Қазақстанның жастар құрамасының қорғаушысы Дінмұхамед Қашкен Франция чемпионатында өнер көрсетіп жүрген «Лион» клубының жейдесін киюі мүмкін.
1950 жылы іргетасы қаланған «Лион» Франциядағы ең мықты клубтардың бірі. Олар ел біріншілігінде 7 рет чемпиондық атаққа қол жеткізсе, 5 рет күміс медальді иеленді. Тағы 8 рет қолаға қол созды. Франция кубогын үш мәрте олжалады. 2010 жылы Чемпиондар лигасы, 2017 жылы Еуропа лигасы және 1964 жылы Кубок иегелері кубогының жартылай финалында күш сынасты. 1997 жылы Интертото кубогын еншіледі.
Қазіргі кезде «Лион» жарыс кестесінде ПСЖ мен Лилльден кейінгі үшінші орында келеді. 31 ойында олар 56 ұпай жиды. Көш басындағы ПСЖ-дан лиондықтардың 15 ұпайы және екінші сатыдағы Лилльден 5 ұпайы кем.
19 жастағы Дінмұхамед Қашкен бірер жыл Мадридтің «Атлетико» академиясында жаттықты. 2016 жылы «Астананың» қосалқы құрамы және 2018 жылы «Жетісу-Б» клубы сапында өнер көрсетті. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Испанияның жастар лигасындағы «Касабланканың» жейдесін киді. Сондай-ақ, Қашкен Қазақстанның жасөспірімдер құрамаларының (U-17, U-19) капитаны болып, кейіннен еліміздің жастар командасына қабылданды.