Кәсіподақтардың үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысын облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев кіріспе сөзбен ашып, ең алдымен барлық әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жасампаздық күштерді, барша қазақстандықтарды халықаралық талаптар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсетуге шақырған республикалық кәсіподақтар үндеуімен қысқаша таныстырып өтті. Онда еңбеккерлердің құқығын қорғау, жұмыс істеуге тиісті жағдай жасау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің тиімді ынтымақтастығы саласында көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің маңызы зор, мұндай өрелі міндеттер бүкілхалықтық мандат алған Президенттің басшылығымен тұрақтылық, айқындық және ашықтық жағдайында орындалары сөзсіз екені айтылған, дей келіп, 9 маусым күні әр кәсіподақ мүшесі сайлау учаскесіне барып, конституциялық азаматтық борышын өтейтініне сенім білдірді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген мемлекеттік бағдарламалар мен ауқымды іс-қимыл жоспарлары барлық саланы қамтып отырғанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар. 18 салалық кәсіподақты біріктіретін республикалық кәсіподақтар федерациясына 2 миллиондай адам мүше. Облыстық ұйым 50 мыңнан астам адамның басын қосады. 1 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Әркез еңбек адамының мүддесін қорғайтын беделді қоғамдық институттың араласпайтын саласы кемде-кем. «Жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс», деп Елбасы сипаттама берген ұйым еңбек қарым-қатынастарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жаңаша бағытта жұмыс істеп келеді, деді ол. Ауылдық жерлерде медицинаны дамытып, жас мамандардың қоныстанып, тұрақтануы үшін жарты миллион теңге мөлшерінде көтермеақы ұсынылғанына, «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде 20 пайыз бастапқы жарнаны төлеу үшін сертификат қарастырылғанына, еңбек шарттарын одан әрі жетілдіру, еңбек қауіпсіздігін сақтау бағытындағы бастамалардың алда да қолдау табатынына нақты мысалдар келтірді.
Ел өміріндегі елеулі кезеңді бастан кешіріп отырмыз, деді өз сөзінде «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Темірғали Әбілмәжінов. Сондықтан осындай сындарлы шақта бір арнаға топтасқанымыз өте қажет. Ішкі, сыртқы саясатта Қазақстанның тәжірибесі мол.Тәуелсіз еліміздің негізін салып, қабырғасын қалап, отыз жылға уақыт ішінде әлемдік аренаға танытқан Нұрсұлтан Әбішұлы салған сара жолдың дәйектілікпен жалғасатынына, кезектен тыс сайлаудың тарихи, саяси маңыздылығына тоқталды. Негізгі мақсат – әр азаматқа елімізде атқарылып жатқан реформалардың маңыздылығын жеткізу, түсіндіру, толғантқан сауалдарға жауап беру, мәселелердің шешілуін бақылауға алу.
«Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы» атынан сөз алған оның төрағасы Бекет Нұғыманов жоғары билік Ата Заңымызды басшылыққа ала отырып, еліміздің одан әрі баянды өркендеуі бағытында орнықты шешім қабылдағанын, әр сайлаушы қоғамның тұрақтылығы үшін дауыс беруге баратынын, жұртшылық болып сайлауға белсенді түрде қатысу бірден-бір дұрыс таңдау екенін тілге тиек етті.
Басқа сөйлеушілер де солтүстікқазақстандық кәсіподақ мүшелері кезектен тыс президенттік сайлауға бір кісідей үн қосып, сындарлы сәтте топтасқандықтың биік үлгісін көрсететінін алға тартты. Солтүстік Қазақстан облысы