• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Сәуір, 2019

Е.Қошанов: Су тасқыны жағдайы әлі де күрделі

737 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды қимылды қажет етіп отыр. Әсіресе, Бұқар жырау, Шет, Жаңаарқа, Нұра, Абай, Ақтоғай және Осакаров аудандарындағы қалыптасқан жағдайды қауіпсіз деп айтуға әлі ертерек.

Бұқар жырау ауданындағы Садовое елді мекеніне төтенше жағдайлар департаменті мен Ұлттық ұланға қарасты №52859 әскери бөлімнің күштері жұмылдырылған. Қазіргі уақытта Самарқан су қоймасына жақын бұл жерде 131 адам, 31 техника бірлігі шоғырланып, жұмыс істеуде. Су кетеді-ау деген тұстарға құм толтырылған 5 мың қап қаланып, қорғаныс шебі түзілген. Әзірге елді мекенде су алған үй жоқ.

Республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы жолдардың кейбір ойпаң тұстарынан су жүріп жатыр. Бұл жерлерде полиция қызметкерлері, жол қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кезекшілік ұйымдастырған. Су ағып жатқан жерлерге ескерту белгілері қойылып, жол табанын шайдырмаудың амалдары қарастырылып жатыр.

Кеше Жаңаарқа ауданында жоғалып кеткен ер адамның мәйіті даладан табылды. Қазіргі уақытта марқұмның өліміне тасқын судың себепші болған, болмағаны тексеріліп жатыр.

Облыстағы су қоймаларындағы суды ағызу жұмыстары жалғасуда. Жергілікті ТЖ департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, әзірге су тасқыны жағдайы тұрақты және ол тиісті органдар тарапынан ұдайы бақылауға алынған.

Бүгін аппараттық жиын барысында облыс әкімі Е.Қошанов жағдайдың әлі де күрделі екенін айтты. «Ең бірінші кезекте тұрғындарға көмектесу керек. Егер қандай да бір шығындар болса, есебін шығарып, қалпына келтірген жөн», деді ол.

 Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды облысы