Жұма, 29 маусым 2012 6:55
Қасірет шегетін алдымен халық
Сирияның теңіз жағалауында Түркияның барлаушы ұшағының атып түсірілуі бұл аймақтағы жағдайды барынша ушықтырып, үлкен соғыс өртінің тұтанып кету қаупіне ұшыратты. Одан бүкіл әлем тітіркеніп отыр.
Бұл елдегі, бұл аймақтағы жағдайды талай сөз еттік. Тіпті, одан мезі болғандайсың. Ал аттап кету және мүмкін еместей. Әлемдегі ең күрделі жағдай осында қалыптасып отыр. Саясаткерлердің де, жай адамдардың да назары осында. Мұндағы жағдайға әлемдегі жетекші елдердің бәрінің қатысы бар. Тіпті, Сирияның өз ішінен бұрын мұндағы жағдай басқаларды көбірек мазалайтындай көрінеді.
Жұма, 29 маусым 2012 6:55
Қасірет шегетін алдымен халық
Сирияның теңіз жағалауында Түркияның барлаушы ұшағының атып түсірілуі бұл аймақтағы жағдайды барынша ушықтырып, үлкен соғыс өртінің тұтанып кету қаупіне ұшыратты. Одан бүкіл әлем тітіркеніп отыр.
Бұл елдегі, бұл аймақтағы жағдайды талай сөз еттік. Тіпті, одан мезі болғандайсың. Ал аттап кету және мүмкін еместей. Әлемдегі ең күрделі жағдай осында қалыптасып отыр. Саясаткерлердің де, жай адамдардың да назары осында. Мұндағы жағдайға әлемдегі жетекші елдердің бәрінің қатысы бар. Тіпті, Сирияның өз ішінен бұрын мұндағы жағдай басқаларды көбірек мазалайтындай көрінеді.
Қазір әлем осы Сириядағы жағдайға, оны реттеуге байланысты екіге бөлінгендей. Бүкіл Батыс елдері Башар Асад режімін жойып, билікті оппозияцияға беруді қолдаса, Ресей, Қытай бастаған елдер тобы мәселені билік пен оппозицияның келісімімен жетуді ұсынады.
Ал осы екі көзқарасты жақындастырудың талай мүмкіндігі туған. Бірақ ол пайдаланылмады. Сонау шиеленіс басталған кезде-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аясында біраз мәселені талап, келісім жолымен шешуге болар еді. Онда көтерілген халық Башар Асадтан кетуді емес, үкіметті ауыстыруды, отыз жылдық төтенше жағдайды жоюды, парламентті таратып, жаңа сайлау өткізуді талап еткен. Б.Асад оны орындаудан бас тартты, ал кейін оған барғанда, уақыт өтіп кеткен еді, енді оған халық келіспеді. Ресей мен Қытай бастаған топ БҰҰ тарапынан жасалған талаптарға қарсы тұрып, біле-білсе, Башар Асадқа қиянат жасады деуге болар. Онда ол бүгінгідей жағдайға ұшырамас еді.
Жақында белгілі ресейлік саясаттанушы Андраник Мигранян Сирия шиеленісіне байланысты «Известия» газетінде талдау мақала жариялады. Ресей саясатын қолдап, Батысты айыптады. Батыс айтатындай, бүкіл сириялық қауым Башар Асадқа қарсы емес, оны қолдайтындар да жетерлік, ұлыстық және діни азшылық қауымдар, сондай-ақ айтарлықтай әлеуеті бар әскер қолдайды деді. Әңгіме сол әскердің қолдап отырғандығында ғой. Әскер күшімен билікте отырғандар жалғыз Башар Асад қана емес. Сондай-ақ, Мигранян Сирия билігінің Ресей мен Қытайға арқа сүйейтінін, соған тәуелді, олардың айтқанынан шықпайды деген пікірді де жоққа шығарғысы келеді. Мәскеу айтқанмен, ол биліктен кетпес еді деді. Бұл екі елдің қолдауы болмағанда, Асад әлдеқашан БҰҰ талаптарын қабылдап, бүгінгі шиеленіске жол берілмес еді.
Қазір Сирияға сырттың ықпалы тіпті күшейді. Соның бір мысалы – сириялықтардың түрік барлаушы ұшағын атып түсіруі. Бұған байланысты батыстық жетекші елдердің барлығы Сирияны айыптап жатыр. Әрине, басқа елдің ұшағы жеріне кірсе де, Сирияның оқ атпағаны жөн шығар, бірақ соғыс жағдайында отырған елге қарай барлаушы ұшақ жіберудің қаншалықты қажеті бар еді деген де сұрақ көңілге оралады. Мұның өзі бұл елге қарсы қатаң шара қолдануға желеу іздеген әрекетке ұқсас көрінеді.
