Жұма, 3 тамыз 2012 7:23
Дүбірге толы дүние
Міне, жарты айдан бері Корея Халық Демократиялық Республикасының Бас штабы бастығы Ли Ен Хоның орнынан алынғаны жөніндегі әңгіме бәсеңдемей келген. Енді тоқтайтын болар. Жұрт енді оның себебін біліп отыр. Вице-маршал елдің жас көсемімен тіл табыспаған екен.
Жұма, 3 тамыз 2012 7:23
Дүбірге толы дүние
Міне, жарты айдан бері Корея Халық Демократиялық Республикасының Бас штабы бастығы Ли Ен Хоның орнынан алынғаны жөніндегі әңгіме бәсеңдемей келген. Енді тоқтайтын болар. Жұрт енді оның себебін біліп отыр. Вице-маршал елдің жас көсемімен тіл табыспаған екен.
Бұл елде бәрі жұмбақ. Әдетте өзгерістің бір себебі айтылады, кейін басқа болып шығады. Ли Ен Хоның орнынан алынуы, алдымен оның денсаулығына байланысты делінді, бірақ жұрт оған сенген жоқ. Содан кейін түрлі-түрлі болжам айтылды. КХДР-дың жас көсемі маршал (бұл атақты биылғы шілдеде алған) Ким Чен Ын өз айналасын ескі кадрлардан тазартпақшы екен, әскерилер арасындағы өз беделін көтермекші екен делінді. Жалпы елде билік үшін күрестің жаңа бір толқыны пайда болғаны анықтай көрінген.Бір ерекшелік – бұл елде дүниенің тұтқасы әскерилердің қолында. Тіпті экономикаға басшылықты да әскерилер жүзеге асырады. Ел экономикасының күйзелісті жағдайының бір себебі сонда екені белгілі. Бәрі де әскери мүддеге бағындырылады. Содан да беделі шарықтап-ақ тұрған Ли Ен Хоның биліктен шектетілуі мүлде күтпеген оқиға еді.Жұрт пікірі бір жерден шығып отырғандай. Расында да Ли Ен Хоның кетуі ел басшысы Ким Чен Ынмен тіл табыспауынан екен. Жас көсем ел жағдайын ескерген болар, экономикалық реформа жасауға бет бұрғанда, Бас штаб бастығының қарсылығына ұшырайды. Оған басты себеп, экономикаға реформа жасау үшін оны әскерилерден ажыратуға тура келеді. Ал оған Ли Ен Хо көнбегенге ұқсайды. Күшті көндіруге тиіс, әйтпесе күшті болмайды. Тіпті бұрынғы Бас штаб бастығының ықпалындағылар қарулы қарсылық көрсетпек болған деген де сөз бар. Әңгіменің түйіні оның билік тобынан кеткенінде ғана. Енді барлық билік, ең алдымен әскери күштер Ким Чен Ынның қолында. Соның айтқаны болады. Бұл жерде жұртты қызықтыратыны – экономикалық реформа. Онсыз елдің бұдан әрі өмір сүруі дүдәмал. Сарапшылардың айтуынша, мұндай реформа жүргізуді Корей көсеміне қытайлар айтып отырған көрінеді. Өйткені, әбден шектен шыққан Корей халқы көрші елге лап беруі мүмкін. Қанша қуатты дегенмен, оны ҚХР жағдайы көтермейді. Шын солай болып, КХДР-де экономикалық реформа жүзеге асар болса, ол елдегі жағдайға үлкен өзгеріс әкелері анық.Ли Ен Хоның кетуінен кейін биліктегі күштердің жаңаша іріктелері заңды. Ким Чен Ынның маңайы күшейді. Ал сол күшейген топ елдің мүддесін ойлап, қажетті реформаларды жүзеге асырар болса, оның игілігін халық көрер еді, деген үміт те қылаң береді.КХДР – әлем назарындағы ел. Қанша жасырын жасалғанмен, ондағы өзгеріс мәлім болып жатады. Осы елдегі жағдай түзелсе, көршілеріне де тыныш. Жұрт соны тілейді. Тіпті елдің жас көсемінің қасынан бір сұлудың көрінуін де әлемдік ақпарат құралдары жапырлай жариялап, ақырында оның ел басшысының жары екенін білген соң, жақсылыққа жорыған. Жалпы жұрт бұл елден жақсылық күтеді.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».