Қалада ғана емес, далада да селдің қаупі сейілген жоқ. Қайта қар жаңа еріп, қатерді молайта түсуде. Сәуір туысымен Есіл, Мойылды, Жабай, Сілеті, Шағалалы, Қалқұтан өзендері мен астана су қоймасындағы су деңгейі көтеріле бастады. Жылға-жылғамен қуалай аққан су қарамы мол. Үстіміздегі жылы қар қалың түсті. Ылғал қорының көлемі нормадан 70 процентке дейін көп. Су сіңе қояды дейтіндей жердің үстіңгі қабаты да жібіген жоқ. Қауіп төнген соң Қазақстан Республикасы су ресурстары жөніндегі комитет су қоймаларынан артық суды ағызуды ұсынып отыр. Өткен тәуліктерде күн 2-7 градусқа жылынып, 1,4 милиметр жауын-шашын түсті. Жалпы өңірде өткен аптада 40 милиметр шамасында жауын жауып, қарғын суды молайта түсті. Оқырманға түсінікті болуы үшін бұл көрсеткіштің айлық нормадан 74 процент көп екендігін айта кетсек те болар. Осындай себептен су көбейіп, Сілеті өзені бойындағы Бестоғай, Приречен, Есіл өзені жағалауындағы Түрген елді мекендерінің су астында қалу қаупін туғызып отыр.
–Облыс бойынша алдағы үш тәулікте жаңбыр жаууы мүмкін. Күндіз 12 градусқа дейін жылы болады,–дейді «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола облыстық филиалының директоры Бақыт Мақажанова,–Зеренді, Бурабай, Бұланды, Біржан сал, Ақкөл, Ерейментау аудандарында нормадан тыс жауын жауады.
Облыс орталығын ішінара су басуы Қылшақты өзенінің бойымен Ивановка су қоймасынан босатылған судың ағуынан. Болжам бойынша Ивановка су қоймасына 2-2,5 миллион текше метр, Көкшетау қаласына 1,5-2 миллион текше метр су келуі мүмкін.
–Осы жайларға байланысты қауіпті жерлерге бақылау бекеті орналастырылып, су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде,–дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Шапағатов,–Кенесары су қоймасын қарғын су бұзып кетті. Қазір қатердің алдын алу және салдарын жоюға 258 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 130 адам және арнайы 5 техника, жергілікті атқарушы органдардан 40 адам мен 5 техника жұмыс істеуде. Сондай-ақ, өзге де мекемелерден қажетті техника мен адамдар бөлініп, қауіптің алдын алып жатыр.
Ақмола облысы