Содан да бұл оқиға жұртты қатты шошытып отыр. Мұның өзі жай соғыс қана емес, дүниежүзілік соғысқа желеу болмас па екен деген қауіп айтылады. Үлкен соғыс бола қоймас деген үмітке жүгінесің. Ал кішірек соғыс Сирияда біраздан бері жүріп жатыр, оның қасіретін халық көріп жатыр.
_________________________
Жұртқа жағыну үшін не демейсің
АҚШ-та президенттік сайлау науқаны жаңа кезеңге көшті. Бұрын республикашылар өзара күресіп, қатарынан озып шығуды ойласа, енді Митт Ромнидің аты айқындалған соң, насихат сипаты біршама өзгерді. Демократтарға, қазіргі президентке қарсы сын күшейді.
Қазіргі сауалдамаларға қарағанда, республикашылар үміткері, Массачусетс штатының бұрынғы губернаторы Митт Ромнидің рейтингі Барак Обамаға жақындап келеді. Алда осылай жалғаса берсе, оның жеңіске жетуі де ықтимал дейді сарапшылардың біразы. Содан да Ромни сайлаушыларға ықпал етеді-ау деген сәтті пайдаланып қалғысы келеді.
Жасырмай айтатын бір шындық – қазіргі президентке африкаамерикалықтарды былай қойғанда, латынамерикалықтар да іш тартады. Олар бұл елде аз емес. Өткен сайлауда Барак Обаманың жеңісіне олар айтарлықтай үлес қосқаны анық. Үнемі көңілінде жүретін бұл түйткілді шешуге республикашылар үміткері жақында әрекет жасап көрді. Флорида штатында заңгерлер мен шенеуніктер алдында сөйлеген сөзінде экономиканың өзекті мәселелерін қозғай отырып, Митт Ромни Обаманың билігі кезінде басқалармен бірге латынамерикалықтардың да зардап шеккенін алға тосты. «Жасырмай айтыңыздаршы, соңғы үш жарым жылдағы өмірлеріңіз бағамдағанда, бұдан дұрысырақ өмір сүре алар ма едіңіздер. 11 пайызды жұмыссыз испантілді халқы бар Америка – біз армандаған Америка осы ма? Біз бұдан жақсы өмір сүре аламыз…», – деді Ромни. Әрине, егер ол президент болса.
Бірақ оған латынамерикалықтар сене қойған жоқ-ау. Өйткені, олар республикашылардың иммигранттарға көзқарасын жақсы біледі. Ал сол иммигранттардың көпшілігі – латынамерикалықтар, оның ішінде мексикалықтар. Ромни әрқашан АҚШ пен Мексика арасына дуал тұрғызуды қолдайды. Сөйте отырып, оның латынамерикалықтарға қамқоршы болмақ сөзі көп адамға күлкілі көрінген. Бұл билікке құмар адамдарға не дерсің. Ал Обаманың жасырын мигранттардың балаларын қайтарып жіберуді қойдырамын деген сөзі латынамерикалықтарға бек ұнайды.
Сөйтсе де Митт Ромнидің басқалар құлақ асарлық та сөзі бар. Бұл Ресейге қарсы қатқыл сөздері. Ол Ресейді геосаяси қарсылас деп есептейді. «Халықаралық аренада үнемі біздің жолымызға кесе-көлденең қарсы тұратын бір ел бар, ол – Ресей, – деді Ромни. – Әрине, біз бір-бірімізге жау емеспіз, бір-бірімізге қарсы соғысып жатқан жоқпыз және бұл «қырғи-қабақ соғыс» та емес, бірақ Ресейдің біз үшін геосаяси қарсылас екені анық».
Мұның бәрін ол Барак Обамадан көреді. Президент тым жұмсақтық жасапты, күштерді бағамдамаған көрінеді. Соның арқасында Ресей біраз нәрсені иемденген, күшейген. Бұдан шығатын қорытынды – Ромни президент болса, Ресейді орнына қояды. Ал бұған сенетіндер, қолдайтындар АҚШ-та баршылық.
Бұл жерде оған Ресей басшылығы да барынша «көмектесуі» мүмкін. Егер олар өзінің АҚШ-қа қарсы саясатын пәрмендірек жүргізсе, америкалықтар «Ресейді орнына қоятын» Ромниге көбірек сенім артады. Сөйтіп, Мәскеу, қаласын-қаламасын, «жұмсақтау» Барак Обамаға емес, өздеріне қатқыл қарайтын Митт Ромниге қолдау жасайды.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».