Өскемендегі Наурыз мерекесі биыл өзгеше рәсіммен басталды.
Таңертемен қала әкімі Жақсылық Омар бастаған, оқалы шапан киген ақсақалдар қостаған шағын топ шаһар іргесіндегі Шешек асуы маңындағы бұлақ басына жиналды. Құр жиналған жоқ, бабалардан қалған бағлан дәстүріміз «бұлақ көзін ашу» рәсімін қайта жандандырып, қолдарына күрек алып, тұманың көзін ашты. Бұлақ басына жиылған жұрт ақсақалдың берген батасынан кейін тұма суынан дәм татты. «Бабаларымыз әр көктем сайын Наурыз мерекесінде жабылып қалған бұлақ көздерін ашып, суынан дәм татқан. Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тамаша сөз бар. Осы дәстүрді жыл сайын жалғастырып, жабылып қалған бұлақ көздерін ашып отыру ойымызда бар. Бұлақтың маңын абаттандырып, орындықтар орнатамыз», - дейді бұлақ басына ұлттық киіммен келген қала әкімі Ж.Омар.
Облыс орталығында Наурыз мерекесі жыл сайын тойланғанымен «бұлақ көзін ашу» рәсімі көптен бері өткізілмегенін айтады ақсақалдар. «Өскеменде ғана емес, облыста осындай рәсім жасалды дегенді естімеппін. Бұл – жақсы үрдіс. Игі бастама. Өңіріміздің әр аймағында қолдау табады деп ойлаймын», - дейді Өскемен қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарының Құрметті азаматы Сайлаухан Аухадиев.
Азамат ҚАСЫМ,
Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН