ президенті Барак Обамаға телефон шалып, түсіндіргенінен де жұрт хабардар. Ресей басшысы қатыса алмағанына өкінетінін, үкімет құрамын айқындаумен айналысып жатқанын айтыпты. Көңілге онша қона қоймайтын себеп. Сондықтан да жұрт оның бармау себебін басқа жақтан іздеп, түрлі болжамдарды алға тосты.
Расында да, Путиннің сол саммитке бару-бармауы басқосу иесі – Барак Обамаға да айтарлықтай бас ауыртқан мәселеге айналды. Алғашында саммит Чикагода өтпек болып белгіленіп, айтарлықтай қаржы жұмсалса да, Путинге бола АҚШ президенті оны Кемп-Дэвидке ауыстырған. Өйткені, сол «Сегіздік» саммитінен кейін іле-шала Чикагода НАТО саммиті өтпек еді. Ал онда қаралатын мәселе Путинге ұнамайтыны белгілі. Барак Обама Ресей мен Францияның жаңа президенттерінің басқосуға қатысқанын қалаған еді. Бірақ Путин бәрі бір бармады, Медведевті жіберді. Мәскеу өкілі өз елінде екінші адам болғандықтан, «мықтылар» ішіндегі ең төменгі тұлғаға айналды.
Енді саммитте қаралған мәселелерге, оған байланысты қабылданған шешімге келсек, бұл жерде жұрт пікірі әртүрлі. Біреулер онда бетбұрыс жасағандай шешім қабылданбады деп қомсынған пікір айтты. Бұл – жалпы әлемнің мықты елдерінің саясатына қарсы бағыттағылардың сөзі. Ал шын мәнінде бұл клубтың сипатында ондай нақты шешім қабылдау жоқ. Әдетте, бұл елдердің басшылары өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасады, ұсыныстарын ортаға салады.
Бұл тұрғыдан алып қарағанда, мықтылар, әсіресе, экономика, қаржы мәселелері жөнінде ортақ пікірде екендіктерін білдірді. Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмерон бюджет тапшылығын қысқартып, банктерді күшейтуге шақырса да, «Үлкен сегіздік» еуроаймақ елдеріне сценарий ұсынбауға тиіс деді. Ал Барак Обаманың Еуропа елдерін жаңа жұмыс орнын ашып, экономиканың өсуіне айрықша көңіл бөлуге шақыруы да парасатты ұсыныс еді. Демек, олардың өздері осындай бағытты ұстанбақ. Грекияның өз ішінде Еуроодаққа және ХВҚ-ға қарсы көңіл күй басым болса да, «Сегіздік» бұл елдің еуроаймақта қалғанын жөн санайды.
«Сегіздік» тобында энергетика және азық-түлік мәселесі кең талқыланып, бұл жөнінде ортақ бағыт ұстану қажеттігі айтылды. Ал сыртқы саясат мәселесіне байланысты Ауғанстандағы, Ирандағы, Таяу-Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдайға баға берілді. Әсіресе, Сириядағы жағдай оларды көп алаңдататыны аңғарылды. Бұл мәселеде «Сегіздіктің» бір пікірде еместігі де белгілі. АҚШ президенті Сирия басшысы Башар Асадтың кетуі қажет десе, Ресей басшылығы бұған қарама-қарсы пікірде.
«Үлкен сегіздіктің» саммиті айқай-шусыз, байсалды пікір алысу рухында өтті. Оны әлем жұртшылығы күн сайын телеарналардан көріп те аңғарып отырды. Мықтылар арасында дау болмағаны жақсы. Олар дауласса, басқа жұрт олардың соңынан ереді.
Сербия: көпшілік күтпеген жеңіс
Жексенбі күні Сербиядағы президенттік сайлаудың екінші турында оппозициялық Сербия прогрессивтік партиясының көсемі Томислав Николич жеңіске жетті. Оны жұртшылық күтпеген оқиға деп қабылдады.
Олай бағалаудың да қисыны бар. Алдын ала жүргізілген сауалдаманың болжамына қарағанда, қазіргі президент Борис Тадич 16 пайыздық айырмашылықпен жеңіске жетуге тиіс еді. Жұрт бұған күмәндана қоймаған. Бұған дейінгі 2004 және 2008 жылдардағы сайлауларда Тадич қарсыласы Николичті айқын басымдықпен жеңіп келген. Жалпы жұрттың ықыласы да қазіргі президент жағында екені айқын аңғарылатын.
Мұндай бағаға Демократиялық партияның көсемі, жалпы демократиялық блоктың жетекшісі президент Борис Тадичтің ел басшылығындағы қызметі дәлел көрінетін. Сонау Балкан соғысынан бергі уақытта талай саяси аласапыранды бастан кешкен Сербия Тадич басқарған тұста тұрақтылыққа ойысқан еді. Бұрын Югославия дейтін айтарлықтай іргелі елдің негізі саналған Сербия өзімен одақтас болған республикаларды уысынан шығармау мақсатында олардың біразымен соғысып, басқа нәсілділерге қарсы геноцидтік саясат жүргізгені бар. Кейінірек өз аумағындағы Косово өлкесінде де этностық тазалау шараларын жүзеге асырған. Сербия басшыларының мұндай әрекеттері халықаралық қауымдастықтар тарапынан қатаң айыпталып, ақыр аяғында бұл республикаға қарсы НАТО тарапынан күш те қолданылған.
Бұл елдегі фашистік сипат алған радикалдық ұлтшылдық Сербияны тұйыққа тіреді. Олардың геноцидтік саясатына халықаралық деңгейде әділ баға беріліп, оны жүргізген ел басшылары халықаралық сотта жазаларын алды. Сербияның халқы демократиялық күштерді қолдап, елде айтарлықтай жаңа тұрпаттағы билік жүйесі қалыптасты. Соның басында Борис Тадич жүрді. Ол геноцид саясатын жүргізген әсіре ұлтшылдық элементтерді әділ сот жолымен жазалауға, елде демократиялық жүйенің қалыптасуына жағдай жасады, еуропалық кірігуге айрықша мән берді. Мұны еуропалық қауымдастық та жоғары бағалап, Сербияны өз қатарына алуға есігін де ашқан. Міне, осындай үміткердің жеңілуін жұртшылық күтпеген оқиға санап отыр.
Жеңіске жеткен Томислав Николич кім еді? Ол біраздан бері саясат майданында жүр. Сонау әсіре ұлтшыл саясат жүргізген Слободан Милошевич үкіметінде вице-премьер де болған. Кезінде Еуропадан гөрі Ресеймен одақтасқан жөн деп ұран да көтерген. Заманға бейімшіл Николич соңғы кезде Еуропамен кірігуді өз бағдарламасына қосып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды өз партиясының ұранына айналдырды.
Біраз сарапшылар Николичтің жеңісін Тадичтің өз мүмкіндігін тым асыра бағалап, сайлау науқанын атүстілеу жүргізгенінен көреді. Біреулер оны Батыс саясатының Балкандағы дағдарысы санайды. Жалпы, Еуропадағы экономикалық дағдарыс, Грекиядағы жағдай сербтердің де Еуроодаққа деген көзқарасына өзгеріс жасағаны анық. Сондай-ақ соңғы кездегі елдегі әлеуметтік жағдай адамдардың радикалдық және ұлтшыл-патриоттық көңіл күйіне әсер еткені де аңғарылады. Осының бәрі қосылып, Тадичтің жеңілісіне соқтырды.
Томислав Николич – сербтердің көпшілігінің таңдауы. Әр халық өз билігіне лайық деген сөз бар.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».