Қаржы министрі Әлихан Смайылов атап өткендей, құжат Қазақстанды дамытуға, халықтың өмірін жақсартуға арналған маңызды шараларды қаржыландыруға бағытталған.
«Республикалық бюджет түсімдерінің нақтыланған болжамы 821 млрд теңгеге ұлғаюымен 10 трлн 569 млрд теңгені құрайды. Бұл түсімдер кедендік әкімшілендіруді күшейту нәтижесіндегі 200 млрд теңге көлеміндегі қосымша кірістер, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті 250 млрд теңгеге ұлғайту, тікелей инвестициялар қорын құруға Ұлттық қордан 370 млрд теңге сомасында нысаналы трансферт тарту нәтижесінде қамтамасыз етіледі», –қаржы министрі Әлихан Смайылов.
Министрдің айтуынша, 2019 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 1 трлн 168 млрд теңгеге ұлғая отырып, нақтылаудың нәтижесінде 11 трлн 895 млрд теңгені құрайды. Бюджетті нақтылаудың негізгі бағыты «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларды іске асыруға арналыпты. Атқарылуы тиіс іс-шаралар бойынша 444,3 млрд теңге бөлінеді.
« Қаражат атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін ұлғайтуға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға жәрдемақы, сондай-ақ бала күнінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасау жөніндегі жәрдемақылар мөлшерін ұлғайтуға және бюджет саласының ақысы төмен қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бағытталатын болады», – деп нақтылады премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі. Қаржы жағынан қамтамасыз етілуі нақтыланған бюджет жобасында көрініс тапқан іс-шаралардың тағы маңызды блогы – «Жастар жылы». Бұл бағыт бойынша республикалық бюджеттен қосымша 24,6 млрд теңге бөлінетін болады. Одан кейінгі маңызды бағыт – «Қазақстан инвестициялық даму қоры» тікелей инвестициялар қорын құру. «Қор шикізаттық емес секторда шетелдік инвесторлармен бірлесіп инвестициялау негізінде ірі серпінді жобаларды іске асыру үшін құрылады», – деді Әлихан Смайылов.
Бюджетті нақтылау аясында бұрын айтылған бастамаларды іске асыру жалғастырылатын болады. Түркістан облысы мен Астана қаласын дамытудың кешенді жоспарларын іске асыруға қосымша түрде тиісінше 42,3 млрд теңге және 21,8 млрд теңге бағыттау ұсынылады. Өңірлік инфрақұрылымды дамытуға Түркістан облысының нысаналы трансферттерінің жалпы көлемі 60 млрд теңге, Астана қаласына 140 млрд теңгені құрады. «Биыл өңірлерге нысаналы трансферттердің жалпы көлемі 1 трлн 562,7 млрд теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінің 13,1 пайызын, ал субвенцияларды есепке алғанда 26,5 пайызды құрайды», – деді министр.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