• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Сәуір, 2019

Келінге қараған күн...

1281 рет
көрсетілді

Ақмола облысында 2017 жылы 5075 жұп шаңырақ көтерсе, соның 2560-ы немесе 50 пайызы ажырасып кеткен. 2018 жылы да бұл көрсеткіш сынықсүйем кеміген жоқ. Ақ бата алып, ақ отау тіккендердің жартысынан астамының дәм-тұзы жараспады.
Психолог Жанна Темірбаеваның айтуына қарағанда, шаңырақтың шай­қалуына ең алдымен әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдай себепші. Баспананың болмауы, жалақының жарытымсыздығы, балабақшадағы орынның тапшылығы, өмірге келген нәрестені қайсысының анасы бағатындығы себеп. Тағы бір жай – ене мен келіннің тіл табыса алмауы. Осы тақырыпты зерттеген психологтың айтуынша, ұлт келешегі саналатын қыздарымызды дұрыс тәрбиелей алмай жатырмыз. Ертеректе қайын ене күн көрсетпейді деуші еді, қазір кері­сін­ше, қайын енеге келін теперішті көп көрсетуге айналған. 

– Бес енем бар, – дейді Әмина әжей, – бесеуінің қасы мен қабағына қараймын деп әбден зәрезап болдым. 

Әуелде бес енесін түсінбей қалғанбыз. Тіршіліктің тауқыметінен қажыған әже қате айтып тұр екен деп ұқтық. Сөйтсек, бес енесі емес, бес келіні бар екен. Әлгі бес келін асарын асап, жасарын жаса­ған кейуананы келінше жұмсайтын көрі­не­ді. 

– Қазір тілім қысқарып, қолым ұзар­ды, – дейді кейуана, – қайсысының үйіне барсам да ас-суын дайындап, еденін жуа саламын. Қазір келінге келін болсаң ғана жаға­сың, шырағым. 

Әлеуметтік мәні зор осы мәселені зерт­тегендердің пайымдауынша, бұл кесір мінез ұлттық тәрбиенің әлсірегенінен болып отыр. Үзіліп қалды деп айтуға ауыз бармайды. Рас, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, қайын атасы мен қайын енесін туған ата-анасындай құрметтеп, қолдарын жылы суға малып отырғандар аз емес қой. Бірақ қариялар бас қосқан кеңестің негізгі тақырыбы – кенеусіз кеткен келін мәселесіне келіп тірелетінін жасыра алмасақ керек. 

– Ең алдымен келін тақырыбын қозғағанда, үлкендердің де тәрбиесін айтуымыз керек, – дейді Рауза Бәйкенова апай, – біз Көкшетаудағы әжелер қауымдастығын құрып, талай жыл осы мәселемен айналыстық қой. Содан бір білетінім, бұрынғы қазақтың айтқаны дәп-дәл. Мәселен, ер жеткен ұлың да, бойжеткен қызың да тәлімді тәрбиені ұшқан ұясынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтты дейсіз бе? Адуынды әйелдердің еркекке үстем­дігін көрген қыз жас отауға келін болып түскеннен кейін дәл солай істейді. Мен отбасының ұйытқысы емес, әмір­ші­сімін деп ұғады. Босағадан аттасымен билеп-төстегісі келеді. Егер ұлың келіннің сөзін сөйлеп кетсе, онда тұтас жығылғаның. Ал екеуі де есті болса, Алла­ның бергені. Сондықтан ұл мен қызды қатар әлмисақтан жалғасып келе жат­қан халықтық педагогика негіздерінде тәрбие­леген абзал. 

Қазір облыста он екі мыңға жуық азамат перзенттеріне алимент төлейді екен. Мұндай әкелердің көлемінің көрсеткіші кішігірім бір ауданның халқына жуық. Демек, осыншама шаңырақта аналар ғана тәлім-тәрбие беріп жатыр. Облыстық сот 2017 жылы алимент өндіруге байланыс­ты 645 мәрте іс қараса, өткен жылдың алғашқы жартысында-ақ 836 мәрте осындай іс қараған. Уақытында алиментін ала алмаған жалғызілікті аналар қылтиып өсіп келе жатқан қыздарына ер адамдардың тасбауырлығын, мейірімсіздігін айтып отырады емес пе?!

