• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Сәуір, 2019

«Болашақтың» әлеуетін толық пайдаланып жүрміз бе?

693 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен тағайындалған «Болашақ» халықаралық стипендиясының алғашқы иегерлері осыдан тура 25 жыл бұрын шетелдерге аттанды. Осы уақытқа дейін 12 мыңнан аса қазақстандық жастар әлемнің 35 еліндегі 170 үздік жоғары оқу орнында білім алды. Ширек ғасырда бір сұрақ туатыны заңды: «Болашақ» өзін өзі ақтады ма?

«Болашақ» бағдарламасының төңірегінде талайдың көкейінде түрлі сауалдар бар. Солардың алғашқысы өткен мен бүгінді салыстырудан, кешегі күнге көз тастап, болашақты болжаудан басталады. Бұрынғымен салыстырғанда «Болашақ»-тың грант саны әлдеқайда азайды. Мәселен, 2005-2006 жылдары 2 574 адамға грант тағайындалса, биыл 555 стипендия жоспарланған. Десе де, бұл екінші жағынан үміткерлер санының кемуімен байланысты шығар деген ой келеді. Себебі қазір өз бетімен оқуға аттанатындардың қатары көп. «Болашақ» бағдарламасына жауап­ты Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешов: «Басқа мүмкіндіктер болған сайын оларда таңдау да көбейеді. Алайда «Болашақ» бағдар­ла­масына үміткерлер саны да, азамат­тардың оқуға ықыласы да кемі­ген жоқ. Бұрын да 1 орынға 4-5 адам таласқан, қазір де солай», дейді.

Орталық өкілінің мәліметінше, осыған дейін барлығы 431 адам стипен­диясын алмаған. Оның ішінде қолы жетпеген 287-сі оқу үлге­рі­­мінің төмендігінен, 67-сі елде еңбек өтілдерін өтеме­ген­дер неме­се мамандығына сай жұмыс істемегендер. Ал 77-сі өз еркімен стипендиядан бас тартқан. Олардың бәрі ақшаны бюджетке қайтарды делік, алайда стипендияны алып, университетте оқи алмай, тек тіл үйренумен шектеліп, елге қайтып келгендер де бар. Ондай жағдайда мемлекеттің ақшасы қайтарыла ма? «Білім шетелге барғаннан емес, тек қана еңбекпен келеді», деген Ж.Мелдешовтің айтуынша, оқи алмағандардың саны 1 пайызға да жетпейді. Олармен арнайы сауалдама жүргізілгенде, көпшілігі шетелде де қазақтарды іздеп тауып, солар­мен араласып, шет тілін жетілдіре алма­ға­ны белгілі болған. 400-ден аса адам оқи алмай қайтып келген. 9 млрд-ға жуық қаржының 4 млрд-сы мемлекетке қайта­рылды. Қалғаны қайтарылып келеді.

«Болашақтың» бір түлегі Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауылда жұ­мыс істейді. Ендігі екі жылда еңбек өтілін өтеп бітеді. Ірі, мейлі ша­ғын қала­­лардың жанындағы ауыл­дар­­дың жағдайын шалға­йда­ғы елді мекендермен салыс­ты­руға кел­мейді. Онда сапалы тұр­мақ, мүлде маман жетіспейтін жайт­тар жетер­лік. Осындайда «пысық­тарды» ақиқа­тын­да ақсап тұр­ған алыстағы ауыл­дар­ды көтеруге жібер­се жөн еді дейсің. Осы жөнін­­­де орталық басшы­сы: «Бұл іспен айна­лы­сатын арнайы департамент қай өңірге қандай маман керегін зерт­тейді, сол арқылы жіберіп отыра­ды. Қала іргесіндегі ауылда жұмыс өтілін өтеп жатқан адамға келсек, заңға қарсы шыға алмаймыз. Ол – құжат бойынша ауыл, оның ауданы, облысы бар. Сондық­тан оған өзгеріс енгізу қолы­мыз­дан кел­мейді», деді.

Елдегі еңбек нарығында сұра­ныс­та жоқ мамандықтарды оқып ке­ліп, өз саласында жұмыс таппай сандалып жүрген түлектер тағы бар. Амалсыздан басқа жұмысқа бас сұғады. Кейде саналы түрде табылып тұрған жұмыстан бас тартады. Неге? Табысы жақсы. Ал бұл мәселенің мәнісін Ж.Мелдешов: «Сұраныста жоқ мамандықтарды оқитындар, содан келіп жұмыс таппайтындар бар. Бұл – проблема, жасырмаймыз. Ондайда алған мамандығына жақын салада болуын қадағалаймыз. Бір «Болашақ» түлегіне 3-4 жұмыс беруші тұр. Демек, олар қандай жағдайда да сұранысқа ие», деп түсіндірді.

«Болашақпен» шетелден диплом ғана емес, тәжірибе алып келуге де мүмкіндік бар. Бірақ бір қызығы тағылымдамадан өтуге барып, өз бетінше жұмыс істеп қайтатындар жиі кездеседі екен. Оған бір себеп – тағылымдаманың соңында емтихан не тест секілді ешбір сынақ болмайды, яғни еркінсің. Осы орайда тағылымдаманың орнына Phd санын арттырған әлдеқайда тиімді секілді  ой келеді. «Тағылымдамаға бюджеттен бөлінетін стипендия санын азайттық. Бұл бағыт бойынша аттанғандар саны тек 10 пайызды құрайды. Бұрынғыдай практика­лық емес, ғылыми бағыттағы тағылым­дамадан өтуге ғана жібері­ле­ді. Тағы­лым­дама талаптары қатаң­да­тыл­ды», дейді Ж.Мелдешов.

Биыл Венгрия қазақстандық талап­керлерге 200 грант бөліп отыр. Бұл тур­алы өз ойымен бөліскен Мажар­­стан­ның Қазақстандағы Тө­тен­­ше және өкілетті елшісі Андраш Барани өткен жылдың ақпан айын­да Будапештте алғаш рет өткен Қазақстан мен Мажарстан ректор­лары­­ның форумында 20-дан астам шарт­тар мен меморандумға қол қойыл­ғанын айтты. Алғашқы универ­­ситет іргетасы 1367 жылдары қалан­ғаны мен Нобель сыйлығын иелен­ген 14 венгр лауреатты алға тартқан А.Барани мырза: «Биылғы стипен­диялық бағдарламаға 1000-нан астам өтініш берілді. Сұранысқа сай грант санын 200-ден 250-ге арттыру жос­парда бар», дейді.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері жиған білімін қаншалықты пайдаланып жүр? Осы сұраққа жа­уап берген Н.К. деген азамат игерген ілімін елде толық қолдана алмай жүргенін жеткізді. Оның ойынша, қоғам халықаралық деңгейде білім алып келген жастардан үлкен өзгеріс, құбылыс, дамыту, реформа күтеді. Алайда күткен нәтиже бола бермейді. Оның себебін Адам ре­­сурстарын басқару мамандығы бойынша магистратураны бітіріп келген кейіпкеріміз: «Біз тәжірибені емес, теорияны алып келеміз. Лайықты нәтиже болуы үшін орталық «Гугл», «Майкрософт», «Шеврон», «Мерсе­дес» секілді шетелдік компания­ларда тәжірибеден өтуді қамтамасыз етуі қажет», дейді. Бітірушінің айтуынша, білімді барлық жерден алуға болады, ал тәжірибе – бәрінен қымбат. «Теория алғаныммен, практика алуға жоба мүмкіндік бермеді. Шетелдік компаниялар бітірген кезде көп шақырды. Ал елдегі еңбек өтілімді өтеп болған соң баруға, тәжірибеде көргенімді кейін елге алып келуге болады. Бірақ Қазақстандағы тәжірибемен шетелде сапаң бірден түседі», дейді ол.

Саясат Нұрбектің авторлығымен шыққан 2014 жылғы зерттеу жина­ғын­да инженерлік-техникалық салада 35,10 пайыз, әлеуметтік-гумани­тар­лық салада 18,73 пайыз, медицинада 4, 35 пайыз студент білім алғаны көрсетілген. Ал орталықтың жасаған соңғы зерттеулеріне сүйен­сек, түлектердің 53 пайызы әлеу­мет­тік-гуманитарлық салада, 38 пайызы инженерлік-техникалық салада, 7 пайызы медицинада, 2 пайызы шығармашылық бойынша оқып келген. Яғни, гуманитарлық бағытқа көп көңіл бөлінген. Соған сай бітірушілердің 40 пайызы эконо­ми­калық секторда еңбек ететіні айты­лады. 20 пайызы білім мен ғылым­да, 7 пайызы медицина саласында жұмыс істейді. Түлектердің төрттен бір бөлігі – ірі компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің топ-менеджерлері. Жүздеген «Болашақ» тү­лек­­тері ғылыми-зерттеулер жүр­­гі­­­зіп, инженерлік, мәдениет, ден­­­сау­лық, білім беру саласында тағы 100-ге жуық әлеуметтік жобалар­ды жүзеге асырған. 2000-ға тарта мүшесі бар «Болашақ» түлек­терінің қауым­дастығы осы дерек­тер­ді дәйек­тей түседі. Аталған ұйым­ның атқарушы директоры Лаура Демесін бітірушілердің бюджеттен бөлінген шығын­ды өтеуге атсалысып жатқанын айтады. «Біз 6-7 жыл ішінде мемлекеттен еш қаражат алмай, демеушілер тарту арқылы Голливудтің 27 киносын қазақ тіліне аудардық. Бұл бір ғана жоба, түлектер барлық саланы дамы­ту­ға үлес қосып, игі істер атқарып келеді», дейді ол.

Ward Howell халықаралық зерттеу ұйымы Қазақстан нарығындағы компаниялардың бәсекеге қабілет­ті­лігін анықтау мақсатында 2015 жылы зерттеу жүргізген. Сонда «Бола­шақ» түлек­­­терінің 80 пайызға жуығы эконо­­­­микалық немесе бизнес сала­сын­да емес, мемлекеттік қызметте жүрге­ні айтылған. Бір стипен­диант­тың оқып келуіне бюджеттен, мысалы, Англияның магис­тратурасын біті­руге 50 268 АҚШ доллары, теңге­ге шаққанда шамамен 18-26 млн бөлінетінін есепке алсақ, кеткен шы­ғын­ды қайтаруға қай сала көбірек мүм­­кіндік береді?

Түлектердің келгеннен кейінгі еңбек нарығындағы жағдайы алғаш­қы, ең көп дегенде, 5 жылда ғана есепке алынады. Осы есеп бойын­ша олардың қай салада, қандай қызметте жұмыс істеп жатқаны анық­­талады. Алайда бітірушілердің шетел­ден жинаған қорын, білімін қоғамға, елге қалай, қандай дәрежеде беріп немесе өзгеріс енгізе алып жатқанына зерттеу жүргізілмейді. Бұл «Болашақ» бізге не берді?» деп басталатын бағдарлама айнасындағы түрлі сұрақтарға берілетін тұшымды жауапқа тосқауыл болып тұрғандай.

Баласын бар малын сатып оқыта­тын бүгінгі қазақта «Білімге салынған инвестиция еселеп қайтады» деген түсінік бар. Елдік саясат та осы бір қарапайым ұғымнан бастау алған. 20 жыл бұрын бітірген түлек реформа енгізе алатын пәрмені бар қызметке енді ғана келгенін ескерсек, еселеп қайтудың ауылы әлі алыс-ақ.