Мұнан соң пікірталасқа қатысушылар сөз алды. Облыстық Ішкі саясат басқармасы жастар ісі жөніндегі бөлімінің жетекшісі Дамир Іргебаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатына жоғары баға берді. Әсіресе биылғы жылдың Жастар жылы аталуының маңызына тоқталды. Осы орайда Жастар жылы ішінде облыс орталығында студент жастарға арналған бірнеше жатақхана салу көзделуде. Жатақханалар Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, А.Мырзахметов атындағы университетте, сондай-ақ төрт колледжде салынбақ.
Бағдарлама аясында Көкшетау қаласында 424 жас отбасы үшін 6 көп қабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. Бұл бағдарламаның артықшылығы, пәтер құнының төмендігі. Жастарға жасалып жатқан жақсылық аз емес, облыста «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы белсенді жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде 500-ден астам адам баспана мәселесін шешті. Бұл Тұңғыш Президентіміздің бес әлеуметтік бастамасының шарапаты. Жастарды қолдау және сапалы білім алуға тарту үшін әр жыл сайын облыс әкімі атаулы стипендия бөлуде. 2018 жылы осындай стипендиаттар саны 275 адамға жетіп, 106,0 миллион теңге стипендия төленді. Грант иегерлерінің саны 250-ге жетті. Жастар оқу орнын аяқтағаннан кейін өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге мол мүмкіндік тудырылып отыр. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы да жастардың өз мамандықтары бойынша лайықты жұмыс орнын табуына тамаша ықпал етуде. Биыл облысымызда «Zhas Projekt» жастар корпусын дамыту жобасы басталып отыр. Облыс бойынша үш миллиард теңгеден астам қаражатты құрайтын 850-ге жуық несие берілді. Бұл қаражаттың басым бөлігін 30 жасқа толмаған жас кәсіпкерлер алды. Осының барлығы жастарға жасалған көл-көсір жақсылық.
Ал алдымыздағы Президент сайлауынан соң Елбасы іргесін қалап берген жасампаз істер жалғасын таппақ. Болашақ ел тағдырын шешетін тұлға жастар үшін барынша жағымды жаңалықтарды, жақсылыққа толы бастамаларды жалғастырады деп сенеміз деген пікірлер де айтылды. Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік мәселелерді үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Шолпан Рахматулина жастарды еңбекпен қамту мәселелері қаншалықты жүзеге асып жатқанына тоқталды. Биылғы Жастар жылы өңірде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары жастардың жұмыссыздығы азайып келеді. Жұмысқа орналасқандардың 10 пайызы жастар.
Пікірталас соңында жастар бірауыздан ел Президентінің Үндеуін зор түсіністікпен қабылдап, қолдайтындықтарын жеткізді. Облыс жастарын сайлауға қатысуға шақырды.
Ақмола облысы