• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2019

ЕҰУ – Біріккен Араб Әмірліктері университеті: стратегиялық әріптестік сипаты

1370 рет
көрсетілді

2019 жылы 26 наурызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов Әл-Айн қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Білім министрі Хуссейн Ибрагим Әл Хаммадимен және Біріккен Араб Әмірліктері университетінің Канцлері Саид Ахмед Гобашпен кездесіп, әріптестіктің жаңа қырларына қол жеткізді.

Кездесуде Ерлан Сыдықов Біріккен Араб Әмірліктерінің университеттерімен шарттық қарым-қатынастардың маңыздылығын атай келе, елдегі жоғары білім беру жүйесін жетілдіру мен білікті кадрларды даярлаудың жай-күйіне баса назар аударды.

- Қазіргі заман талабы – еліміздегі жастардың білімі мен біліктілігін арттыру. Ал оның бірден-бір жолы білікті, кәсіби маман даярлау. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі заманғы технологиялар мен  жоғары инновациялық әлеуетке ие әріптестерімізде білім алудың мүмкіндігі зор. Біріккен Араб Әмірліктерінің Білім министрі Хуссейн Ибрагим әл-Хаммади, Біріккен Араб Әмірліктері университетінің Канцлері Саид Ахмед Гобашпен өткен сенімді диалог көп жоспарлы бірлескен міндеттермен нығайтылды, -деді Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы.

Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Меңілбеков қатысқан салтанатты шарадағы жемісті диалог қорытындысы бойынша Тараптар бұрын қолданылып келген меморандумға Қосымша келісім жасады. Қол қойылған келісімде бакалавриат, магистратура және докторантура бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу көзделген.

Сонымен қатар екі жақты кездесу барысында академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарының ынтымақтастығын дамыту бағыттары да бар.

Мәселен, Еуразия ұлттық университеті Біріккен Араб Әмірліктері  университетімен 2015 жылдан бері ынтымақтастық байланыста. Дейтұрғанмен, осы сапар барысында ынтымақтастық аясы кеңіп, ққазақстандық университеттер үш деңгейлі оқыту жүйесі: бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеумен қатар, жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар мен мамандарды даярлау, бірлескен ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізетін болды.

Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Біліктілікті жетілдіру және қосымша білім беру институты Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері шетел азаматтары үшін орыс тілін оқыту бойынша білім беру қызметтерін көрсетеді. Бүгінгі таңда БАӘ-нің 13 азаматы осы орталықта білім алып жатыр.

Кездесу қорытындысында сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы  Ерлан Сыдықов әріптестеріне жылы лебізін білдіре келіп, Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің өкілдері үшін алғаш рет осындай жоғары деңгейде өткен айтулы кездесу мемлекеттер арасындағы білім беру қызметі саласындағы жемісті диалог алаңына айналатынын және білім беру мен ғылыми ынтымақтастық саласындағы қатынастарды нығайтуға жасалған тағы бір қадам екенін атап өтті.