• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Руханият 01 Сәуір, 2019

Сөз сойыл №79

9859 рет
көрсетілді

...деген екен

ҰШАҚТАҒЫ ҚҰШАҚ

 1995 жылы «Манас» эпосының мың жылдығында бiраз мемлекеттiк делегациялар Бiшкектен Таласқа арнайы “ЯК 40” ұшағымен шығады. Мол денелi Әбiш Кекiлбаев қатар отырған Баянғалиға:

 – Қолымды былай... сенiң орындығыңның арқасына салып отырсам бола ма? Әйтпесе, мына орындық тарлау екен! – дептi.

 Сонда Баянғали: – Жұрт сiздiң қолтығыңызға қалай кiрерiн бiлмей жүргенде, өзiңiз ағалық құшағыңызды жайып жатсаңыз, одан қашып мен жынды болыппын ба!? – деген екен.

ТҮРМЕ МЕН ТЕРМЕ

 Шымкенттiк кәсiпкер азамат, қаладағы орталық базардың бастығы, бұл заманда терме жазып жүрген бiрден-бiр ақын Шалқар Әбiшұлы облыс әкiмшiлiгiмен бiрлесiп бiрнеше жылдан берi Шымкентте республикалық “Шалқар термесi” байқауын өткiзiп келедi. Өз қаржысын халықтық өнердi өркендетуден аямаған мәрт ағасына риза болған Баянғали:

 – Шәке, бiреулер базардан түрмеге кетушi едi, сiз термеге келiп дұрыс қылған екенсiз! – деген екен.

ВИСКИ, АРАҚ...

 Бiшкекте «Ақтаңдай–93» айтысында қырғыз ақынымен айтысып отырып Баянғали сөздiң бiр ретi келгенде:

 «Қазақ пенен қырғызды,

Жеңе алмаған жаулары

Мылтық, қару-жарақпен.

Түбiмiзге жетпесiн

Жүң-жүң , виски, арақпен!» – деген екен.

ҰРЛАУ МЕН ЖЫРЛАУ

 Бiр жолы бастықтардың бiрi Баянғалиға: «Осы сен бiр жерге барасың да бiр-екi ауыз өлең айтып, ат мiнiп, дүние алып келесiң. Елден алып жатсың, алып жатсың...» – дептi . «Иә, аға, екеумiз де халықтан аламыз. Бiрақ мен жырлап аламын, сiз ұрлап аласыз!» – дептi сонда ақын.

БАЛАЛАРМЕН ӘЗIЛ

 Әкесi Тақан ақсақал қайтыс болғаннан кейiн Баянғали қыздары Құралай, Ақмарал мен Ақкенжеге: «Ендi сендер менi еркелетiңдер! Менiң әкем жоқ, сендердiң әкелерiң бар!» – деген екен.

БАТЫРДЫҢ ЖҮЛДЕСI

 Махамбеттiң құрметiне Атырауда өткен айтыста бас жүлдеге тiгiлген желмаяны әйел ақынға берiптi қазылар. «Батырдың жүлдесiн қатынға бергендерi несi?» – деп жiгiттер ренжiсе керек. Сонда Баянғали:

«Ақылды жеңер кейде сезiм дуда,

Айтылмай қалды-ау талай сөзiм тура,

Аруағы Махамбеттiң қолдай жүрсiн,

Түйеңдi неғыламын, өзiм бура!» – деген екен.

КЕНЕСАРЫ МЕН ТЕНТЕК САРЫ

 Шұбыртпалы Ағыбай батырдың 190 жылдығында Баянғали жезқазғандық ақын Қуаныш Мақсұтовпен айтысады. Ел iшiнде “Тентек сары” атанған Қуаныш өзiнiң “Тентек сары” екенiн тағы да еске салып өтедi. Сонда Баянғали:

«Қалай деп мақтанады мына сары,

Өзiне бұлай деген жарасады,

Бiр кезде сары болу моды болған,

Ұмтылған сарылыққа жұрттың бәрi,

Мақтанып керегi не сарымын деп,

Дариға-ай, болмаған соң Кенесары!» – деген екен.

НҰХ ПАЙҒАМБАР ҚАЗАҚ ЕМЕС

 Баянғалидың кiшкентай немересi Ғабдолла:

 – Ата, Нұх пайғамбар қазақ па? – деп сұрапты. Сонда атасы:

 – Кемедегi қой мен жылқыны жеп қоймай, аман алып шыққанына қарағанда қазақ емес-ау! – деген екен.

ҮШ ШЕК ПЕН ЕКI ШЕК

 Қырғыз азаматы Саипжан Мырзахметов:

 – Қазақтың домбырасының шегi екеу-ақ қой, бiздiң қомыздың шегi үшеу! – дептi. Сонда Баянғали:

 – Бiр шек – ол сендерге берiлген фора ғой! Қырғыздардың үш шекпен тартатынын бiздiң қазақ екi шекпен де тарта бередi! – деген екен.

