• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2019

Кремль сарайында өнер көрсетеді

498 рет
көрсетілді

Құдайдың сәтін салуын қарашы...

Бозжайнақ дүниенің бойына нәр жүгірт­кен, Наурыз мерекесі күндері дауысы көкте дамылдаған Димашымыз Мәскеудің Кремль сарайында ән салып алқалаған әлеуметтің айызын бір қандырып қайтқан еді. Енді міне, сол сахнада «Астана Опера» театрының балет труппасы билемек. Олар алдағы сәуір айында өтетін «Вацлав Нижинский. Орыс балетінің кемеңгері» атты ғаламат гала-концертке қатысуға шақырту алды. Айтулы өнерлерінің арқасында талай жерді аралаған астаналықтар онда жаһандық хореография жауһарларының бірі – әйгілі композитор Н.Римский-Кор­саковтың музыкасына майталман хореограф М.Фокин қойған «Шехеразада» бале­тін апа­рады. Тасы өрге домалаған шығар­ма­шыл топтың жетекшісі, Ресей халық әр­тісі Ал­тынай Асылмұратованың айтуына қара­ғанда, бұл сапардың жөні бұрынғылардан бөлектеу көрінеді. Еуропа қалаларындағы гастрольдерін табысты аяқтаған талантты ұжым осы жолы да көрермен көңілін көн­ші­терлік деңгейде өнер көрсетуді көздеп отыр.

Әрине, мәйекті мәдени шараның мән-маңызын арттырар шырайлы шығар­малардың аз болмасы анық. Дәстүрлі би думанын ұйым­дастырушы Ресейдің халық әртісі Ан­дрис Лиепа іріктеген іліпаларлық қойылымдар қатарында «Ұйқыдағы ару», «Жизель», «Қа­сиетті көктем», «Петрушка», «Талисман» секіл­ді балеттер бар. Дегенмен де керемет кештің сәнін біздің өнерпаздар кіргізетініне сенгіміз келеді. Өйткені бас-аяғы екі бөлім­нен тұратын бағдарламаның тең жартысы қазақстандықтардың үлесіне тигелі тұр.

Талайды тамсандырар тамаша гала-концертке «Ковент-Гарден» Корольдік театрының премьері Вадим Мунтагиров, Санкт-Петербургтегі Мария театрының саңлағы Юлия Махалина, Ресейдің Үлкен театрының примасы Эленора Севенард секілді балет жұлдыздары қатысады. Бақ та, бап та сыналатын бәсекеде Бақтияр Адамжан, Анастасия Заклинская, Жәнібек Иманқұлов, Ильдар Шакирзянов және басқа елордалық жас дарындар жарқырап көрінеріне шек келтірмейміз.

Талғат БАТЫРХАН,

«Egemen Qazaqstan»