• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Үкімет 02 Сәуір, 2019

С.Омаров: 431 ветстанция мен ветпункт үй-жайларына күрделі жөндеу жүргізу қажет

527 рет
көрсетілді

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ветстанция мен ветпункт үй-жайларына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты.

«Биыл Республикалық ветеринариялық зертхана шекара маңындағы және экспортқа бағдарланған аудандарда 4 зертхананы аккредиттеуді, 28 аудандық зертхананы материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыруды, диагностика мен тамақ қауіпсіздігі бойынша көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр» деді С.Омаров.

Оның айтуынша, ветеринариялық қызметтерді орналастыру бойынша шешімін таппаған мынадай мәселелері бар. Мысалы, 2013-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған 2 534 ветстанция мен ветпункттің тек 33%-ы (834) ғана өз үй-жайларында орналасқан, 63%-ы (1 585) әкімдіктерде немесе басқа да ұйымдармен бірге орналасқан, ветпунктердің 4%-ында (115) үй-жай жоқ. 

«431 ветстанция мен ветпункт үй-жайларына күрделі жөндеу жүргізу қажет, 13 374 лауазымдық бірліктің 537-сі (4%) бос орын, 3 764 техникадан 130 техника (3%-ы) пайдаланылмайды» деді  ол.

Сондай-ақ ол фитосанитариялық және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар туралы сөз етті.  

«Фитосанитария (карантин) саласындағы іс-шараларды қаржыландыруға 34,6 млрд теңге көзделген. Бұл өткен жылғы деңгейден 7,2 млрд теңгеге артық. 2019 жылы аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы іс-шаралар жүргізуге өткен жылы 3,6 млрд теңге бөлінсе, биыл 4,9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынып қойды» деді Сапархан Омаров.

Бұдан соң, ол сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізілетінін айтты. 

Еске сала кетейік, еліміздің фитосанитариялық қызметі 2018 жылы аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілер (карталар) бойынша ел аумағын өңірлендіру жұмысын жүргізді.