Өйткені әлемде болып жатқан өзгерістердің, түрлі сынақтардың жиілеп кеткен жағдайында Президенттің өкілеттігі толық болуы керек. Сонда ғана ол аса күрделі шешімдерді батылдықпен қабылдай алатын болады. Сайлауға түсіп, халықтың сенімін алған тұлғалар ғана елдің атынан батыл шешімге бара алады.
Әрине бізде жоғарғы билік заңды жолмен ауысты. Билікті бейбіт жолмен беруде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірден-бір дұрыс шешім қабылдады деп санаймын. Заң бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылға дейін сайлауға түспей билікте отыра беруге құқы бар. Бірақ ол жақын уақытта сайлау өткізіп, Президентті түпкілікті сайлау қажеттігін айтты. Бұл өте дұрыс шешім. Өйткені сайланбаған Президентке деген сенім бәрібір төмендеу болады. Ол елдің ішінде ғана емес, сыртқы қатынастарда да білінеді. Әріптес мемлекеттердің басшылары, ірі инвесторлар президенттің кепілдіктеріне сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Сондықтан елдің атынан маңызды шешімдер қабылдау үшін оның халық атынан сайланғаны жөн. Сонымен бірге сайлауға барлық саяси партиялардан үміткерлер тіркелетіні белгілі. Сайлаушылар олардың арасынан ең сенімді дегенін таңдап, дауыс беретін болады. Осының өзі демократиялық қағидаттың бізде толық орындалып отырғанын көрсетеді.
Тарас ХИТУОВ,
Мәжіліс депутаты