Сондай-ақ аталған ведомство өкілі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылған нақты шараларға тоқталды. Айталық, жазықтық өзендерде мұз өткелінің өтуін қамтамасыз ету және мұз кептелісінің алдын алу мақсатында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 26 мұз жару жұмысы жүргізілген. Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 215 мың шаршы метр мұзды кесу жұмыстары аяқталды.
Ю.Ильин атап өткендей, «Қазгидромет» беретін апта сайынғы метеорологиялық болжамға сәйкес 1-5 сәуір аралығында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында (14-20 мм дейін) жауын-шашын болуы мүмкін, ол жағдайды қиындатуы ықтимал.
Шара барысында министрдің орынбасары Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Кенесары бөгетіндегі жақында орын алған жағдайға да тоқталды. 30 наурызда сағат 19.00-де қалың қардың еруі салдарынан су көтеріліп, ағын су бөгетті бұзып кеткен. Ю.Ильиннің айтуынша, бөгеттен тасып аққан су Хан өзеніне барып құйылған. Сондықтан Иванов су қоймасы жарылып кетуден аман тұр. Иванов су қоймасының маңында Иваново елді мекені бар. Көкшетау қаласы мен Ивановоны су басу қаупі жоқ.
Аталған ведомство өкілінің ақпаратына сүйенсек, 25-31 наурыз аралығында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және елорданың айналасындағы елді мекендерден 440 мың текше метр қар суы сорылды, өзен деңгейінің көтерілуі салдарынан ауылдарды су басу фактілері тіркелмеген.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»