• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 09 Сәуір, 2019

Балуан Шолақ экранға шықты

1740 рет
көрсетілді

Жастайынан ел назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайылған қара күштің иесі Нұрмағанбет Баймырзаұлының өмір жолын арқау еткен «Балуан Шолақ» тарихи кинолентасы жақын күндері көрерменге жол тартады. Бұл – жауырыны жерге тимеген балуан әрі ғаламат сазгер-әнші туралы түсіріліп отырған тұңғыш фильм.

Киносценарий М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанған белгілі жазушы, драматург Д.Исабековтің «Жау­жүрек» пьесасының же­лісі бойынша жа­зылған. «Балуан Шолақ» – бұған дейін деректі фильмдер циклін түсіріп келген режис­сер Н.Садығұловтың толық­ме­траж­­ды көркем фильм жанрын­дағы алғашқы тә­жіри­бесі. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тап­сырысымен Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» кино­студиясы түсірген.

– Бұл – Балуан Шолақ тура­лы тұңғыш фильм. Сон­дықтан балуан атамыздың бейнесін барынша шынайы көрсетуге тырыстық. 1998 жыл­дан бас­тап деректі фильмдер түсіріп келемін. Сол кездерден бері Балуан Шолақтың өміріне ерекше қызықтым. Сценарий авторы – Дулат Исабеков ағамыз. Осындай белгілі тұлғалар туралы халық көбірек білуі тиіс, – дейді фильм­­нің режиссері Нұргелді Сады­ғұлов.

Әйгілі тұлғаның әндері, оған қатысты өмірбаяндық деректері толық жиналып болмағаны белгілі. Сол сияқ­ты әлі күнге дейін оның су­реті де табылған жоқ. Бұл ретте фильм авторлары Ба­луан Шолақ бейнесін сурет­теуде тарихи деректерді, оған қоса өмірінің елеулі кезең-белестерін əрдайым өз əндеріне қосып отырған өлеңдерін негізге алған.

– Балуан Шолаққа қатыс­ты бір де бір фотоқұжат сақтал­маған. Фильмнің әзірлік жұ­мыс­тары кезінде Алматы, Пав­лодар қалаларындағы му­зей­лер мен архивтерді қарас­тырдық. Туыстары Қайролла, Шайдолла Шолақовтармен кезігіп, кейбір тың деректерді жазып алдық. Одан соң балуанның авторлық әндеріне көбірек мән бердік. Ал Ресей архивтеріне баруға мүмкіндік болмады, оған арнайы комиссия құрылуы тиіс. Қазір бізде бары – Әбілхан Қастеевтің «Балуан Шолақ» портреті. Балуанның немересі «міне, мынау атама ұқсайды» дегенше суретші 500-ден астам эскиз салып шыққан, деген режиссер тұлғаның экрандық бейнесін жасауда қолда бар тарихи деректерге жүгінгенін айтады.

2016 жылы желтоқсан айында басталған фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Павлодар қаласы жә­не Бурабайда өткен. Көп­шілік сахналарға 500-ге жуық адам қатысқан. Режиссердің айтуынша, фильмде компьютерлік графика көп қолданылған.

Бас кейіпкерді классика мен заманауи драматургияда негізгі сахналық рөлдерді сомдап жүрген, көпке танымал талантты актер Еркебұлан Да­йыров сомдаған. Оның ай­туынша, фильмде Балуан Шо­лақтың әнші-сазгерлігінен бөлек күрескерлігін, әділетке адал­дығын көрсетуге ден қойылған.

– Бұл шығармамен 2010 жылдан бері таныс­пын. Ду­лат Исабековтің «Жау­жү­рек» қойылымы (реж. Е.Обаев) М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрында сахналанып келеді. Пьесаны алғаш қолыма алған кезде осы қойылымға кино түсірілсе екен деген ой болды. Араға жеті жыл салып, фильмде басты рөлді ойнап шықтым. Кейіп­кер маған өте таныс, жа­тық образ, – дейді Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері, актер Еркебұлан Дайыров.

«Шолақтың әндері осы кезде радиодан, концерт сахналарынан, кеңес композиторлары туындылары ішінен үнемі естіліп отырады. Әнші, балуан жайлы белгілі жазушымыз Сәбит Мұқанов повесть жазды. Әлі де Шолақ туралы көркем туындылар жарыққа шығады. Өйткені оның өмі­рі мен шығармашылық іс­тері өнегелі», деп Ахмет Жұ­­банов жазғандай, тарихи тұл­­ға­лардың тағдыры мен олар өмір сүрген дәуірдің көр­кемдік бейнесін ұсынар тарихи-биографиялық фильм­дер қатары жаңа бір картинамен толығып отыр. Фильмнің ресми тұсаукесері 2019 жыл­дың 11 сәуір күні елорда тө­рінде өтеді.