Иә, Қанипа Бітібаева – абырой мен беделге еңбегімен жеткен адам еді. Бүгінгідей бір жағыңа шығатын техника жоқ кезде барлық көрнекілікті, 8 мыңға таяу дидактикалық материалды, сабақ жоспарын, 50-ге жуық кітапты саусағы сүйел болып жүріп қолымен жазған. Бұдан өзге бай кітапханасы, алған марапаттары, құнды сыйлықтар, тұтынған заттары және бар. Көрер көз болса бұл бір әлем, ұлт педагогикасына қосылған қазына деуге әбден болады. Қайталап айтамыз, оған көзбен көріп, қолмен ұстаған адамның ғана иланары анық. Егер сол байлықты жинақтап бастырсақ, мұғалімдер үйренер көп тәсілге қол жеткізер едік. Тіпті жас толқын ұстаздардың еңбек жолына бағыт-бағдар сілтер еді. Мұндай игілікті істі тиянақтылықпен атқару өзге жұрттарда баяғыдан бар. Бітібаева сияқты бүкіл саналы өмірін мектепте ұстаздық ете жүріп, теория мен практиканы таразы басында теңшей отырып, орыс педагогикасына керемет үлес қосқан А.Макаренко, В.Сухомлинский, тағы басқаларды мысалға келтіруге болады. Оларға арнап ашылған музейлер аз емес. Қазақ топырағында Ы.Алтынсарин өнегесін ұлықтап, бар ғұмырын мектепте өткізген нағыз ұстаздың үлгісі мен өнегесін, бай мұрасын солай дәріптей алсақ ұтылмас едік. Тіпті әр саланың өз тұлғалары болады. Тәуелсіз ел педагогикасының сондай бір ерен өкілі Қанипа Бітібаева десек, артық айтқандық емес. Ұлтым деген ұстазды тани алсақ, бағалай алсақ, мұрасына жанашыр болсақ, таршылық жасамасақ екен. Бұл кейінгіге де сабақ болар еді. Қанипа Бітібаеваның көзі тірісінде-ақ Отанымыздың барлық өңірінен жүздеген мұғалімдер қауымы оның лабораториясына ат арылтып барып, озық тәжірибесін үйренуді дәстүрге айналдырғанын білеміз. Тіпті Бітібаева атындағы зертханалар ұстаз жер басып жүрген кезде 9 өңірде болса, қазір 16-ға жетті. Осының өзінен-ақ Қанипа әлемінің кең қанат жайғанын айқын аңғаруға болады. Қанипамен тілдесу, пікірлесу, тәжірибе бөлісу зор мәртебе еді. Ол барған жерінде ашық сабақ өткізбей қайтпайтын. Оны естіген мұғалім қалмай қатысуға ұмтылатын.
Қанипа Бітібаева қызыл империяның тұсында өзінің оқу әдістемесімен танылып, Қазақ елінде бірінші, келмеске кеткен КСРО мемлекетінде 5-ші болып КСРО мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл 15 одақтас респбулика ішінде топ жару емес пе? Ең бастысы, ол өз топырағымызда Абай шығармашылығын мектепте оқыту, екі алып – Абай мен Мұхтарды үндестіре отырып білім беру, сол секілді Абай мен Әуезовті оқытудың әдістемесін тұңғыш жасаған ғалым ұстаз екенін естен шығармағанымыз ләзім. Бітібаеваның қорғаған ғылыми атағы жоқ. Бірақ атағы барға бергісіз еңбектерін ерекше атауға тиістіміз. Осындай сәтте ойыңа атағы жоқ Ыбырай Алтынсарин оралатыны бар. Мәселе атақта емес, ұлтқа қызмет етуде. Осы күндері жаңа мазмұнда білім беру мәселесі айтылып, іске асырыла бастады дейміз. Мұны ұлт ұстазы бұрын бастап кеткеніне куәміз. Оның іс-тәжірибесімен танысу жолындағы ізденістер кезінде сабақ өту тәсілінің мүлде бөлек екеніне талай көз жеткізгенбіз. 45 минут бойы мұғалім билік құрмай бағыттаушы болу керектігін, бағыт беріп отыру қажеттігін, баланы еркін ұстап, қабілетіне қарай ақылмен баурап алуды, біліміңмен көңілін аулауды алға оздырушы еді. Тіпті қазіргі топтап оқыту, балалардың еркін сөйлей келіп, тақырыптарды өздері талдау үлгісін де сол тұста көрсетіп жүрді. Мұны ол Американың Аризона штатындағы Туссонда болғанда тәжірибе алмаса отырып, үйреніп қайтқанын, өзінде бар тәжірибеге олар да қызыққанын, сөйтіп ұрпақ тәрбиесінде жұмыла жұмыс істеуге болатынын алға тартқаны бар. Сөйте отырып, біздегі кейбір азаматтардың шетел тәжірибесін түсінбей жатып тықпалайтынына дәйек келтіріп, реніш білдіргенін де естігенбіз.
