• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Сәуір, 2019

Заң ғылымының сарбазы

1208 рет
көрсетілді

Еліміз егемендік алып, өз алдына отау тіккен кезден бастап Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыру мақсатында, зайырлы, демократиялық, құқықтық мемлекет құру жолында білім-білігін, іскерлік қасиеттерін жарқырата көрсеткен, тәуелсіз Қазақстанның заңнамасын дер кезінде қалыптастыруға білек сыбана кірісіп, мемлекетіміздің әлеуетін еселеу үшін аянбай маңдайтерін төккен ұлтжанды әрбір азаматты «өз ісінің сарбазы» десе де жарасатын шығар. Отандық заңнаманың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан сондай жандардың бірі – Қазақстан Республикасы Заңнама институтының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мұқанұлы Рахметов.
Бүгінде толысқан кемел ша­ғына келіп, жетпістің биігі­­не өрлеген көрнекті ғалым, әді­лет органдарының құрметті қыз­­мет­кері, аға-әріптесім Сә­кең­ді айтулы мерейтойымен қы­зу­ құт­т­ықтай отырып, оның ма­­­ғы­налы өмірі мен ғылыми-шы­ғар­ма­шылық жолының кейбір жар­қын белестеріне шегініс жасауды жөн көрдік.

Сәкең қылмыстық заңнама саласындағы көрнекті маман-ға­лым ретінде өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде­ де­­ кеңінен танымал болды. Ха­лық­­аралық деңгейдегі әртүрлі ғы­лыми форумдарда, Қара те­ңіз-Каспий өңірі халықаралық заң­герлер қауымдастығының құ­ра­мында Қазақ елінің атынан өкілдік ету міндетін абыроймен атқарып келеді. Мұндай құр­метті миссияға өзінің бе­рік ұстанымының, тиянақты ғы­лы­ми еңбектері мен терең зерт­теу­ле­рінің арқасында қол жет­кізіп отыр.

Құқық қорғау органдарындағы қажырлы жұмысы барысында өмір­лік тәжірибесі мен кә­сі­би шеберлігін ұштастыра біл­ген оның аналитикалық ұш­қыр ақыл-ойы, құқық саласын же­тілдіруге деген толассыз ұм­ты­лысы қазіргі және бо­ла­шақ­та­ғы жетістіктерінің мыз­ғымас тұ­ғырына айналып, қо­ғам­ға қа­­жет­тігін дәлелдеп берді. Сәкең осы қасиеттерінің арқасында  қа­­зіргі заңгерлер буыны еліктеп, үл­гі тұтатын танымал тұлғаға ай­налды.

Саттар Мұқанұлы өзінің құ­­қық саласындағы өмір жолын сонау 1973 жылдың қоңыр кү­зінде сол кездегі республикада заңгерлер дайындайтын жалғыз оқу орны – С.М.Киров атындағы Қазақ мамлекеттік уни­верситетінің (қазір – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетіне түсу үшін құжат тапсырудан бастаған еді.

Киелі Арқа төсіндегі «Алға­бас» кентінде (Қарағанды облысы) шахтер Мұқан Рахметов пен үй шаруасындағы Мәстураның  қа­рапайым көп балалы отбасында дүниеге келген Сәкең сонау бала кезінде, орта мектептің 6-сыныбында оқып жүргенде адам жанына араша түсуді мақсат етіп, хирург болуды армандаған екен. Ол кезде шалғайдағы ауыл­да білікті дәрігердің жетіс­пей­тінін байқап жүрген елгезек бала­сының арманына ата-анасы да қарсы болмаған. Алайда, Саттар жал­ғыз ағасы Мұхтар қыршын жасында жол апаты­нан көз жұмып, орны толмас ­қайғыны бас­тан кешкенде, соған кінәлі адам лайықты түр­де жазаланбаған әді­летсіз ахуал­ды жүрегімен сезі­неді. Дәл осы қайғылы оқиға оның бастапқы арманынан бас тар­тып, әділдік жолына түсуіне, яғни жоғары білікті заңгер ма­мандыған таң­дауына себепкер болыпты. 

Университетке құжат тапсыр­ғанда да қиындықтар кездесіп, жұмыс өтілі болмағандықтан, құ­жа­ты күндізгі бөлімге қабылдан­бады. Алған бетінен қайтпаған қайсар жас енді кешкі бөлімде білім алумен қатар, Алматы қа­ласы ішкі істер басқармасының кавалериялық дивизионында милиционер болып орналаса­ды. Алайда, жұмыс кестесі қолай­сыздық тудырған бұл қызметті оқумен қатар алып жүру мүмкін бол­мағандықтан, басқа жұмыс орнын қарастыруға бел буады. Сөйтіп жүргенде, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Фи­лософия және құқық институтынан лаборанттық қызмет табылып, жаңа жұмысына білек сы­бана кірісіп кетеді.

Ғылымға деген шексіз сүйіс­пеншілігі осы қарашаңырақтан бас­тау алды. Сол кезде Академияда отандық заң ғылымының негізін қалаған, заманауи ғалымдар мен­ практиктердің құқықтық ой-санасын қалыптастыруға зор ық­пал еткен қазақстандық құ­қық сардарлары (корифейлері) – С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, М.Баймаханов, В.Ким, Ө.Жеке­баев, Е.Қайыржанов және басқа да ғалымдар жұмыс іс­тейтін. С.Рахметов оларды ғы­лым жолында адастырмайтын ­бағдаршамым деп есептейді, олар­дың көп қырлы ғылыми жұ­­мысын, кез келген аудитория­да іркілмей сөйлей білетін қа­бі­летін ерекше шабытпен, жы­лы лебізбен еске алып отырады. Осында жүріп бойына сіңір­ген білім мен өнегелі дағ­дылар Сә­кең­нің кейінгі өмір-тағ­ды­рының қалыптасуына тікелей әсер еткені анық. 

Университетті аяқтағаннан кейін кәсіби қызметін прокура­турадан бастады. Қадағалау ор­ганындағы тергеу жұмысы көңі­лінен шығып, тергеуші маман­­дығының серпінділігі, күр­де­лі­лігі мен алуан қырлары жас ма­­манды қызықтыра түсті. Оның туабіткен мақсаткерлігі мен ең­­­бекқорлығы, түпкі нәтижені объек­тивті түрде саралауға деген ұм­тылысы басшылықтың назарына бірден ілігіп, Қарағанды об­лысы прокуратурасының қыл­мыстық-сот бөлімінің прокуроры лауа­зымына жоғарылатылды, ал осы саладағы үздік қызметінің арқасында оған жоғары офи­церлік «полковник» шені берілді.

Прокуратура органдарындағы жұмысынан кейін ол Қарағанды мем­­лекеттік университеті заң фа­культетінің деканы Мәжит Има­шевтың шақыруымен оқы­ту­шылық жұмысқа бірден кірісіп кетеді. Ғалым-педагог бұл қыз­метін әлі де жалғастыруда. Қай салада жүрсе де өзінің негізгі ұста­нымынан айнымайтын Сәкеңнің педагогтік қырлары да жарқырап ашылып, оң нәтижесін бере бас­тады. Мәселен, 2008 жылы Бі­лім және ғылым министрлігінің «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантына ие болды. 

Саттар Мұқанұлы көп жылдан бері Жоғарғы Соттың ғылыми-кон­суль­тативтік кеңесінің, Әді­лет министрлігі жанындағы Қол­даныстағы заңнаманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бө­лігін жетілдіру мәселелері жө­­­ніндегі ведомствоаралық ко­мис­сияның мүшесі болды, Ал­маты Ішкі істер министрлігі ака­демиясының Ph.D диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де абыроймен атқаруда. Оның жетекшілігімен 14 аспирант заң ғылымдарының кандидаты, 3 шәкірті Ph.D докторы ғылыми атағын алды. Бүгінгі таңда екі Ph.D докторантына ғылыми жетекші болып жүр.

С.Рахметов 1997, 2014 жыл­дардағы Қылмыстық кодекстерді әзірлеу бойынша Парламент, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған жұмыс топтары мен ведомствоаралық сараптама топтарының құрамында болғанда, оның құнды пікірлерін академик-заңгерлердің бірауыздан қол­да­ғаны есімізде. Оның жетек­шілігімен дайындалған Қылмыс­тық кодекске комментарийлер төрт рет қайта басылып, заң жо­ба­лау, практикалық және ғы­­лы­ми қызметте өміршең өзек­ті­лігін дәлелдеді. Заңнама инс­титутының қолдауымен қыл­мыстық құқық бойынша екі оқу­лық жазып, бірқатар оқу құ­рал­дарын әзірлеуге қатысты. Соны­мен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әртүрлі салиқалы басқосуларда келелі ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, халық арасында құқықтық насихатты  қажымай-талмай өрістетіп келеді.

Сәкең тек ғылыммен ғана шек­­­­теліп қалмай, қоғам өміріне, жұрт­қа пайдалы шараларға белсене қатысып, заң жобаларын тал­қылау барысында өзінің бай тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ Nur Otan партиясы жанын­дағы Құқықтық кеңестің тұрақты мүшесі болғанына жеті жылдан асыпты.

Сәкең «Мемлекеттік тер­геу­ коми­тетінің құрметті қыз­мет­кері», «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сы­­ның ғылымын дамытуға сі­ңір­­ген еңбегі үшін», «Әділет ор­­гандары жүйесінің құрметті қыз­меткері» төсбелгілерін омы­­­­рауына тақты, КСРО ІІМ-нің­­ мерейтойлық медалімен, «Қа­­­зақ­стан Республикасының қар­жы полициясына 15 жыл» меда­лімен марапатталған. 

Заңнама институтының қыз­­­мет­керлері озық ғылыми және прак­тикалық тәжірибесі, заң жо­балау жұмысындағы жемісті еңбегі арқылы мемлекетіміздің құқық және заңнама жүйесін жетілдіруге өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Осы саптағы ірі ға­лым С.Рахметов әртүрлі нор­­ма­тивтік-құқықтық актілерді әзір­леуге қатысып, соны ұсыныс­тарымен кейінгі заңгер жастарға үлгі-өнеге көрсетуде. 

Саттар Мұқанұлы негізгі жұ­мы­сынан қолы қалт еткен­де болашақ заңгерлерге қомақ­ты ғылыми мұра қалдыру мақса­тында тынбай еңбек етуден жалыққан емес. Сәкең 232 ғы­лыми басылымның авторы. Оның ұшқыр қаламынан туындаған 11 монография, 73 оқулық, коментарий, ғылыми-практикалық оқу құралдары, 114 ғылыми ма­қала аса өзекті мәселелерді ар­қау еткендіктен, заң шығару, құ­қық қолдану практикасында және ғылыми-педагогикалық тә­жірибеде үнемі сұранысқа ие болып келеді. 

Сәкең әріптестерінің сый-құр­­метіне бөленген жан. Заңнама институты қызметкерлерінің жас буыны осындай атақты ғалым­мен қоян-қолтық жұмыс істеп жүргендерін мақтан тұтады және өмір жолындағы сәттілік деп бі­леді. 

Жан-жақты қадір-қасиетімен, іскерлігімен ерекшеленетін адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жа­тамыз ғой. Осы сипатқа Сәкең де лайық адам. Еңбекқорлық пен зерт­теушілік талант, мақсаткерлік пен алғырлық, ашықтық пен сыпайылық оның ажырамас серіктері іспетті. Сонымен қатар ол күнделікті өмірде өзін өте қа­рапайым ұстайды, қамқор жар, үлгілі әке, мейірімді ата атанып, ада­ми қалпына дақ түсірген емес. Сә­кеңнің зайыбы, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау ор­гандары академиясының до­центі, заң ғылымдарының кандидаты Оксана Борисовна отбасын ұйы­тып отырған ана ғана емес, сонымен бірге  ғылыми ортаны қалыптастырып, жұбайының  жоғары жетістіктерге жетуіне жағ­дай жасап жүрген сүйікті жар.­ Саттар Мұқанұлы өзінің бо­йындағы қасиеттерін балаларына да дарытып, олардың ғы­лымға деген қызығушылығын ұштай түсті.

«Саттар» деген сөздің арабша­ мағынасы «кешірімді», «қайы­рымды», «жанашыр» дегенді біл­діреді екен. Яғни, бұл есім өз ортасында сенімге ие болған ең­бекқор, байсалды мінез-құл­қымен дараланатын, қажет ке­зінде жолдастарына көмек қо­лын созуға даяр тұратын адам­дарға тән деп бағаланады. Ал Саттар Мұқанұлының бойында осы қасиеттердің бәрі бар десек қа­телеспейміз. Оны ата-анасы­ның сенімі мен еңбегін ақтаған, үлкен-кішіге, ағайын-туысына қамқор болып жүрген, өз есіміне лайықты өрелі азамат деп нық сеніммен айта аламыз.

Рамазан СӘРПЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Заңнама институтының директоры