Ranking.kz мамандары мұнай шығару мен жанармай өндірісі динамикасын сараптап, бензин бағасының өсуін және төмендеуін есептеді.
Мамандардың мәліметінше, қаңтарда Қазақстанда мұнай өндірісі де, жанармай шығару да өскен. Мұнай өнімдерінің, әсіресе дизель отынының бағасы өскен.
Қысқы дизель отыны бір жыл ішінде 26,2 пайызға, бір литрі 268 теңгеге дейін қымбаттады. Ал жазғы дизель отынының бағасы 21,9 пайызға, литрі 193 теңгеге дейін өсті. АИ-98 маркалы бензиннің бағасы да бір пайызға, 191 теңгеге дейін өсті. Алайда АИ-95/96 және АИ-92 бағалары керісінше, 2,1 пайызға (174 теңгеге дейін) және 4,6 пайызға (152 теңгеге дейін) қысқарды. Елімізде қаңтар айында өндірілген мұнай көлемі, газ конденсатын қоса алғанда, сегіз миллион тонна болды. Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда өндіріс көлемі 5,4 пайызға немесе 409,2 мың тоннаға өсті. Газ конденсатын өндіру көлемі 5,2 пайызға, 1,1 миллион тоннаға дейін төмендеді. Мұнай өндірудің өсуімен отын өндірісі де артты: бензин - жылына 31,5 пайызға, дизель отыны - 10,6 пайызға артқан.
2019 жыл Қазақстанның отын нарығындағы бағаның төмендеуінен басталды. Бұл елдегі мұнай өңдейтін зауыттарды жаңартудан кейін пайда болған отынның мол қорымен байланысты еді. Бұл үрдіс ақпан айында да жалғасын тауып, АИ-92 маркалы бензиннің ғана емес, дизельді отынның да бағасы түсті.
Қазіргі таңда ең арзан көгілдір отын Royal Petrol бекеттерінде.
Ондағы АИ-92 145 теңгеден сатылып жатыр. Бұл қаңтармен салыстырғанда 4 теңгеге кем. «ҚазМұнайГаз» бен Sinooil бекеттеріне барсаңыз, отынның 1 литрі үшін 149 теңге жұмсайсыз. Соңғысы 20 литрден көп алғандарға жеңілдік жасап, 146 теңгеге береді. Анағұрлым қымбат баға отынды 150 теңгеден сататын «Газпромда», бірақ оның өзі жанармай бағасын 3 теңгеге түсірген.
Дизельдің бағасын ауыстырмаған Helios пен Royal Petrol аталған отынды 191 және 188 теңгеден сатуда. Өзге желілер дизельдің құнын екі теңгеге төмендетіпті. Sinooil мен «ҚазМұнайГаз» енді оны 191 теңгеден сатып жатыр. Ал «Газпром» бекеттерінен 191 теңгеге ала аласыз.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еqemen Qazaqstan»
Алматы