• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сайлау 16 Сәуір, 2019

Жауапты саяси науқанға жастар жұмыла атсалысады

1134 рет
көрсетілді

«Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің сарапшылар пікір­талас алаңында бас қосқан жастар осындай тоқ­там­ға келіпті. Олардың пайымдауынша, реттік саны №6 болып өткелі тұрған президенттік сайлаудың орны бөлек. Себебі бұл жолы сайлаушылардың тізімі 2000-жылдар­дан бергі уақытта дүниеге келген толқын өкілімен толыққалы отыр.
Жиында сөз алған бірлес­тік­тіктің мүшесі Ернұр Бей­сембаев бұл – ұлттық валю­тамыздың тұрақталып, эконо­микалық өсімнің беті бері қараған уақыт. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастар өмір бойы бір ғана Президентті таныды, дей келіп, «Бұл сайлау бұрынғыдай болмайды. Дауыс берушінің сая­си белсенділігі емес, дауыс санау­шының пиғылы да маңыз­ды. 2000-жылдардан бергі уақытта дүниеге кел­ген жас­тар «бұл сайлау менің от­басымның әлеуметтік дең­гейіне қандай өзгерістер алып келеді?» деген үмітпен барады. Жастардың ертеңгі күнге деген көзқарасы саяси науқан­дар­дың нәтижесіне қарап қалы­п­та­сатынын ұмытпайық», деп сөзін түйіндеді. 

Қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Дәурен Бабамұрат бұл жолғы сайлаудың алдың­ғыларға ұқсамайтынын, жаңа жағдай екенін тілге тиек етті. «Қалыптасқан жағдайда осы уақытқа дейін экономика мен халықаралық деңгейдегі Елбасының жетістіктерін сақ­тай отырып, жаңа белестер­ге ұмтылу үшін халыққа да саяси айқындық қажет. Ха­лық­тың көкейінде не бар, қандай мәселелер мазалай­ды? Көпшілік сайлауға түсетін азаматтардан осыны күтеді. «Экономика елге жұ­мыс істеуі керек. Шағын және орта бизнеске еркіндік беру керек. Жемқорлықпен күрес­ті шынайы түрде жүргізу қажет. Саяси реформаларға жол ашу керек. Елге бірлік, сай­лау­ға әділдік, экономикаға тұрақ­ты­лық қажет. Сол себепті сай­­лау науқанына барын­ша қа­тысу дәл қазір әрбіріміз­дің мін­­детіміз», деді Д.Бабамұрат. 

Спикер сондай-ақ шетелден келген инвесторларды ертең Қазақстанда жағ­дай қандай болады, халықтың жағдайы қалай қалыптасады, алға қойған мақ­саттарымыз қайтіп шешіледі  деген мәселелер алаң­­датып отырғанын жеткіз­ді. Себебі «халықаралық заң Пре­зи­денттің міндетін уақыт­ша атқарушы» дегенді қабыл­дамайды. Мұның соңы елден инвестицияның жылыстауына алып келуі де әбден мүмкін.

«Қазақ елінің бірлігіне және біртұтастығына сына қақ­қы­сы келетіндер өз ішімі­зде де, сырт елдерде де бар­шылық. Ел басқаруға лайықты тұлғаны танып, оған сенім білдіруді кешіктіруге болмайды», деп атап өтті Д.Баба­мұрат. Оның айтуынша, Қазақстанның мүд­делерін әлемде ілгерілету және нәтижелі халықаралық байла­ныс­тарды сақтап қалу үшін мемлекет билігінің сабақ­тас­тығы қажет. 

Халқымыз соңынан жұрт­ты ерте алатын, әлемдік қоғам­дас­тық алдында Қазақ­станды лайықты таныстыра алатын тұлғаны өркениетті жолмен таңдауы тиіс. Заңды сайлау – ел болашағы­ның тұрақты­лығының кепілі. Сон­­дықтан жастар өкілдері бұл науқанды заң аясында өткізуге барынша атсалысатын болады.

АЛМАТЫ