Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайылымдары. Осы жерге қазіргі уақыттағы 30 млн мал басын қалай бақса да болады?
Бүгінде айтылған жайылым көлемінің 43 пайызы ғана қолданыста немесе 80 млн гектары ғана игерілген. Сол себепті ауыл халқына жайылым жерлер жетпей отыр. Қазіргі уақытта, малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып- тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Осыдан қолданыстағы 80 млн гектардың 27 млн гектары деградацияға ұшыраған. Мал жайылымы кезеңдері мен жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормаларын бұзу, мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналып отыр. Осыған байланысты, зоогигиеналық ахуал да шиеленісіп, мал арасында аурулардың көбеюіне әкеліп соқтыруда. Осының нәтижесінде қажетті және толыққанды мал өнімдерін алу мүмкіндігі азайды.
Осы жайттарды ескерген Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жер өңдеу мәдениетін өзгертіп, жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді пайдалана отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыруда, мал шаруашылығын дамытуда еліміздің жер қорының 70 пайызын құрап отырған жайылымдық жерлерді, оның ішінде шалғайдағы жайылым алқаптарын қолданысқа енгізу маңызды.
Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгіліне сай көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы жайылымдарды пайдаланған. Мәселен, көктемгі жайылымның нақты бір аумағында дәрумендік шөптер, дала гүлдері гүлдеген кезде ғана шыққан. Осы жерге малды 10 күнге ғана жайған. Қазіргі уақыттағыдай, жаздай бір жерді таптап мал қайырмаған, керісінше, ауыспалы жер технологиясын малдың ыңғайы үшін пайдаланған. Енді бір ерекшелігі – жаз айларында малды жусанды жерге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайылмайды, сондықтан оны мал таптамасын деп қыс басталғанға дейін сақтаған. Есесіне, қыстың бас кезінде жусанды жайылымды малдың иммунитетін көтеру үшін қолданған. Тек қана қараша айында, бірінші ақ ұлпа қар түскен кезде ғана малды осындай жусаны бар жерге баққан. Осыған байланысты ақ-қара жусанда бағылған төрт түлік қыстай ауруларға шалдықпай, күйі таймаған. Қысқасы, жыл он екі айды малдың жайына қарай бөлген. Нәтижесінде мал басы көбейіп, табиғаттың тепе-теңдігі сақталған.
Айтылғандарға байланысты жайылым жерді жүйелі пайдалану тәртібін енгізу және мал бағу дәстүрін жаңғырту мақсатында, жайылым мәселесін түбегейлі зерттеп, зерделеп бір топ Парламент депутаттары «Жайылымдар туралы» заң жобасын жазып шықты. Оған 2017 жылдың 20 ақпанында Елбасы қол қойып, Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңы толық күшіне енді. Бұл заң бұған дейін өздігімен реттеліп келген жайылымның мәселесін ата-бабаларымыз қалдырып кеткен ізбен ресми түрде реттелуін көздейтін ең алғашқы құжат болып отыр.
Заң аясында еліміздің 2 548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерекшеліктерін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды жасайды. Жоспарда ауыл округінің мал жайылатын жайылымдарының көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жатқан жердің иелерін анықтап, сол арқылы жайылымдық жерлерді, жайылым пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестендіреді. Жоспар жергілікті өзін өзі басқару органында және аудандық мәслихаттың отырысында қаралып бекітіледі. Бұл құжат әділет органдарында тіркелуден өткеннен кейін құқықтық акт болып саналады. Осылайша ауылдық округтердегі жайылымдық жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заңнамалық нормалар жұмыс істейтін болады.
Заңға сәйкес, әрбір жайылым пайдаланушы жоспарды әзірлеуге қатыса алады, яғни ауылдық елді мекендердің аумағында өзіне жетерліктей жайылымдық жерді пайдасына асыру мәселесін шешу оның өз қолында деген сөз. Жоғарғы мемлекеттік органдарға, министрліктерге немесе Үкіметке алаңдаудың ешқандай қажеттілігі жоқ, барлығы жергілікті жерде, яғни ауылдық округ және аудан әкімдіктерінің құзыреттерінде толыққанды қарастырылады. Ал егер ауылдық елді мекендердің аумағында жайылымдар жетпей жатса, онда жайылымдар ауыл округінің шегінде беріледі. Бұл мәселе аудан әкімі шешімімен жүзеге асырылады. Сол сияқты жер, аудан көлемінде жетіспей жатса, ол облыстық деңгейде шешіледі. Бұған қолданыстағы заңымыз нақты мүмкіндіктер береді. Яғни, ауданаралық мәселелер облыс әкімдерінің араласуымен, ал облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкіметтің атсалысуымен тарқатылады. Заң жүзінде жайылымдарды пайдалануға беру қысқаша осылай жүзеге асады.
Жоспарда жоғарыда айтып кеткендей, үш деңгейлі жайылымдық жерлерді пайдалану қарастырылған. Біріншісі – ауылдық елді мекендердің аумағы шегінде орналасқан жерлерді пайдалану. Олардың жалпы көлемі қазіргі уақытта шамамен еліміз бойынша 23 млн гектарды құрайды. Бұл жерлер ауыл тұрғындарына тек қана сауын мал басын ұстау бойынша мұқтаждықты қанағаттандыру үшін тегін беріледі. Дегенмен бұл жайылымдарда жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормалары сақталуы қажет, яғни жайылымдарда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі нормативтен аспауы тиіс. Егер де нормадан асса, мал екінші деңгейдегі жайылымға немесе ауылдық округтің жеріне шығарылады. Ал қазіргі кезде дәл осы жерлерде еліміздегі малдың 80 пайызы жайылуда. Бұл жағдай ауыл маңындағы жайылымдардың тозуына себеп болып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Осы теңсіздіктерді шешу үшін, ауылдың маңайындағы жерлер уақ малдардан, жылқылардан босатылып, тек қана сауын малға қалдырылады. Ал егер де ауылдың маңындағы жайылым сауын малдың жайылуына жетпесе, онда Жер кодексінің 84-бабы 4-1-тармағына сәйкес мемлекеттің мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жетпейтін жердің бөлігі толықтырылады.
Екіншісі – ауылдық округтер шегіндегі жерлерді пайдалану. Олардың көлемі шамамен 60 млн гектарға жуық. Оларға ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіпорындарының жерлері жатады. Бұлардың көбінде малы жоқ, бірақ малы бар шаруаларды жоғарыда айтып кеткендей өз жеріне жібермейді, өйткені жерді 49 жылға жалға алған. Заң аясында бұл қарама-қайшылықты шешуге мүмкіндік берілген. Ол үшін, бұл жерлер заң тәртібімен реттеліп жайылымдық жерлері жоқ, бірақ мал басы бар ауыл тұрғындарына беріледі.
Үшіншісі – шалғайдағы жайылымдар. Олар толығымен мемлекет меншігінде. Олардың жалпы ауданы 100 млн гектардан асады. Бұларды шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда оған мал бағуға әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты қарапайым шаруаның күші жетпейді. Сондықтан заңға сәйкес жергілікті ауыл округі және аудан әкімдігі өзін өзі басқару органымен бірлесе отырып, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құрады. Мәселен, бір ауылдағы бірнеше отбасының уақ малын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа малдың түрлерін де осылайша бірлесе белгілі бір жайылымда қайырмалап бағуға болады. Әрине, бұл жерде барлық жұмыстар зооветеринарлық талаптарға сәйкестендіріліп ұйымдастырылып, шалғайдағы жайылымдарды қолдануға мүмкіндік болады. Ол ауылдарда кооперативті ұйымдарды және шағын орта бизнесті жандандыруға жол ашады.
«Жайылымдар туралы» Заңның басты мақсаты ауыл тұрғындарының қолындағы малды (әсіресе қой, ешкі, ұсақ ірі қара, жылқы және т.б.), сауын малдан басқаларын, шалғайдағы шүйгін жерлерге шығарып, қыстақ пен жайлауларда ұстауға бағытталған. Бұл шара жайылымдық жерлерді тиімді пайдалануға, олардың тозу процестерін болғызбауға, нәтижесінде жыл бойы сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, жайылымдарды ұтымды пайдалану үшін заң шеңберінде оларды түбегейлі жақсарту мәселесі қарастырылған. Ол үшін шығымдылығы жоғары көпжылдық шөптердің сорттарын егу арқылы жаңа шалғын өсіру көзделген. Сонымен қатар екпе жайылымдарының көлемін ұлғайтып, шығымдары жоғары шалғын өсіріп, оларға ұтымды агро-техникалық іс-шараларды қолданып, ғылыми негізделген жүйесін дамытуға жол ашады.
Депутаттар заңды қабылдап қана қоймай, оның орындалуын қатаң қадағалауда. Дегенмен, заңды орындау бойынша уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың тарапынан заңның нормаларын орындау формальды сипатқа айналған. Оны депутаттардың өңірлерде сайлаушылармен кездесу нәтижелері, ауыл халқы жергілікті өзін өзі басқару субъектісі ретінде өзінің аталған заңнан туындайтын құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білмейтіндігі көрсетеді. Оның себебі, бүгінге дейін заңнаманың нормаларын іске асыру бойынша тиісті әдістемелік, консультативтік іс-шаралар өткізілмеуіне, халық арасында заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілмегеніне байланысты болып отыр. Бұл уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құлықсыздығын білдіреді деп түсінеміз.
Өкінішке қарай, аталған заң қолданысқа енгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де жайылымның жетіспеушілігі, одан туындайтын түсінбеушіліктер өткір мәселе ретінде қалып отыр. Осы орайда заң мал басының өсуіне, өзіндік құны арзан әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін шығаруды арттыруға, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға, ең бастысы, еліміздің байлығы болып табылатын 187 млн гектар жайылымдық жерлерді ұтымды пайдалануға бағытталғанына қарамастан, оның тиісті деңгейде толық орындалмай отырғандығы алаңдатады. Сондықтан тиісті органдар заңда бекітілген міндеттерін лайықты орындап, өз жауапкершіліктерін арттырса деген тілек бар.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты