• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
24 Наурыз, 2019

Ақтау халықаралық әуежайында «Адалдық дүкені» ашылды

1154 рет
көрсетілді

Ақтау халықаралық әуежайында Наурыз мерекесіне орай «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының аясында «Адалдық дүкені» ашылды.  Бұл - республика бойынша сатушысыз қызмет ететін әуежайдағы алғашқы дүкен.

Енді әуежайдағы сатушысыз дүкенде кез келген жолаушы арнайы төлем жәшігіне ақшасын қалдырып, қалаған нәрсесін ала алады. Яғни, сатып алушылар дүкенде сатушының жоқтығына қарамастан, адалдық қағидасына орай өздеріне өздері  қызмет етеді.

Мұндай дүкендердің ашылуы қоғам мен азаматтар арасындағы адамгершілік қасиеттерін дамытуға, мейірімді, адал болуға және өзін-өзі дамытуға бағытталған. Сонымен бірге, Ақтау қаласы тек жұмыс бабымен келетін шетелдіктер үшін емес, сондай-ақ, туристер үшін де сүйікті қалаға айналғандықтан, келген қонақтардың жақсы әсермен қайтқаны да маңызды.    

-Бұрын адалдық дүкендері Есенов университеті (Yessenov University) мен Қазақстан теңіз университетінде ашылған болатын. Мұндай дүкендерді ашу ең алдымен, барлық азаматтарда жақсы моральдық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Аталған факторлар сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті көтеруге тікелей әсер ететінін атап өткім келеді. Бұл біртіндеп қоғамда сенімділіктің артуына және кез келген азаматқа өзін адал тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік беру болып табылады, дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Н.Жанназарова.

Айта кету қажет, әуежай терминалының өткізу қабілеттілігі, яғни сыйымдылығы сағатына 450 жолаушыны құрайды. Ақтау әуежайы арқылы келіп-кетушілердің саны ішкі және халықаралық рейстерді қоса алғанда күніне 2 мыңнан астам адамды құрайды.

Қазіргі таңда әуежай Астана және Алматы әуежайларынан кейін, тасымал көлемі  бойынша Қазақстан Республикасында үшінші орында  тұр. Әуежайда  қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар қызмет көрсетеді, олар 8 ішкі  және 16 халықаралық бағыттар бойынша ұшуларды орындайды. Ақтау қаласынан Мәскеу,  Ыстамбул, Баку және Киев  қалалары арқылы әлемнің кез келген нүктеcіне жетуге болады. Сонымен бірге, Ақтау халықаралық әуежайы жер үстінде қызмет көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету стандарттарына және сапа менеджмент стандарттары жүйесіне сәйкес, ISAGO сертификатын алған Қазақстандағы жалғыз әуежай болып табылады және ISO- 9001 сапа менеджменті жүйесінің сертификатын иеленген.

Осыған дейін әуежай «ТМД  елдер  арасында  ең үздік әуежай»  байқауында   «ТМД елдер арасында қарқынды дамушы әуежай» номинациясында жеңімпаз болды. Сондай-ақ, 2018 жылдың қыркүйек айында «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ жалпы сомасы 28,72 млрд теңгені құрайтын әуежай құрылысы мен пайдалану жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша келісімге қол қойылған болатын.  

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы