Бір күні бұған аудандық партия комитетінен телефон шалып, аудан басшысының өзімен сөйлескісі келетінін, сондықтан аупарткомға келіп кетуі керек екендігін айтты. Келді. Сөйтсе, басшылық Қақаңды аудандық газет редакторының орынбасары лауазымына лайық деп тауыпты. Осындай ойлары бар екенін жеткізгенде жазуға қашаннан икемі бар, қолы қалт еткенде түрлі тақырыптарға қалам тартып та жүрген Қақаң онша қарсы бола қойған жоқ, тек пәтер мәселесі қалай шешіледі екен деген ғана сауал қойды. Басшылар болса ол жағынан қам жемеуін, пәтердің болатынын айтты. Бұл 1978 жылдың жазы болатын.
Осы орайда бір жайтқа ерекше тоқтала кеткен жөн. Кешегі кеңестік дәуірде Қостанай облысында қазақ тілінде жарық көретін бір де бір аудандық газет болған жоқ. Жалғыз Семиозер ауданында ғана «Жеңіс туы», «Знамя победы» деп аталатын газет екі тілде шығып тұрды. Қақаңа, яғни Қанапия Мырзағожинге осы газет редакторының орынбасары болу міндеті жүктелген болатын. Жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, газет екі тілде басылатын болғандықтан оған материалдарды да екі тілде дайындау қажет. Кейде ана тіліміздегі кейбір күрделі сөздердің өзін жазуда қателікке жол беріп жататынымызды ескерсек, екі тілде материал дайындау оңай шаруа емес. Оның үстіне Семиозер халқының саны 70 мыңға жуықтайтын облыстағы ең ірі аудан болып табылады. Оңтүстік өңірлер үшін бұл ауыз толтырып айтуға тұрарлық та болмауы мүмкін, ал аудандардағы тұрғындар саны 30-40 мыңның о жақ, бұ жағында ғана болатын солтүстік облыстар үшін бұл үлкен көрсеткіш. Осындай халқы бар ауданда газет тиражының да қомақты болатыны өзінен өзі түсінікті. Ол уақыттарда жұмыс өте қызу жүретін. Айталық, қыстың аяғындағы мал төлдетуден кейін, көктем шыға тұқым себу науқаны басталса, ол аяқталысымен жұрт шөп шабу жұмыстарына кіріседі. Қой қырқу сияқты жұмыстар өз алдына бір бөлек. Шөп шабылып, қора басына маяланып болған соң мал қыстату науқаны қарқын алады. Міне, осы жұмыстардың бәрі аудандық газетте уақытында көрініс табуы тиіс. Ол уақыттың талабы сондай. Оқырманға қажет пе, қажет емес пе, сен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды газет бетінде үнемі көрсетіп отыруың керек. Әрине, ауылда туып-өскен Қақаң үшін ауданда жүріп жататын жұмыстарды жазу онша қиынға түскен жоқ. Соның арқасында аз уақыттың ішінде үлкен беделге ие болды, газет жұмысы да жандана түсті. Бағына қарай сол кездегі газет редакторы Салық Молдахметов Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген өте тәжірибелі басшы болатын. Жаңа қызметке төселіп кетуінде ол кісінің де үлесі аз болған жоқ.
Қ.Мырзақожиннің өзі жиырма жылға уақыт қызмет істеген газеттен кетуі де қызық. 90-жылдардың басында 60 жасқа толғанын атап өтпек болып аудан басшыларын, жора-жолдастарын шақырып той жасайды. Тойда әрине, газеттің сол кездегі редакторы да болады. Аудан басшысынан кейін сөзді қонақтардың жастарына қарап беріп отырғандықтан, редакторға сөз кезегі кешірек тиіп қалса керек. Осыны кек тұтқан редактор маған аудан басшысынан кейін сөз беруің керек еді деп ренішін де айтып салады. Не керек, той үстінде Қақаңды мақтап сөйлеген басшысы, ертеңіне зейнет жасына жетуіңізге байланысты сізді қызметтен босату туралы шешім қабылдадым деп қарап тұр дейді. Мінезі бірбеткей Қақаң да үлкен басын кішірейтпей, «жарайды, сенің қалағаның-ақ болсын» деп шығып жүре беріпті. Бірақ көп ұзамай облыстық газетке басшы болып кеткен бұрынғы редакторы ауыс-түйістен соң қайтып келіп, Қақаңды қызметке қайта шақырады...
Қазақстанның құрметті журналисі, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы атанған Қанапия Мырзағожин бүгінде құдай қосқан қосағы, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Күләш Кәрімқызымен бірге Қанат есімді баласының қолында Астана қаласында тұрады. Қақаң Egemen Qazaqstannyń ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманы ғана емес, сонымен бірге тұрақты авторларының да бірі. Ол кісінің адамгершілік, өнегелілік тақырыптарын қозғаған мақалалары газет бетінде үнемі жарияланып тұрады. «Көзбен көргенім, көңілге түйгенім» және «Кісілік келбеті» деп аталатын екі кітабын шығарған Қақаң өнегелі әке. Дәулеті де, Қайраты да, Жұпары да, Қанаты да жоғары оқу орындарын бітірген. Бәрі де өз мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүр. Мағыналы өмір сүріп, абырой биігінен көрінген деп қазақ сірә, осындай кісілерді айтса керек.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»