• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2019

Ақбұлақ, ағар ма тағы шапқылап?!

1732 рет
көрсетілді

Арқа төсіндегі шөліркеген даланың таңдайын жібітіп, нәр берген сансыз бұлақтың көзі бітелгелі қашан?.. Бір ғажабы табиғатқа қатысы бар мемлекеттік органдардың ешқайсысында бұлақ туралы мәлімет жоқ екен.

Енді не істеген ләзім. Сең-сең қардың көбесін сөккен көк­тем де келді. Жер аяғы кеңі­ген соң даланың дидарын көкі­регіне көшірген ауыл-елдің үлкен­дерінен сұрастырып, бағзы заман­да ел ырысы болған, кейін біте­ліп қалған бұлақтардың көзін тап­сақ... Өмір ағысымен туған жері­нен ұзап кеткен азаматтар ата қонысқа бір оралып, көне бұл­ақтың көзін ашса, берекенің қайнар бұлағы қайта жаңғырар еді. Бұлақ – ырыс, бұлақ – береке! Малға да, жанға да қажет. Қазіргі күні даланың ерте, шіл­де­нің ортасы ауа көк өскіні қуарып, шөп буыны ерте қатып, төңіректің мезгілсіз сарғайып кететіні бар. Бұл да сол бұлақтың бітелуінен. Томарлардың, шағын көлшіктердің суалып қалуы да осы себепті. Томар демекші, баяғы бала кезіміздегі томарлар қан­дай еді, шіркін?! Төніп кеп қара­саң, табаны айнадай болып мөл­діреп жататын. Аналарымыз бұ­лақ­тан мойынағашпен қос шеле­гін толтырып, бетіне шашыра­масын деп түйежапырақты салып алып келе жататын. Әдемі сурет еді. Сол сансыз балбұлақтардан сусамай өскен ұрпақ екенбіз ғой.

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұлақ біткеннің басына төнген нәубет тың игеру жылдарымен тұспа-тұс келеді. Оған шейін бұлқынып ағып жатқан сансыз бұлақтың көзі техниканың табанымен бітеліп, біржола өшкен. Жалғыз жалпақ жоннан ғана емес, адамдардың санасынан да. Бұл немкеттілікті қойсаңызшы, қазір осы жерде бағзы бір заманда бұлақтың көзі болушы еді, соны аршып тазалайықшы деп қолына күрек ұстап жүрген адам көрмейсіз. Жер жайын білетін көнекөз қариялардың қатары селдіреген соң кейінгі жас қай жерде бұлақ, қай жерде қайнар болғанын тап басып айта да алмайды.

Зеренді ауданының Көктерек ауылының жанында жергілікті жұрт, жергілікті ғана емес, өкпек жолаушы да әдейілеп ат басын бұратын, таңдана тамашалайтын киелі жер санатындағы Әулиетас бар. Ілкі заманда алыс жолға шыққан жолаушы да, бала көтермеген ана да, сырқат меңдеген адам да Әулиетастың басына келіп мінәжат етсе керек. Кейін Әулиетастың маңайы келімді-кетімді кісінің табиғатқа көрсеткен тағылығынан қатты жүдеп, қоқыс басып кетті. Жаз айларында осы жерде отырып өздерімен бірге ала келген ас-суын ішеді. Қалдығын қалай болса, солай тастап кетеді. Қай тұсыңа қарасаң да, босаған бөтелке, темекі қорабы. Әулиелі жердің өзіне көзқарасымыз осындай болған соң бейтарап бұлақтың бағы қайдан жансын?! Осы жайды жазған болатынбыз. Іле осы ауылдың тумасы, бүгінде облыс орталығында тұратын Жұмағұл Жолдықов 5 миллион теңге қар­­жысын жұмсап, перзенттік парызын ақтап, Әулиетасты әйбаттап қор­­­шады. Кіреберіске мәрмәр тақта ор­натып, ел тарихын таңбалады. Бар шаруаны бітірген соң шөмеле тастың етегінде қозы өрісіндей жерден баяғыда осы жерде бұлақ болушы еді-ау деп, трактормен бір сүріп өтпей ме? Нешеме жылдар бойы көзі бітеліп, булығып аға алмай тұрған ақ бұлақ бұрқ ете түскен. Маңайы шүпілдеп та­за, мөлдір суға толған соң көне жүл­генің ізімен қуаныш тамшылары күміс сәулесін жарқыратып еңіске қарай жүгірді-ай деседі. Су жарықтық, төңіректі күміс күлкіге толтырып, сылдыр-сылдыр етіп аққанда, араға әлденеше жыл салып іздеп келген Жұмағұлдың да жүрегі елжірей соқса керек. Кейін Көктерек ауылының ақсақалдары өзара ұйғарымға келіп, әлгі бұлақты «Жұмағұл бұлағы» деп атауға бә­туаласқан. Сөйтсе, кеңес заманында Әулиетастың ығындағы өгіз тері­сіндей кішкентай қойнауда сауын сиырлар табыны қамалса керек. Мал тұяғы мөлдіреп ағып жатқан бұлақты бітеген де тастаған. Шаруабасты болып жүрген ауыл адамдары таяқтастам жердегі ақ бұлақты іздемеген де ғой. Қазір Әулиетасқа мінәжат ете келген жолаушы біткен әлгі бұлақтан су алып ішіп, таңдайын жібіткен сайын Жұмағұлға алғысын жаудырады.

