Жұма, 28 қыркүйек 2012 6:56
Ресей президенті Владимир Путиннің Қырғыз Республикасына сапары екі жаққа да сәтті болғандай. Біраз келісімге қол қойылды. Соған орай қырғыз ағайындардың қалтасына біраз қаржы түсіп, орыстар өз әскеріне жай тауып, көңілдері жайланды. Екі жақ та риза.
Жұма, 28 қыркүйек 2012 6:56
Ресей президенті Владимир Путиннің Қырғыз Республикасына сапары екі жаққа да сәтті болғандай. Біраз келісімге қол қойылды. Соған орай қырғыз ағайындардың қалтасына біраз қаржы түсіп, орыстар өз әскеріне жай тауып, көңілдері жайланды. Екі жақ та риза.
Тіл табысқан жақсы. Әсіресе, көршіңде тыныштық болғанға не жетсін. Бұған дейін Мәскеу мен Бішкектің арасы бірде тату, бірде қату болып келгені де белгілі. Кешегі Бакиевтің кезінде сол қарым-қатынас айтарлықтай саудаға түсіп, біраз қаржыға уәде жасалып, аяғы құрдымға кеткендей болған. Сонан соң екі елдің арасында араздық да жүрді. Тіпті қырғыздың жаңа президенті Алмазбек Атамбаевтың Мәскеуге сапарын да онша сәтті деуге келе қоймас еді. Енді Ресей басшысының қырғыз еліне сапарының нәтижесі салмақты көрінеді.Сірә, екі жақ та өткеннен шындап қорытынды жасаса керек. Бірі еңкейгенде, екіншісінің шалқаюынан пайда жоқтығын мықтап ұққандай. Бүгінгі келісімдерде екі жақтың мүддесі айқын. Бұрын Бішкек жағы көбіне әскеріңді осында қалдырғың келсе, алдымен мол қаржы төле деп, Мәскеуге біржақты шарт қойғандай болушы еді. Енді сол әскердің Қырғызстандағы тұрақтылық үшін керек екені ескеріліп отыр. Бас көтере бастаған экстремизм, лаңкестік те осындағы орыс әскерлерінің қолы ұзындығын ойламай тұра алмайды.Сөйтіп, орыстардың біріккен әскери базасы бұл елде 15 жылға дейін сақталмақ, қажет болса, одан әрі тағы да бес жыл қосылады. Орыстар бірден 49 жылға келісейік деген екен, қырғыздар арғы жағын өмір көрсетеді депті. Екі ел арасындағы келісімдерге байланысты өткен баспасөз конференциясында В.Путин кезінде Қырғызстанда өздерінің әскери форпостын жасау жөнінде қырғыздардың өтініші болғанын мәлімдеді. Сөйтіп, бұл база екі жаққа да керек екен.Сонымен бірге, Ресей жағы өздерінің стратегиялық мүддесіне қызмет ететін бұл базасы үшін Қырғыз Республикасына қаржылай өтем төлейді. Төлегенде, бұл елдің мойнына салмақ болып тұрған 489 миллион доллар қарызды кешірмек. Алдымен 189 миллионын бірден кешіріп, сонан соң біртіндеп жылма-жыл кешіре бермек. Тағы да бұрын АҚШ-тың әскери базасы болған «Манас» әуежайын азаматтық әуежайға айналдыруға белсене қатыспаққа уәде берді. Бұдан Мәскеу екі есе ұтпақ. АҚШ-ты ығыстырғаны не тұрады!Айрықша әңгіме тудырған жай – Ресейдің Қамбар Ата-1 ГЭС-ін және Жоғарғы Нарын ГЭС-тер каскадын салу жөніндегі жобаға бастамашылық көрсетіп, оны жүзеге асыруға Қазақстан мен Өзбекстанды шақыруы болды. Путин бірге салайық, бірге пайдаланайық, деді. Ол бұл жоба кешегі кеңес заманында жасалғанын және оның тек пайдасы болмаса, ешкімге зияны жоқтығын еске салды.Осы жерде Путин мен Атамбаевтың уәжіне тоқтала кеткен жөн болар. Олар жаңа салынатын ГЭС-тер суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді дейді. Өйткені, Қамбар Ата-1 ГЭС-і қыста толық қуатында жұмыс істеп, электр қуатын мол өндірумен қатар, көп мөлшерде су жіберіп, оны Тоқтағұл қоймасына жинақтап, жазда төмендегі елдерге босата алады. Анық солай жүзеге асар болса, бұл арман идея ғой. Көңілге мықтап-ақ қонады. Енді бұл идея сол Қазақстан мен Өзбекстан басшыларымен бас қосылған кезде неге айтылмайды? Мәселені бірлесіп шешейік деп олар талай рет ұсыныс та жасады емес пе? Тіпті Ислам Каримов кіжініп те сөйледі.Сірә, ел басшыларына ағынан жарылып ұғынысуы, бір-бірін тыңдай білуі жетіспей жатады-ау. Содан да ағайын бірде қату, бірде тату. Ал әркез тату болғанға не жетсін.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».