• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Наурыз, 2019

Алатаудың ақиығы

1271 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы Ұлттық музейде халық ақыны, қазақ мәде­ниетінің көрнекті өкілі, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған «Ала­тау­дың ақиығы» атты көрме ұйым­дастырылды.

Кенен атамыз Жамбыл облысы Қордай ауданының Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен абыз қарияның басқасын айтпағанда, 1916 жылы ұлт-азат­тық қозғалысқа қатысып, өзі шығар­ған «Бұлбұл» әні, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жалын­ды жыр­лары сол заманның бояма­сыз көркем баяны іспеттес. Қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, Кенен атамыз қазақтың рухани қазына қорына 100-ден астам ән, өлең-жыр, эпикалық дастан қосқан екен.

Мәдени шараны ашып, көрме тамашалауға келген қауымға құт­ты болсын айтқан Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин, бүгінгі көпшілік назарына ұсынылып отырған құнды жәдігерлер Қор­дай аудандық К.Әзірбаев атын­дағы әдеби-мемориалдық музей қорынан әкелінгенін және Мә­дениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігі биыл ақынның шығармашылығын жан-жақты насихаттау мақсатында еліміздің 9 қаласында 13 іс-шара жоспарлап отырғанын жеткізді. 

Көрмені тамашалауға жиналған жұрт сөреден Кенен атамыздың өмір жолына қатысты фотосуреттерді, нақтырақ айтсақ, атақты жыршы Нартай Бекежановпен бірге түскен суреті (1949 ж), жазушы Сәбит Мұқановпен қатар тұрған бейнесі (1967 ж), 75 жылдық мерейтойында академик Ахмет Жұбанов ақынға домбыра сыйлап тұрған сәті, 90 жылдық тойын­да КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың құттықтап келуі, т.б. фото құжаттарды тамашалады. 

Сонымен қатар ақынның пүліштен тігілген мамық жағалы жасыл шапаны, өзі ұстаған домбырасы, 1974 жылы 14 маусымда ақынға берілген Ленин ордені, тірі күнінде өзі тұтынған бұйымдар – көзәйнек, қаламсап, қолсағат, кісе белдік қатарлы жәдігерлер де көрме төрінен орын алыпты. Жиналған жұртшылық жоғарыдағы жәді­гер­лерді тамашалаумен қатар, мерейтой қарсаңында түсірілген «Ала­таудың ақиығы» атты деректі фильмді көріп, көзайым болды. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»