– Біздің ауыл төңірегінде бұлақ көп болушы еді,–дейді таби­ғатқа жанашыр азамат Жұмағұл Жол­дықов, – Қойбұлақ, Көктерек бұлағы, Тасбұлақ... Ондаған бұлақ жаз бойы сарқырай ағып, еңістегі елді ылғалға қарық қылып жататын. Бұлақ суынан нәр алған шалғын да кісі бойы болып өсетін, ал ағаш бауырындағы жеміс-жидек ат тұяғын қып-қызыл етіп бояп тастайтын. Бұлақ суалған соң даланың да дидары оңып кетеді екен.

Екінші бір өнегелі істі марқұм, табиғат жанашыры, геолог ғалым Айтқажы Қазбеков ағамыздың қа­рекетінен естіген едік. Ол да осы ауданның тумасы. Туған жері – Қарабұлақ ауылы. Ауыл іргесінде бір кезде таза, мөлдір суымен қаншама елдің ризығы болып жүрген бұлақ суы көзіне шөп-шалам, бұтақ, шырпы түскен соң бітеліп қалған. Тағы да сол ен­жарлық. Талай жыл ағысын тоқтатып, өкпелегендей томсарып жатқан ғой. Айтқажы ағамыз даладағы, қаладағы Қарабұлақтың азаматтарын жинап, маңайын тазалап, басын бекітті. Өнеге еді. Тек жақсы істі жұрт қолдап әкетпеді. Өкініштісі де сол.

– Бір ескермеген шаруамыз осы, – дейді қырық жыл орман шаруашылығында қызмет еткен Шабдан Тоқмурзин, – ертеректе біздің өңірде құдық та қазбаған ғой. Әсірелеп айтқанда, қадам басқан сайын кезігетін мөлдір сулы бұлақтар ағып жатқан соң азаптанып қайтсін. Бұлақтың ең алдымен табиғатқа септігі мол. Көкшетаудың көп көлдері арнасынан шегініп, суы тартылса, бұл сол бұлақтардың бітеліп қалуынан. Өзге жерді былай қойғанда, Бурабайдың өзінде қаншама минералды заттарға бай бұлақтар бітеліп қалды. Қазір Айнакөл жыл сайын жағалауынан шегініп, көл суы тартылып келеді. Зеренді көлі де солай. Зеренді көлінің арғы жағалауында, тау етегінде қаншама бұлақ бар еді. Өзен-көлдің қоректенетіні осы бұлақ суы ғой. Табиғатта есепсіз ештеңе жоқ. Бір-бірімен тығыз байланысты.

Қазір көп ауылдар жаз шыға су тапшылығына ұшырайды. Өзгені былай қойғанда, мал суаратын суға зәру. Дәл баяғыдай болмағанымен, сыздықтап бұлақ суы ағып жатса, мал-жанымыз судан тапшылық көрмес еді ғой. Ұлы даланың бар қасиетін ұлықтап жатқан уақытта биыл бір уақыт тауып, елге барып, бар берекенің бастау көзі – бұлақ көзін ашайықшы, ағайын!

Ақмола облысы