Көрген БІЛГЕНОВ

АСТАНА

Бір ақын

Кездесуде жұртпенен,

Өтетұғын жер-жерде –

Жар салып жүр бір ақын,

«Танылдым» деп «әлемге».

Кешегі бір жиында,

Мақтанды кеп мақтанды:

«Абайдан да оздым» – деп,

Жарылуға шақ қалды.

Өз елінде көп адам,

Танымайды бірақ та.

Күмәнділеу болып тұр,

Танылғаны жырақта.

 

ҚЫЗЫҚ

Теледидардан бір-екі көрінген Тәкең,

«Танымал болдым көпке» – деп,

Көңілі толып-тасып жүр.

Ал тележұлдызға айналған Сәкең,

«Мазамды алар текке» – деп,

Көпшіліктен қашып жүр...

 ҚАЙДАН БІЛДІҢ?

– Тарақанның құлағы қаяғында?

– Аяғында.

– Қайдан білдің?

– Аяғын жұлып алып айғайлап ек,

Тым-тырақай қашпады,

Оны сынап көргенбіз баяғыда.

Абатбай КІРҚАБАҚОВ

АЛМАТЫ

Тікенек сөз

Төбеге жеткен кезде барып ол жер біреудің едені екенін түсінесің.

***

–                Інішек, мен сенің әңгімелеріңді оқып шықтым. Сюжет құрауың керемет, фантазияңда керемет. Біз саған тарих оқулығына автор болуыңа сенім білдіреміз.

***

Тегін дәрігерді ауру екеніңе сендіре алмайсың, ал төлеп қаралайтын дәрігерге сап-сау екеніңді дәлелдей алмайсың.

***

Тоңазытқышта азық-түлік азайып, онда дәрі-дәрмек толып тұрса – бұл кәріліктің келіп жеткені.

***

Кедейлердің ортасында бай болғанша, кілең байлардың ортасында кедей болған абзал.

Жауап

Үйленіп азамат қатарына қосыла бастаған шағымда – табиғаттың жаратылысы ма, әлде жүре пайда болатын таланттың құдіреті ме, әйтеуір бір дүлей күш тыным бермей тыпыршытқаны бар. “Қой, бұл жүрісім бола қоймас. Көзін ашпақ “бұла бұлақты” бітеп тастап, обал жасармын. Ерік берейін, айдауына көнейін, мүмкін, ел зәру шипалы сусын “менде жатқан болар тұншығып”, – деген пиғылмен, тұқымда жоқ кәсіптің тұтқасына жармасып, бірер айда бірнеше әңгіме-сымақ жазып тастаған болдым. Жазғандарымды жай жатқызбай, тиесілі деген жеріне жөнелтіп те жібердім.

Оныма алғаш жауап алғандағы қуанышымды көрсең! Балаша балбыраған сиқыма қарап, үйдегі кісі әңгімелерім баспа жүзінде жарияланған екен деп қалыпты.

Әрі нұсқа, әрі қысқа, салмақты да салиқалы жазылған жауапты күніне пәлен мәрте қайталап, онда көрсетілген кемшілікті келесі жазар дүниемде қайталамауға серт беріп, серттесіп жүргенімде:

“Құрметті Тәлек! Сіздің бізге жіберген материалыңызды алдық. Талабыңыз қуантады. Көркем шығармаға ең қажеттісі – тіл. Айтар ойдың айқын болып, оқушы қауым көкейінен шыға білгені абзал. Әлі де шеберлігіңізді шыңдай түсіңіз. Сәлеммен, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ж. Шартбаев”, – деп жазылған екінші хат та келіп жетті.

Қанша салыстырсам да екі хаттан еш өзгеріс болмай, ең аяғы мәні бір болғанмен, берілу сәні бөлек сөз кездестіре алмағаным қызық болды. Екі әңгімем бір мезгілде, бір деммен жазылғандықтан – бойында кеткен кемшілігі де бірдей болып, соның кесірінен сұрауына орай, жауабы да егіздің сыңары бола қалған ғой деп, көңілге кірбің жуытпағанымыз бар.

Хатта көрсетілген кемшілікті бойтұмардай бойда ұстап, тағы да бірнеше “бірнәрселер” жазып, сиясын кептірген бойда үйреншікті жерге жөнелтейін.

Көп кешікпеді, тағы да жауап алдым. Сол баяғы жауап... ойпыр-ай-ей, құрығанда сөз өзгеріп, сөйлем ауысып та кетпейді екен. Тек хаттың жазылған күні, айы, жылы өзгеше болғанына шүкіршілік еттім.

