Қалалық «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» қарттар және мүгедектермен жұмыс істеу бөлімінің мәліметінше, облыс орталығында тұратын көмекке мұқтаж 279 адамға әлеуметтік қызметкерлер қажет.
Бөлім жалпы 820 адамға қызмет көрсетеді. Олардың 570-і жалғыз басты қариялар, ал, 168-і мүмкіндігі шектеулі балалар.
Сондай-ақ, түрлі психологиялық ауытқуға шалдыққан 84 адам тіркелген.
Әлеуметтік қызметкерлер оларға психологиялық, экономикалық, құқықтық, медициналық, педагогикалық және еңбекпен қамту, басқа да сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік қызметкерлер өзінің қарауындағы адамның үйіне аптасына екі рет барып, барлық жағдайын жасап қайтады. Бір қызметші 6-8 көмекке мұқтаж адамға қызмет етеді.
Орталықта барлығы 113 әлеуметтік қызметкер бар. Олар бес жыл сайын аттестация тапсырып, білім жетілдіру курстарына қатысып тұрады.