– Келіндердің бойындағы жарының ата-анасына деген кейбір ілтипаттың кемитіні осы тұс, – дейді психолог Жанна Темірбаева, – оның үстіне қазіргі отбасыларда бала саны шектеулі. Жалғыз өскен баланың бойында бауырмалдық, туысқандық сезім кең өріс ала қоймайды. 

Отбасындағы ыдыс-аяқтың сылдырлауы, сылдырауы ғана емес сынуы анау айтқандай шетін көрініс болудан қалды. Макинка қаласындағы қарттар үйіндегі қариялардың арасында өз ұлтымыздың үлес салмағы өте көп. Біразымен тілдестік. Көбі перзентсіз емес екен. Тіпті біреуінің бауырынан алты бірдей бала өрбіген. Әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан, үйлі-баранды. Үлкен қызы дәрігер, біреуі ауылдық әкімдікте қызмет істейді. Бірақ әжей балаларының қызмет орнын айтып, беттеріне шіркеу түсіргісі келмейді. Ата-тегін айтудан қорынып, Айша апай десең, жетіп жатыр емес пе дейді. Айша апайдың тағдыры адам жанын жылатарлық. Ішіне сыйған алты перзенттің біреуіне сыймай отыр. Рас, мемлекет тарапынан қарттар үйіне деген қамқорлық тамаша. Төрт мезгіл тамақ беріледі, төсек орындары тап-таза. Жиһаздары су жаңа. Ауырып-сырқай қалса, дәрі-дәрмегі тегін. 

Ал енді жетпейтін не бар? Бауыр еті балаларының ата-аналарына деген махаббаты. Олар да ай аралатып соғып тұрады. Жайын білу үшін емес, жиналып қалған зейнетақыларын алу үшін. Өзара осы айда мен аламын деп таласып та қоятын сыңайлы. Мұндайда қазақ «мал құлағы саңырау» дейтін. Қариялардың зейнетақысынан мұрты бұзылатын шығын жоқ, қарттар үйінде бәрі тегін. Бұрнағы жылдары зейнетақысының жартысы осындағы тұрмыстық шығын­да­рына жұмсалған көрінеді. Қазір бір тиынына да тиіспейді. Тіпті балалары Ресейге көшіп кеткен бір ақсақалдың зейнет­ақысы миллионға жуықтап қалған екен, безбүйрек балалары алыстан ат арылтып келіп, қалтасын қағып кетіпті. Әрине, бұл жерде әкенің құны көк тиын болғанымен, есепшотындағы есіл ақшаға қызыққандығын айтпаса да ұғады әркім. Сонда мемлекеттің қаражаты безбүйрек балалардың уысына түсу арқылы шетке шығып жатқан жоқ па?...

Ұл-қыздарымыздың ұлағатты тәрбие­сі алтын ұя шаңырағында екендігін айт­тық. Ондағы кем-кетікті жою үшін білім ошақтарында да осы бағыттағы бел­сенді жұмыс керек. Таяуда облыс орта­лы­ғын­дағы Ақан сері атындағы мәдениет кол­лед­­жінде «Балқадиша» қыздар клубы ашылды. 

– Ұлт болашағы – қыздарымызды осы клубтың жұмысы арқылы тәрбиелейміз, – дейді колледж директоры Құралай Ыдырысова, – сан ғасыр бойы келер күннің көкжиегіне адал қызмет еткен ұлт­тық салт-дәстүрімізді ұйытқы ету арқылы жастардың жан дүниесіне сәуле түсірмек ниеттеміз.

Шын­туайтында, дәл осындай оң қабақ­ты іс керек бүгінгі қоғамға.  Ақмола облысы