Маңғыстаудағы Отпан тауда Амал мерекесін тойлау шарасы басталды. Отпан тау етегіне бірнеше киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар той сәнін асыруда. Мереке қарсаңында Ақтау қаласынан Отпан тауға дәстүрлі «Ұлы дала көші» аттанды.
Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақ даласында өмір сүрген ежелгі көшпелі халықтардың жеті қазынасын атады. Маңғыстауда Амал мерекесі – жергілікті тұрғындардың көнеден келе жатқан дәстүрі, көктеммен бірге келетін табиғат мейрамы. Отпан таудағы шараның басты мақсаты – халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайту, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу болып табылады.
Көшпелі халықтарға құрмет ретінде Амал мерекесінің алғашқы күнінде, яғни 13 наурыз күні «Ұлы дала көші» атты театрландырылған және мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған ұлттық киім киген 300-ге жуық шабандоз қатысты. Алдымен ерлер арасында аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындар өткізілді. Сонан соң жұртшылық назарына «Амал келді - жыл келді» театрландырылған қойылымы ұсынылды.
Ақшұқыр ауылында жалғасын тапқан әсерлі шара ауыл тұрғындары мен жастардың атсалысуымен жалғасын тауып, көш Отпан тауға аттанды және 13-і күні түнде Отпан тауда Бірлік оты жағылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы