ШОБ-тың бүгінгі таңдағы ахуалын сараптаған ол 2019 жылдың 1 наурызындағы жағдайға сәйкес шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10 пайызға артқанын айтады. Үстірт қараған адам мұны жақсы көрсеткіш деп қанағаттанып қалады. Бірақ «бақсақ бақа екен» дегендей бұл кәсіпкерлік белсенділіктің артқаны емес, өзін өзі қамтитындарды есепке алудың артқанының нәтижесі екен. Азаматтарымыздың жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенінің бәрін статист мамандарымыз кәсіпкерліктің артқаны деп есеп беретін көрінеді. Мәселен, бір адам өзінің мәшинесімен анда-санда, қолы боста кісі тасу үшін жеке кәсіпкер болып тіркелсе, статистеріміз бір кәсіпкердің саны артты деп мәз болып, есепке кіргізеді екен. Сөйтіп, қазіргі таңда елімізде 840 мың адам кәсіпкер деп саналатын көрінеді. Егер елімізде шын мәнінде осынша кәсіпкер болса, экономикамыз қазіргіден әжептәуір алға басып кетпес пе еді?
Қазір ШОБ-тың 35 пайызы алыпсатарлықпен айналысатындар екен. Ал дамыған елдерде оның үлесі 25 пайыздан аспайды. Өңдеу кәсіпкерлігі саласында еңбек ететіндердің үлесі 3 пайыздан аспайтын көрінеді, ал көптеген елдерде бұлардың үлесі 20-25 пайыздан кем емес. Депутаттың ойынша, бұл біздің жеке кәсіпкерлеріміздің елдің экономикасының дамуына қосып жатқан өзіндік үлесінің төмен екенін көрсетеді. «ШОБ-тың негізгі бөлігі өздері түк өндірмей, тек шетелдік өнімдердің бағасын өсіре сатумен айналысып жатса – мұны экономикалық ахуалдың жақсарғаны деп айтуға болмайды», дейді А.Қоңыров.
Еліміздің алдында ІЖӨ-дегі ШОБ-тың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Депутаттың айтуына қарағанда бұл мақсатқа біз тек өндіріс пен технологиялық қызмет көрсету салаларын жедел дамыту арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Маманның ойынша ШОБ-тың қазіргі құрылымы экономиканың тұрақтылығын арттыруға қол жеткізбейді, керісінше сауда саласын ғана біржақты арттырып, оның басқа салалардың дамуына кедергі жасауын тудырады.
Сайып келгенде, депутаттың ойынша мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауы тек арзандатылған несие берумен шектелмеуі керек. Қазір ШОБ-тың 668 жобасы 150 млрд теңгеге қаржыландырылуда, бірақ соның 22 пайызы ғана инвестициялық мақсаттарды көздеген. Қалғандары дамуды емес, тек айналыс құралдарын толықтыру мен ағымдағы займдарды қайта қаржыландыруды мақсат еткен. Бұл ШОБ-ты дамыту емес, тек жұмыс орындарын азайтпай сақтаудың амалдары ғана. Сондықтан ШОБ-ты жаңа деңгейге көтеретін тиімді шаралар қолданбай, оны дамыта алмаймыз дейді депутат.
Өзінің сауалында А.Қоңыров Үкіметке осы бағытта жаңа шаралар әзірлеуді ұсынады және көбінесе, көзбояушылық үшін жасалатын статистикалық деректерге сүйеніп, алдағы жоспарлар мен болжамдарды жасамау керектігін ескерте келіп, ШОБ-тың ІЖӨ-дегі үлесін 50 пайызға дейін арттыру бағытында қандай жоспарлар жасалғанын айтып беруді сұрады. Шынында, бұл жалпы халықтың алаңдаушылығын тудыратын мәселе екен.