• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 09:05

Ортақ жауапкершіліктің көрінісі

10 рет
көрсетілді

Талдықорғанда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесті. Сапар аясында өткен іс-шараларға «Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбы арқау болды. Жергілікті шаруалар, өндіріс қызметкерлері, белсенді жастар, мәслихат депутаттары және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен болған кездесулерде жаңа Конституция жобасының маңызды нормалары кеңінен талқыланды.

Сенат төрағасы мәслихат депутаттарымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірдегі өкілдерімен жүздесуде 15 наурыз күні референдумда ел бола­шағына қатысты маңызды шешім қабылданатынын атап өтті. Ол конституциялық реформа елдің орнықты дамуы, демократиялық қағидаттарды нығайту және сая­си жүйені кешенді жаңғырту жо­лындағы стратегиялық әрі тарихи қадам екеніне баса мән берді. Сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістер Мемлекет басшысы бас­тамашы болған жаңғыртулардың дәйекті жалғасы екені айтылды. Палата спикері бұл іргелі реформалар заманауи әрі тиімді мемле­кет­тік басқару үлгісін қалыптасты­ру­ға және билік институттарын жүйелі түрде трансформациялауға арналғанына да тоқталып өтті.

«Жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді ауқымды әрі жүйелі жаңғырту бағдарын іске асыру жолындағы тарихи кезең. Еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдерді азаматтардың таңдауына сүйене отырып қабылдау демократия қағи­даттарына адалдықтың айқын көрі­нісі екені анық. Консти­туция­лық реформаның басым мін­деті – Тәуелсіздікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арт­тыру. Осыған байланысты жаңа Конс­титуция жобасында заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті күшейтуге, азаматтардың құқық­тары мен мүдделерін қорғау­ға, сондай-ақ елдің орнықты да­муына басымдық берілген», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төраға­сы жаһандық сын-қатерлер мен ха­лық­аралық тұрақсыздық белең алған қазіргі кезеңде мемле­кеттің құқықтық негіздерін жаңғыр­тудың маңызы арта түскеніне назар аударды. Мұндай қадам Қазақстанның әлемдік үрдістерге бейімделуіне және құқықтық жүйесін жүйелі түрде нығайтуына мүмкіндік береді.

Конституция жобасында елдің одан әрі дамуының негізгі бағдарлары да нақты айқындалған. Атап айтқанда, адам капиталын дамыту, мемлекеттілікті, Тәуел­сіздік пен егемендікті нығайту, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам­дық келісімді сақтау басты басым­дық ретінде белгіленіп отыр.

«Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі оның адамға бағдар­лануы екенін айрықша атап өткен жөн. Азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне назар аудару мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр. Ата Заң жобасында адам құқықтары декларативті ереже емес, маңызды қағидаттар және нақты міндеттер ретінде қарастырылған. Бұл – сапалы білімге қолжетімділік, тиімді ден­сау­лық сақтау жүйесі, әлеумет­тік қорғау және әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік беру секілді бағыттарды қамтиды. Осы қағидаттарды жүзеге асыру барлық институттың – Құрыл­тайдың, Үкіметтің, әкімдіктер мен мәслихаттардың, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерінің бір­лескен күш-жігерін талап етеді. Мұндай қадамдар – ел игі­лігі жолын­дағы ортақ жауапкер­ші­лік­тің жарқын көрінісі екені анық», деді палата төрағасы.

М.Әшімбаев Жетісу жастарымен кездесуде жас буынның реформаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталып, олардың белсенділігі мен конституциялық үдеріс­терге қаты­суының маңызына назар аудар­ды. Қолға алынған рефор­ма­лар­дың нәтижелі іске асырылуы жас мамандардың кәсіби білік­ті­лігімен тығыз байла­нысты. Осы орай­да аналитик­тердің жаңа буы­нын даярлау мақсатымен қолға алынған Сенат жанындағы Сарап­шылар клубы мен Талдау мек­тебі жастар тарапынан үлкен қызы­ғу­шы­лыққа ие екенін де айта кеткен абзал.

Өңірге сапар аясында Сенат төрағасы өндіріс орындарының жұмысшыларымен және аграр­лық сала өкілдерімен де кездес­ті. «Хильниченко и К» шаруа қожалығында инклюзия, этнос­аралық келісім және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері сөз болды. М.Әшімбаев өңірлердегі жасам­паз бастамалар Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асыруға, әлеуметтік әділдік пен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететінін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашы­лығын қарқынды дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Елдің әл-ауқаты осы саладағы табыспен тығыз байланысты. Бұл бағыттағы ілгерілеу ауылдардың, өңірлердің, жалпы, тұтас елдің дамуына серпін береді. Бүгінде осы және басқа да салаларда жүйелі жаңғыртулар жүргізілуде. Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және бүгінгі әрі келер ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Жетісу облысы – еліміздің маңыз­ды ауылшаруашылық, индуст­­рия­лық, ғылыми және экономи­ка­лық орталықтарының бірі. Бүгін­де өңірдегі кәсіпорындар осы игі дәстүрді жалғастырып, өсім мен инновацияның нақты драйверіне айналып отыр», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Парламент депутаттары «Асар» спорттық-оңалту кешенінің инфрақұрылымымен және «ASMA Industrial ltd» өнеркәсіптік аккумуляторлар зауытының қызметімен танысты. 

Соңғы жаңалықтар