• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2019

Қостанайда «Nur Otan» партиясының жобалары қаржыландырыла бастады

850 рет
көрсетілді

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының кезектен тыс ХХҮП конференциясында айтылды. Конференцияда нұротандықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың 9 маусымында мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешімін бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.

 – Еліміз өндірісінің көшін бастайтын Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің үлкен ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер уақытындағы шешімін қызу қолдап отыр. Бұл – тарихи шешім. Мерзімінен бұрын сайлау бізге Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып берген дамудың сара жолын, бүгін жүзеге асырып жатқан экономикалық-әлеуметтік бағдарламалардың ырғағын сақтау үшін аса қажет. Тәуелсіздік жылдарынан бері елімізде көптеген стратегиялық бағдарламалар өмірге келді, ал олар біздің еңбек ететін Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің дамуына да тікелей ықпал жасады, – деді партияның Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі аудандық филиалы төрағасының орынбасары Александр  Макаренко.

 «Nur Otan»партиясының ХҮШ съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың тетігі болып табылады. «Құтты мекен» жобасы бойынша биыл облыс өңірінде жергілікті маңызы бар 531 шақырым жол жөндеуден өтеді. Мұнда жолдарды негізінен орта жөндеуге басымдық беріледі. Осы жұмыстардың 50 проценті республикалық, 50 проценті жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

– Ауылдық жерлерді ауыз су мен қамтамасыз ету жоба бойынша қолға алатын өте маңызды жұмыс болып отыр. Облыста барлығы 548 ауылдық елді мекен бар. Соның 172 ғана орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. 376 елді мекен орталықтандырылмаған ауыз суды пайдаланады және тасып беріледі. 2020 жылға дейін елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін 22 жоба жүзеге асырылады, оған биыл 7,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл 19 ауылға орталықтандырылған ауыз су құбыры тартылатын болады, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Өңір басшысы партия жобалары бойынша облыста жүзеге асатын жұмыстардың қазірдің өзінде басталып кеткенін тілге тиек етті. «Бақытты отбасы» жобасы бойынша азаматтардың әлеуметтік әлжуаз қатарын қолдау үшін облыс бюджетінен 7,7 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Бұл былтырғы жылдан 20 пррцентке көп. Кәсіпкерлердің көмегімен 20 көп балалы отбасы баспаналы болды.

Конференцияға қатысқан партия мүшелері «Nur Otanның» кезектен тыс өтетін ХІХ съезіне облыстан баратын делегаттар құрамын сайлап, бір ауыздан дауыс берді.

Қостанай