• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2019

Әлеуметтік қолдаудың әдемі үлгісі

1027 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Атымтай-жомарт бизнес өкілдерінің басын қосқан «Меценаттар клубының» даңқы қазір облыстан тыс жерлерге де жайыла бастады. 90- жылдары алдымен ала дорба асынған өнер, мәдениет, жалпы әлеуметтік саланың қызметкерлері болғаны рас.

Ақындар, суретшілер, жазушылар, әнші-күйшілер шығармашылығын жиып қойып, «қара қазан, сары бала­ның» қамын ғана күйттеп кетті. Сондай қиын кездің өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылды Мәдениет жылы деп жариялады. Осыған орай облыстың сол кездегі әкімі Өмірзақ Шө­кеев қостанайлықтардың есінде көпке дейін қалатын екі игі іс жасап еді. Ал­­ды­мен Қостанай өңірінде жұтап тұр­­ған ұлттық өнердің бойына қан жү­гіртіп, қазақ драма театрын ашты. Екіншіден, өнер мен мәдениет саласы қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында «Облыс әкімінің сыйлығын» тағайындады. Артынша оны өзі «Меценаттар сыйлығы» деп өзгертті. Содан бері әлеуметтік саланы қолдаудың әдемі көрінісі мен үлгі­сіне айналған осы сыйлық үзілген емес, қайта жанданып, түрленіп, қа­на­тын кеңге жайды. Кейінірек ол «Ме­ценаттар клубы» деген атпен ұйым болып құ­рылып, оны белгілі биз­­несмен Васи­лий Розинов үзіліссіз бас­­қарып келеді.

Қостанайда жылдағы дәстүрмен «Меценаттар клубының» 19-шы рет сыйлық тапсыру салтанаты биыл облыс орталығын көріктендіріп тұратын әсем ғимараттар қатарына қосылған Жастар сарайының атшаптырым концерт залында өтті. 19 жылдан бері 248 миллион теңгені құраған 477 сыйлық белгіленіп, оны облыс өңіріндегі өнер, мәдениет, ғылым, журналистика, тағы басқа әлеуметтік салалардағы 498 талант пен үздік 41 ұжым алыпты. Сыйлық алғандардың арасында кө­зінің тірісінде белгілі сатирик жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов бар еді. Сонымен қатар айтыскер ақын Әсия Беркенова, тарихшы ғалым Аман­жол Күзембайұлы, ақын Ақыл­бек Шаяхмет, өлкетанушы Шөптібай Байділдин, композиторлар Қалибек Дер­бсалдин, Бақытжан Сәуекенов, сурет­шілер Георгий Соков, Николай Торшин, тағы басқа­лар болып жалғаса береді.

– «Меценаттар клубының» қыз­меті бүгінде «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асырудағы «Туған жер» жобасының аясында терең мазмұнмен байи түсті. Осы беделді сал­танатты шара өткізіліп отырған Жас­тар сарайы да демеушілердің көме­гімен салынған болатын. Ме­ценаттар әлеуметтік жағынан әлжуаз көптеген отбасыларға, жетім бала­ларға көмектесті. Биылдың өзінде бірнеше көп балалы отбасына баспана алып берді. Қысқасы, «Меценаттар клубы» қазір Қостанай облысының атын асқақтататын айдарлы істерінің біріне айналды, – деді өңір басшысы Архимед Мұхамбетов.

Биыл «Меценаттар клубының» «Қазына» және жастарға арналған «Шабыт» сыйлығы 13 аталым бо­йынша иелерін тапты. Оның ішінде «Театр», «Әдебиет», «Ғылым», «Во­кал», «Музыка», «Хореография», «Жи­вопись», «Ауыл жанашыры», «Мә­дени мұра», «Білім», «Журна­­­лис­тика» сияқты аталымдар бар. Мы­салы, «Меценаттар клубы­ның» арнайы сыйлығын еліміздегі сау­сақпен санарлықтай сатирик әйел­дердің бірі Күләш Байдалы да алды. Ол бұл сыйлыққа әдебиет пен жур­на­лис­тикада еткен көп жылғы еңбегінің сыр­тында, жақында ғана жарық көрген «Ұры ой» атты кітабы үшін ие болды.