Қанипа Бітібаеваның бір қасиеті – ақиқатты ашық айтатын. Кім болса да бетің бар, жүзің бар демей тура сөйлейтін. Оған бірер дәлел келтірсек, лауреат атағын алып тұрып, КСРО оқу министрі Ягодинге ұлттың ұлыларын Мәскеу мектебінде оқыту қажеттігін іркілмей айтқан қайсарлығы, сол тәрізді кейбір алқалы жиындарда тізгін ұстап отырған азаматтар сөзді ұзартып жіберсе, төтесінен кетіп «Айналайын, тоқетерін айтшы, елдің уақытын алмашы» дейтін. 1999 жылы елордада ұлт педагогикасын дамыту туралы жиын өтіп, Мәскеуден педагог ғалымдар шақыртылып, оларды алға оздырып сөз беріп, жиын жайылып бара жатқан тұста Қанипа Омарғалиқызы министрге: «Біз бұл ғалым-педагогтармен Мәскеуде талай пікір таластырғанбыз. Ол тұста КСРО «тірі» еді. Енді жоқ. Тәуелсіз ел педагогикасын өзіміздегі ғалым-педагогтармен, әдіскер ұстаздармен, тәжірибелі мұғалімдермен кеңесе отырып жасау керек емес пе?» деген сұрақты төтесінен қойды. Бұл кейін қағидаға айналды. Қанипаның тектілігіне де бір дәйек келтіре кетейік, АҚШ-қа барған сапарында кейбіреулердің Горбачевке қатысты көзқарасын білмек болып талпынғанда: «Біздің халық яғни, қазақтардың салты бойынша патшаны жамандау көргенсіздік, имансыздық болып саналады. Сондықтан мен тек жақсылықты ғана айтамын» депті.Біз бұл дәйектерді неге келтіріп отырмыз, оның болмысының тазалығын, арды аттамайтын адалдығын, адамдығын көрсету еді. Ол дүниеге қызықпайтын. Беделін сатпайтын. Үйі салтанатты сарай емес, бір бөлме еді.
Қанипа Бітібаева атындағы музей 2015 жылы ашылғанда арнайы барып қатысып, ондағы құндылықтарды көріп, халықтың ілтипатын танып риза болған едік. Рухани құндылыққа ұйытқы болып, асылын ардақтаған азаматтардың тірлігі сүйсінткен. Сонымен қатар азат ел педагогикасының тұңғыш музейі қанатын кеңге жаяды деген үміт болған. Уақыт өте келе жеке ғимаратқа көшер дегенбіз.
Ұстазға құрметтің белгісіндей сол салтанатқа облыс әкімінің орынбасары қатысып, сөз сөйлеуі де көңілді марқайтқан. Енді сол музейдің бүгінгі жағдайын естіп, оқу кабинетіне айналғанын біліп ет жүрекке ине қадалғандай болып отырған жайы бар. Газеттегі материалға үн қоса отырып, ұстаз музейі қайта қалпына келсе деген ниетімізді жұртқа ұсынбақпыз. Әсіресе білім саласындағы кейбір олқылықтарды түзете бастаған Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова, тіл мен ділі мықты Өскемен қаласының әкімі Ж.Омар жанашырлық танытса нұр үстіне нұр болар еді. Ұлт руханиятына үлес қосқан әдебиет, өнер, қоғам қайраткерлеріне ашылған музейлер елімізде баршылық. Ендігі жерде Бауыржан Момышұлы айтатын, барлық адамға білім берген ұстаздарға да сондай музей ірге тіктесе, яғни түйіндей айтсақ, бар болғаны мектептің ішіндегі 3 бөлмеге орналасқан Бітібаева атындағы музейді қалпына келтірсек болғаны. Болашақта бұл музейді облыс деңгейінен биіктетіп республикалық дәрежеге жеткізсек, өңірлердегі зертханаларынан филиалдарын ұйымдастырсақ та ұтылмас едік. Тағы бір ортаға салар пікіріміз, мұрасы миллиондаған оқушыға білім үйреткен әдіскер ұстаздың, мыңдаған шәкіртінің көш басында жүрген ұлт мақтанышының атына көше беру, білім орындарына Бітібаева есімін қосу мәселесін шешіп жатсақ та еш артықтық етпейді. Осындай кезде ғана ұлт жақсыларының мәртебесі артып, кейінгілерге үлгі болары анық деп білеміз. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алмақ кемеңгерді» (І.Жансүгіров) дегендей, бұл ой байламдарымыз қалың жұрттан да, тиісті лауазымды мекемелерден де, әсіресе үлгі тұтқан мұғалімдер қауымынан да қолдау табатыны сөзсіз. Игі істің орындалуы Бітібаеваға ғана көрсетілген құрмет емес, бүкіл ел ұстаздарына жасалған ізет болары айдай анық.