• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Сәуір, 2019

Елдің әл-ауқатын кәсіпкерлік көтереді

1210 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда Nur Otan партиясы – Елбасы тапсырмалары мен барлық мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына бақылау жүргізетін басты институт. Сондықтан партияның кезекті XVIII съезінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясына әр маусым сайын мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы орталық мемлекеттік орган басшыларын тыңдауды тапсырған болатын.
Осыған орай партияның бастамасымен Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүр­гізу орталығы құрылды. Атал­ған орталықтың алғашқы отыры­сы өтіп, онда бизнесті қол­дауға және дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы есеп тыңдалды. Отырысқа Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Мәулен Әшімбаев, Ұлт­тық экономика министрі Рус­лан Дәленов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абы­лай Мырзахметов, Парла­мент Мәжілісінің депутаттары, «Даму» кәсіпкерлікті қол­дау қорының өкілдері, Nur Otan партиясы жанындағы кәсіп­кер­лікті қолдау жөніндегі респуб­ли­калық қоғамдық кеңестің мүшелері, бизнес-қауымдастық өкілдері мен белгілі сарапшы мамандар қатысты. Одан бөлек бейне-конференция байланысы арқылы барлық облыс пен Елорда, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті кәсіпкерлер және жоғарыда аталған қоғамдық кеңестің аймақтық өкілдері де қатысты. Іс-шараны Nur Otan партиясы Мемлекеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізіп отырды. Сөз басында Nur Otan пар­тиясы Төрағасының бірінші орын­басары Елбасының кезекті XVIII съезде берген тапсырма­сына назар аударып, оны орын­дау үшін партия жүйелі жұ­мы­с­ты бастап кеткенін айтты. – Елбасы маңызды мем­ле­кеттік бағдарламалардың жү­зе­ге асырылу барысына қоғам­дық бақылау жүргізу жұмыс­тарын күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстардың мақсаты пар­тияның мемлекеттік органдардан есеп талап ету емес, керісінше бағдарламаларды тиімді әрі уақтылы жүзеге асы­руға ықпал етіп, еліміздің стра­тегиялық құжаттарында көрсетілген тиісті шараларды қолға алу. Осындай тыңдау­лар­дың «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан басталғаны да тегін емес. Өйт­кені ел экономикасы мен халықтың әл-ауқаты кәсіпкер­лік­пен тікелей байланысты, – деді М.Әшімбаев. «Бизнестің жол карта­сы-2020» мемлекеттік бағдар­ла­масының басты мақса­ты – аймақтық кәсіпкерліктің тұрақты әрі теңгерімді өсуін қам­тамасыз етіп, жұмыс орындарын сақтау және жаңа қызмет орындарын ашу. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған бұл бағдарлама 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тұңғыш Президентіміздің өт­кен жылдың қазан айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін айтып, тиісті орындарға нақты тапсырма бергені белгілі. Қазіргі таңда осы бағытта айтарлықтай жұмыстар қолға алынып, игі нәтижелерін беруде. Бұл жөнінде Ұлттық эко­номика министрі Р.Дә­ленов кеңінен айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, бағдар­ламаның әлеуметтік-экономи­калық әсері зор. Атап айтқанда, 2015-2018 жылдар аралығында бағдарлама аясында 210,1 млрд теңге қаражат бөлініп, соның нәтижесінде 13 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетілген. Одан бөлек, жыл сайын 10 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 20 мың азамат кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы оқыту курсынан өткен. Сондай-ақ осы жылдар ішінде бағдарлама арқылы орта есеппен 3,3 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, қазынаға жылына 175 млрд теңге салық төленген. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.Мыр­­захметов аталған бағ­дар­­­ла­ма­ның отандық кәсіп­кер­лік­­тің дамуына тың серпін бер­ге­нін айтты. Оның айтуынша, «Атамекен» кәсіпкерлер па­латасы 2015 жылдан бері бағ­дарламаның төртінші бағыты – кә­сіпкерлікті қаржысыз қол­дау шараларының басты үйлес­тірушісі болып келеді. Соған сәйкес ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолданыстағы бизнес­ке қызметтік қолдау көрсету, мо­но және шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы кә­сіпкерлерге мемлекеттік қол­дау туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, «Бизнес-мектеп», «Іскерлік байланыс­тар», «Аға сеньорлар», «Бизнес насихат» сияқты нақты 6 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Ал Nur Otan партиясы Мем­ле­кеттік бағдарламалар мен ре­фор­маларды жүзеге асырудың тиім­ділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығының директоры Рахым Ошақбаев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезіндегі кейбір олқылықтарға тоқталды. Сонымен қатар іс-шарада Мәжіліс депутаты Альберт Рау, Шым­кент қаласы әкі­мі­нің орын­­басары Данат Жу­мин, «Кә­сіп­­керлер форумы» қауым­дас­­­ты­ғының төрағасы Раимбек Ба­талов, «Azala Textile» ЖШС директоры Гүл­нәр Садықбекова және тағы бас­қа бірқатар маман­дар сөз алып, бағдарлама аясын­да атқа­рылып жатқан жұ­мыс­тардың нәти­же­лілігін арттыруға қатысты ойларымен бөлісті. Іс-шараны қорытындылаған М.Әшімбаев бұл партияның Елбасының қоғамдық бақы­лау­ды күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау жұмыстарының басы ғана екенін айтып, алдағы уақытта осындай тыңдаулардың жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ ол бүгінгі талқылаудың еліміздегі бизнес пен шағын және орта кәсіпкерлік саласында бірқатар мәселенің бар екенін көрсетіп бергеніне көңіл бөлді. Бұдан бөлек, партия Төраға­сының бірінші орынбасары есепке алу, статистика жүргізу жұмыстарын жетілдіру жайына тоқталып, соңында  партияның мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүдделі барлық тараппен жұмыс істеуге дайын екенін айтып, бүгінгі тал­қылаудың нәтижесінде Үкі­метке арнайы ұсыныстар жолданатынын жеткізді. Айта кетейік, партия жанынан жаңадан құрылған Мем­ле­кеттік бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырудың тиімділігін бағалау және мониторинг жүргізу орталығының не­гізгі мақсаты – Үкімет пен аза­­мат­тық қоғам арасында тиімді кері байланысты қалып­­тас­­тырып, мемлекеттік бағдар­ла­малардың тиімділігін және ха­лықтың содан көріп отыр­ған пай­дасын анықтау. Соған байла­нысты нақты жоспар да­йын­далған. Бұл бойынша жыл соңына дейін 8 мемле­кет­тік бағдарлама мен 4 ұлттық жо­ба қарастырылмақ. Аталған жұ­мыстар жалпыға қолжетімді түр­де жүргізіліп, әлеуметтік же­лі­лерде тікелей таратылады.