Не керек, әр жазған дүниеме із суытпай сол баяғы басында келген мазмұн-мәннен бір өзгермей хат келе берген соң, шаршап барып, жазуды тоқтаттым...

* * *

Қарап жатпадық, қалай болар екен деген бір құйтырқы ойдың жетегімен «қылмысқа» барып, әлгі сабазға – кезінде одақтық жүлдені жеңіп алған аға жазушымыздың бір әңгімесін өз қолтаңбаммен көшіріп алып, жібере қойдым. Оған да:

“Құрметті Тәлек! Сіздің бізге жіберген материалыңызды алдық. Талабыңыз қуантады. Көркем шығармаға ең қажеттісі – тіл. Айтар ойдың айқын болып, оқушы қауым көкейінен шыға білгені абзал. Әлі де шеберлігіңізді шыңдай түсіңіз. Сәлеммен, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ж. Шартбаев”, – деген жауап алған соң біз де “Құрметті Ж. Шартбаев” деп бастап, өтініш хат жазғанымыз бар.

“Құрметті Ж. Шартбаев! Сізге өкпем қара қазандай. “Тіреп тұрғаның болса, тастап жібер”, – деуіңіз әбден мүмкін, бірақ ондай іске бара қояр көзсізіңіз біз емес. Үмітім зор, талабым таудай еді, қайтейін, бәрі де құрдымға құйылып, суша сіңіп жоқ болды емес пе. Мүмкін, дер шағымда, алдыңғы әңгімемнен бастап шын ниетіңізбен ағалық ақылыңызды айтқанда, бәлкім, ендігі жазуға төселіп, бұрқыратпас па едім мен де ел құсап... Не сол мезет: “Сіздің мынауыңыздан болашақ бұрауыңызды байқап тұрмын. Әдебиет – ардың ісі, осыңыз алғашқыңыз да, соңғыңыз да болсын, айтар ақылым осы”, – десең, бөтегең түсер ме еді.

Хатымды о баста сыпайы сізден бастап едім, енді міне, тілім де тиіп, тықыршып отырмын. Адам жанына батқан соң айтады екен...

Анау сіздің инкубатордың балапанындай көшірме хаттарыңыз менде сақтаулы, алда-жалда керек боп жатса айтыңыз, салып жіберемін, өзі бар болғаны он шақты ғана...

Қазіргі белгілі қаламгеріміздің бәйгеде жүлде алған әңгімесін өз атымнан өзіңізге жолдаған әбес қылығыма кешірім өтінемін. Бар шығармаңа бір-бірінен айнымайтын жауап келіп жатса, әй, сіз де сөйтер едіңіз-ау! Бұл жағдайды елге айтып, дүрліктірмей-ақ екеуара қалдыра қоялық...

Әлі де болса жазғандарымды жолдасам деген үміттемін. Сондықтан да сөз соңында өзіңізге айтар өтінішім – соған адал көңілмен, шын ниетіңізбен пікір білдіріп, ақыл айтсаңыз.

Сәлеммен, алыс ауылдағы көп авторларыңыздың бірі – Тәлек”.

Көп кешікпей-ақ бұл хатыма да жауап алдым:

“Құрметті Тәлек! Сіздің бізге жіберген материалыңызды алдық. Талабыңыз қуантады. Көркем шығармаға ең қажеттісі – тіл. Айтар ойдың айқын болып, оқушы қауым көкейінен шыға білгені абзал. Әлі де шеберлігіңізді шыңдай түсіңіз. Сәлеммен, әдебиет бөлімінің меңгерушісі – Ж. Шартбаев”.

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

Еларалық езу тартар

Құдай егер Американы жазалағысы келсе, оған сұрапыл дауыл жібереді. Ал әлемнің басқа елдеріне ашуланса, оларға... америкалықтарды аттандырады.

* * *

Базарда бір әзірбайжан жолдастарына:

– Кел бәстесейік, мен күні бойы жоқ болып кетемін де, сендер мені таба алмайсыңдар, – дейді.

Еріккен достары онымен екі шиша коньякқа бәстеседі. Содан жолдастары оны ал кеп іздесін... Анау таптырмай, кешқұрым келгенінде:

– Оу, сені бүткіл базардан, барады-ау деген жеріңнен ит қосып іздеп таба алмадық. Сен жеңдің, ал айтшы-ей, қайда болдың? – деп таңырқағанда:

– Кітапханада болдым! – деген екен.

***

– Сығандармен шахмат ойнауға болмайды екен!

– Неге?

– Атты ұрлап кете береді!

***

Куба елінде бір жігіт барға кіріп бір бойжеткеннің әрі жылап, әрі билеп тұрғанына таңырқап себебін сұраған ғой.

– Неғып жылап тұрсың?

– Шешем қатты ауырып жатыр.

– Онда неғып билеп тұрсың?

– Музыка ғажап екен...

***************