– Меценаттарға рахмет! Шығарма­шы­лықпен айналысқан адамдардың қалтасы ешқашан қа­лың болған емес. Әлеуметтік жағы­нан қолдауды керек ететініміз рас. Менің қолыма тиетін қаржыға бо­ла­шақ кітабымды шағарамын, ден­саулығымды түзеймін. Жақсы емес пе? – дейді К. Байдалы қуа­нышын жасыра алмай. Сонымен қа­тар қуаныш иелерінің қатарында жас ғалым Индира Бейішева, театр режиссері Әлия Садықова, қобызшы Назгүл Мол­дахметова, педагог-хореограф Юлия Пинженина, естелік кітабы үшін Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Даценко, алдынан талай музыкант түлеп ұшқан қарт педагог Еркін Қожахметов, жас жур­­налис-қаламгерлер Қуаныш Есқа­былов, Асылан Қанғожин, тағы басқа­лар бар.

Белгілі жазушы Ғұмар Ахметчин «Меценаттар клубы» қазылар алқа­сының 2000-жылдардан бері тұрақты мүшесінің бірі.

– Меценаттық – тарихта бар дәс­түр. Біздің халқымыз тарихында да оның тамаша мысалдары болған. Мұны бір жағынан рухани саладағы таза еңбектің таразысы да дер едім. Мы­салы, биыл «Қазына» сыйлығын алған аудармашы Абдірахман Досты мен талантты қаламгерлер қатарына қосамын, республикадағы қарымды аудармашылардың бірі. Ол жақында өзінің екі томдық аудармаларын жа­рық­қа шығарды. А.Дос көптеген қа­зақ ақыны мен жазушысын орыс оқыр­мандарына таныстырды. Қазылар алқасы оның «Қазына» сыйлығын алуын бірауыздан қолдады. «Қазына» сыйлығы 1 миллион 600 мың теңге болды, – дейді Ғұмар Ғарифұлы.

«Меценаттар клубы» мүшелерінің қата­ры жылдан-жылға толығып ке­леді. Биылдың өзінде оған он кәсіп­кер мүшелікке өтті. «Меценаттар клу­бының» сыйлығын тапсыру салтанатына Атымтай-жомарттардың өздері де қатысады, қуанышты бірге тамашалайды. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген ғой, Архимед Бегежанұлы осы салтанатта жыл басынан бері 22 отбасын баспаналы еткен «Бақытты отбасы» жобасына белсене қатысқан бизнес өкілдерінің жеке-жеке атын атап, түсін түстеп айтты.

– Игі іске кеткен ақша – шығын емес. Біз қайырымдылық шаралары­на үзіліссіз қатысып келеміз. Қос­танай қаласындағы 8 баланы жалғыз асырап отырған Жанат Шәкіроваға жақында ғана 3 бөлмелі жаңа пәтер сыйладық. Наурыз айында Таран ауданындағы 5 баласы бар Смирновтардың баспанасын жаңалап бердік, енді Қостанай ауданындағы 5 бала тәрбиелеп отыр­ған Кимдер отбасына да үй салып бе­реміз деген жоспарымыз бар, – дейді «БК-Строй» құрылыс компания­сының президенті Игорь Ким.

– Халқымызда «жақсылық еккен алғыс орады» деген даналық бар. Біздің кәсіпкерлеріміз бен бизнес-әріптестеріміз халықтың әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдауға және туған жердің түлеуі үшін қолға алынатын басқа да игі істерге белсене қатыса береді деп сенемін, – деді Архимед Бегежанұлы салтанатта.

Жомарттық та ең жақсы қасиет­тердің бірі. «Меценаттар клубы» бұл жолы 40-қа жуық сыйлық тапсырып, ақжарма қуаныштарға куә болды. Салтанатты шараның соңы үлкен концертке ұласты.

ҚОСТАНАЙ