• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Президент 10 Сәуір, 2019

Президенттік сайлау – елдің болашағы

2744 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Үндеу жариялап, онда қазіргі заманғы қоғамдық-саяси үрдістер мен геоәлемдік саясаттағы ахуалды барынша ескере және мемлекетіміздің заң шығарушы органы – қос палаталы Парламент басшыларын, сонымен қатар Конституциялық кеңестің төрағасын қатыстыра отырып, елімізде биыл 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлауын жариялады.
Сайлау – саяси науқан. Бірақ Президент сайлауы туралы сөз болғанда мұның саяси ауқымы, елдік мұраты, халықтық қасиеті барынша кең ауқымға айналып шыға келеді. Өйткені халық қашанда әділ сайлау мен әділетті сенімге иек артқан. Сол арқылы өзінің де болашақ баянына сенімділік тұғырын орнықтырған. 

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін Қ.Тоқаевқа берген тарихи күнінен бастап Қазақстан үшін тарихи-демократиялық дамудың жаңа сапары басталды. Бұл – уақыт талабы. Қазақстан халқы осынау саяси жаңғырудың мән-мақсатын, идеялық ұстанымын, жалпыұлттық тұжырымын кең көлемде қолдай отырып, ел дамуының елеулі кезеңі, тағдыршешті жолы ақыл мен пайымға, саяси сауаттылық пен сарабдал ойға, азаматтық көзқарасқа жүгінетініне сенеді.

Жаһандық жылнамаға көз салсақ, осындай аса маңызды сәттерде көп ел басшысына иек артқан, халық береке-бірлікті ту етіп ұстанып, ынтымақтың ырысқа бастайтынын терең түсінген. Осы тұрғыдан келгенде, алдымызда тұрған президенттік сайлау елдің рухани-саяси есеюінің, азаматтық тұрғыдан, мемлекеттік пейілден ұлттық ұжымдасуға дайын екендігін көрсетеді. Ел назары президенттік лауазымға лайықты Қазақстан азаматына ауады, қоғамдық ойдың қозғаушы күші халықтың бір мақсатқа ұмтылған мұратын айқындап береді. 

Ұлттық руханияттың кеңістігінде жүрген әрбір зиялы қауым өкілі осы мұрат жолында елдің бірлігі мен тұтастығына жауап береді деген пікірдемін. Кезектен тыс Президент сайлауы Қазақстанның жаңа жолын, келер күндерін нұрлы белеске алып шығады деген ойдамын.  Тарихи сәтті, таңдаулы кезеңді үлкен үмітпен күтіп, осы жолда азаматтық даусымды ашық білдіремін. Бұл сайлау әрбір қазақстандыққа үлкен жауапкершілік, азаматтық борыш жүктейді. Мемлекет дамуында мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жылдардан бері келе жатқанда байқалған бір ақиқат – Президент сайлауы елдің болашағы.  Ел болашағы тұлғаның қолында, тұлғаның болашағы – елдің жолында!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері