Дөңгелек үстелге Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің басшылық құрамы, Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Нұр-Сұлтан қалалық Прокуратурасы, Әділет департаменті, қалалық кәсіпкерлер палатасы, Байқоңыр, Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының әкімдігі, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, Қоғамдық даму істері басқармасы, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы және мемлекеттік мекемелер мен қоғам қайраткерлері, арнайы шақырылған дәріскерлер қатысты.
Іс-шара тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуын қадағалауға, заңнаманы бұзғандардың жауапкершілігін күшейтуге, мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін өсіруге, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінде кездесетін қателіктердің алдын алуға бағытталған.
Жиын қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына үндеу жарияланды. Онда «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы аясында жарнамадағы қателерді түзеуге шаһар тұрғындарын атсалысуға шақырған.
«Жарнама – қоғамның тыныс-тіршілігі мен шаһардың бет-бейнесін қалыптастыратын маңызды құрал.
Осы орайда, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндері мемлекеттік тілде (сол немесе жоғары жағына, шрифттері бірдей), одан кейін орыс және қажет болған жағдайда өзге тілдерде жазылады. Дегенмен, бүгінгі таңда заңды білмеу, немқұрайлылық сияқты себептерден қаладағы сыртқы жарнама, көрнекі ақпараттарда тіл нормаларына қатысты талаптардың сақталмауы жиі кездесуде. Осы мақсатта, Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасы «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясын бастайды.
Барша елордалықтар мен қала қонақтарын көшедегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамай, тікелей жарнама иесіне хабарласып, заң талаптары аясында орын алған кемшіліктерді жоюға шақырамыз. Тілдің мәртебесі – елдің мәртебесі! Олай болса, елдік мәселеде, тілдің мерейін асыру жолында белсенді болайық» делінген үндеуде.
Осы акция аясында шаһардың кез келген тұрғыны қате жарнаманы тиісті мекемеге жібере алады. Ол үшін жарнаманың орналасқан жерін, түсірілген күнін, тиісті фотосуретті тіркей отырып a.imangali@astana.kz электронды мекенжайына немесе Facebook желісіндегі «Тіл басқармасы» аккаунтына жолдауы керек.