Ендігі заманда өте сақ болуымыз қажет. Сондықтан Н.Ә.Назарбаевтың қауіпсіздік мәселесін өз қолында қалдырғаны дұрыс. Ал жаңадан билікке келген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға еліміздің экономикасын көтеру керек, ең бастысы бұқара xалықтың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқатын бірінші кезекке қойып, жемқорлықты ауыздықтау қажет.
Экономиканы әртараптандырып, шағын және орта бизнесті жандандырып, жұмыссыздықты жою керек. Бұл бірінші кезекте тұрған мәселелер.
Шындығын айтсақ, біріне бірі жалғасып келе жатқан дүниежүзілік экономикалық дағдарыстардың салдарынан xалықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті. Тәуелсіздіктің тұрақтылығы үшін мемлекеттіліктің негізгі үш белгісі – территория, әскер және ұлттық валюта – теңгемен қоса елдің әлеуметтік жағдайы кедейлік пен байлықтың орта тұсында болуы қажет. Көп балалы аналар еліміздің ең құрметті азаматы саналуы керек. Жалған ақпараттарды тоқтатып, жеткілікті көлемде жетім балалар үйлері мен мұқтаж отбасынан шыққан балалар үшін мектеп-интернаттарын ашу керек.Дүниеде ұлтты біріктіре алатын үш күш бар, бұл – тіл, дін және діл. Елбасының «ұлттық код» дегені – осы. Кезек күттірмейтін мәселелерді шешуде Үкіметпен қоса Nur Otan партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы қарқынды қызмет атқаруы қажет.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қызмет барысында қоян-қолтық жұмыс істеген кезеңдеріңіз болды ма?
– Әрине, ол кісімен бірге Үкімет мүшесі де болдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы республикамыздың Сыртқы істер министрі, мен Білім министрі ретінде лауазымды қызмет атқардық. Табиғатынан мінезі өте сабырлы, мәдениетті, жұмсақ сөйлейтін адам. Текті әулеттен шыққан, ұстанымына берік, батыл азамат.Бір ғана мысал келтірейін, Министрлер кабинетінің бір отырысында келесі жылдың бюджетін бөліп отырмыз, қаражат аз, жетіспей жатыр. Сыртқы істер министрлігіне де өте аз қаражат бөлінген. Барлық кезде де байыпты Қасым-Жомарт Кемелұлы орнынан тұрып: «Мұндай қаражатпен жұмыс істеу мүмкін емес, егер оны көбейтпесеңіз министр қызметінен бас тартамын», деді. Әдетте өзіне қарсы келген министрлермен жағаласа кететін сол кездегі Үкімет басшысы төбесінен жай түскендей абдырап, не айтарын білмей қалды. Сондықтан Тоқаев қажет кезінде табандылық таныта алатын тұлға.
– «Үлкен пышақ ұялғанынан кеседі» деген бар. Халықтың Ұлттық ғылым академиясынан күтері де, талабы да, сауалы да көп қой...
– Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары ғылым академиясында ауызбіршілік азайып, рушылдық пен жершілдік өріс ала бастады. Оның салдары академияға, оның болашағына үлкен зиянын тигізді. Соңында, 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясы «Қоғамд++ық бірлестік» статусына бір-ақ түсті. Енді академия президенті қайта сайланатын болды. Жаңа жарғы қабылданды, үш үміткердің ішінен мен сайландым. Ликвидациялық комиссия академияның бар мүлкін алып кеткен. Телефон, қағаз, қаламсап сияқты керекті заттарды өзім басқаратын ғылыми-зерттеу институтынан алып келдім.
Қазіргі кезде осындай қоғамдық статуста тұрған тек біздің академия. Намыс үшін, «бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, біз Кеңес өкіметі моделінен бас тартып, Батысеуропалық модель құрып жатырмыз дейміз. Академияның 70 жылдық мерейтойында Елбасы, академик, Ереже бойынша 100 жылда бір-ақ рет берілетін «Ғасыр Ғұламасы» алтын медалінің иегері Н.Ә. Назарбаев ҰҒА жұмысына оң баға берді. Кеңес моделіне кері қайтуға болмайтынын айтты. Біз келістік. Бірақ еліміздің бас академиясының мәртебесін ерекшелендіру бәрібір керек. «Қоғамдық бірлестік» дәрежесінен басқа да толып жатқан статус бар ғой. Қазіргі кезде сол статуста 24 академия бар, оның жетеуі «Ұлттық» деген сөзді атауларына қосып алған, оларға мүше болу оңай, жарнасын төлесеңіз болды. Олардың мыңдаған академиктері бар. Ақиқатын айтқанда, бұл елге ұят келтіретін, бас академияның және жалпы ғылымның беделін түсіретін келеңсіз жайт. Мен әрбір жиналыста әріптестеріме: «Бұқаралық ақпарат құралдарына, газет-журналдарға мақала немесе сұхбат берсеңіздер Ұлттық ғылым академиясының мүшесі екендеріңізді көрсетіп беріңіздер» деп өтініш айтамын. Еліміздің БАҚ саласында қызмет ететін журналистерден де осыны сұрар едім. Күріштен күрмекті ажырата алатын уақыт жетті. Қазір бір жерге барып академикпін деуге де ұялатын болдық.
– Мұрат Жұрынұлы, сіздің еліміздің тарихында химия саласындағы тұңғыш ғылыми жаңалықтың ашылуы мен мойындалуына мұрындық болғаныңызды білеміз. Нобель сыйлығынан кейінгі, тәуелсіз сарапшылар тағайындайтын осынау халықаралық жүлдеге қол жеткізгеніміз жеткілікті түрде насихатталмаған, бағаланбаған сияқты.
– Иә, мен шәкірттеріммен, зертханадағы ғылыми қызметкерлеріммен бірге демалмаған, ұйықтамаған уақыттардың есебінен «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» атты дүние жүзінің ғалымдары мойындаған ғылыми жаңалық аштым. Яғни, титанды бейстационарлық токтармен алдын ала полярлаған кезде оның беткі қабатындағы қабыршығы жойылып, соның салдарынан электродтық әлеуетінің мөлшері өзгеретіндіктен, қышқылды ерітінділерде химиялық тұрғыда еріп кетеді. Бұл – осы уақытқа дейін адамзатқа беймәлім болып келген құбылыс. Сонымен қатар химия саласы бойынша Қазақстанда ашылған тұңғыш ғылыми жаңалық. Титан – ең тұрақты металдардың бірі. Қазақстанда оның өте көп қоры бар. Металл өте тұрақты болғандықтан, көптеген химиялық реакторлар, тікұшақ, ұшақ, кемелердің бәрі содан жасалады. Оның керемет қасиеті сонда, теңіз суында 200 жыл жатса да, шірімейді. Бірақ титаннан жасалған құралдар тозғанда ешқайда қолдана алмайтынбыз. Себебі оны қайтадан балқыту қиын, ал еріту мүмкін емес еді. Біз соны оңай жолмен ерітудің жолын таптық.
Бұл әйгілі Нобель сыйлығынан кейін жүретін үлкен ғылыми халықаралық дәреже. Маған көптеген елдердің ірі ғалымдарынан, соның ішінде, Ресей, Қытай, Украина, Беларусь, Молдова сияқты мемлекеттердің Ұлттық академияларының президенттерінен құттықтаулар келіп түсті. Оларға ризамыз. Бірақ бір өкініштісі, елімізде, академиктер мен әріптес достарымыздан басқа ешкім жұмған аузын ашпады. Бұл еліміздегі ғылым мен ғалымдардың мемлекет пен қоғам алдындағы рөлі мен дәрежесінің төмендеп қалғанын көрсетпесе екен деймін.
– Қазақстанда ғылымға сұраныс жоқтың қасы деген пікірлердің жиі айтылуы неліктен деп ойлайсыз?
– Мұнан әрі қарай да мұнай мен газды жер астынан алып, өңдемей шикізат түрінде сата беретін болсақ, металды Кеңес өкіметінен қалған зауыттардан сол күйі қалыптан шығара салып, сыртқа жөнелте берсек, шынында да мұндай елге ғылым да, білім де керек болмайды. Сондықтан экономиканы әртараптандырып, көптеген шағын және орта бизнес көздерін ашып, жұмыссыздықты жою керегін жоғарыда айттым.Көпсалалы өндіріс орындары арасындағы бәсекелестік, xалықаралық сауда кеңістігіндегі жарыстар ғана ғылымға сұраныс туғызады. «Ғылымсыз даму жоқ» деген қағиданы теріске шығаруға тырысу – надандық. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстандағы ғылымның деңгейі Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұрды. КСРО-да ғылымға бөлінетін қаржы ІЖӨ-нің 4,5%-ын құрайтын АҚШ-пен тайталасып тұрған елде 3-орында тұру үлкен жетістік еді. Көптеген объективті және субъективті себептермен қазір елімізде ғылымға бөлінетін қаржы көлемі өсудің орнына күрт төмен түсіп кетті, ІЖӨ-нің 0,15%-ын ғана құрайды. 2015 жылы бар-жоғы ІЖӨ-нің 0,25%-ын құрады, бұл 49-50 млрд теңге еді, 2018 жылы 10,5 млрд теңгені құрады. Оның үстіне теңге Орталық Азиядағы ең жоғары девальвацияға ұшырағанын қосыңыз. БАҚ бетіндегі дау-дамайлардың бір себебі осыған келіп тіреледі.
Кейбір ғылыми-зерттеу институттарында елімізге белгілі ірі ғалымдарымыз жұмыссыз қалды. Бұл ұят емес пе? Стратегиялық даму жоспарында 2020 жылы ғылымға бөлінетін қаржы 1,0%-ға жету керек делінген болатын (алғашында тіпті 2.0% деп көрсетілген еді). Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылы бюджет дайындалу барысында әлеуметтік саланы қысқартпау керек деген еді. Бірақ оны Үкімет орындаған жоқ. Жалпы билікте ғылымның сөзін сөйлейтін ешкім жоқ сияқты, Ғылым комитетінің бастығын Үкімет мүшелері де, өзінің министрі де жүре тыңдайды.
Мүмкін, Ресей Федерациясынан үлгі алармыз. Оларда арнайы ғылым министрлігі құрылды. Ғылым академиясының қызметі шектелгенімен, мемлекеттік мәртебесін сақтап қалды, оның үстіне Ресей Президентінің төрағалығымен құрылған Жоғары ғылыми кеңес бар. Ал салыстырсақ, ғылымға бөлінетін қаржы АҚШ, Еуропа, Жапония, Қытай, Солтүстік Корея елдерінде ІЖӨ-нің 2,5-4,5%-ын құрайды. ТМД елдерінде Ресей – 1,2%, Украина, Беларусь – 0,5-0,7%, Литва – 0,83%, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан – 0,25%. Бәрінде бұл көрсеткіш бізден жоғары. Халықаралық «Ғылым және технология» аталымы бойынша Қазақстан 106 – орында, Молдова – 27, Ресей – 41, Беларусь – 54, Армения – 45, Қырғызстан 69 орында келеді.
– Ұлттық ғылым академиясы xалықаралық қатынастарда тәжірибе алмасудан бөлек, нақты қандай пайда тауып отыр?
– Біздің академия беделді қауымдастықтардың мүшесі және барлық ірі мемлекеттердің мемлекеттік бас академияларымен келісімшарт түзген. Өткен жылы Бейжіңде ең ірі, 34 бас академияны біріктіретін Альянс-ANSO құрылды. Біздің академияның мемлекеттік емес екеніне қарамастан, оның алты адамнан тұратын Басқарушы кеңесінің құрамына Кіндік Азия мен Кавказ өңіріндегі мемлекеттерден мені сайлады. Бұл Қазақстан ғылымының, ғалымдарының халықаралық кеңістіктегі беделінің жоғары екенін көрсетеді. Қазір Қытайдың Ұлттық ғылым академиясына қарасты «Sugon» дейтін фирмасы біздің академияға 10 миллион долларға жуық тұратын суперкомпьютерді тегін грант жолымен бермекші. Соның құқықтық жолын іздеудеміз.– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы ресми сөзінде әділеттік орнатудың маңызды екеніне арнайы тоқталып өтті. Ал әділеттілік туралы Ұлттық ғылым академиясының президенті не ойлайды?
– Әділетті болуға, әділетті қоғам құруға бүкіл адамзат (Homo sapiens) әу бастан мүдделі. Бұл жағдай қасиетті Құранда да айтылған. Бір xадисте былай делінген: Мұxаммед с.ғ.с. Пайғамбардан бір саxаба: «Қиямет қайым қашан болады?» деп сұрайды. Ол: «Қиянат шектен тыс көбейген кезде» деп жауап береді. Қиянат деген не? Әрбір маманға өзіне лайық қызметін бермеу. Бұл кадр мәселесіне тіреледі. Бізде тендерлік комиссия, конкурстық сайлау комиссиясы дегендер толып жатыр. Бұл комиссиялардың төрағалары жоғары лауазымды басшылар, министрлер, әкімдер немесе олардың орынбасарлары. Мұндай жағдайда сол комиссия әділетті шешім қабылдайды дегенге сене алмаймын. Олардың төрағасы қатардағы тең құқылы маман болуы керек, ал ең дұрысы бүкіл ұжым жасырын дауыс беру арқылы сайлауы тиіс. Олай болмаса министрлер мен әкімдердің тікелей бұйрықтарымен, яғни жауапкершілікті алып, тікелей шешім қабылдағаны дұрыс.