Халық таңдауын жасауда төртінші биліктің атқаратын рөлі зор. Осы орайда Бас редакторлар клубының мүшелері 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлауын ақпараттық тұрғыда қамтамасыз еткенде этикалық нормаларды ұстану туралы хартияны қарады. Бас редакторлар клубының вице-президенті Марат Башимов хартияның Ата Заңға, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына және «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңына сәйкес әзірленгенін жеткізді. «Әлемнің барлық елінде бұқаралық ақпарат құралдары елдегі елеулі оқиғалар кезінде әрдайым этикалық нормаларды ұстану туралы хартияны ескереді. Бұл міндетті түрде орындалатын нормалар жиынтығы болмағанымен, журналистердің жұмысы барысында айрықша ескерілетін кәсіби этика көрсеткіштері болмақ», дей келе, клуб мүшелеріне өз ойларын ортаға салуды ұсынды. «Экспресс К» газетінің бас директоры Әділхан Нүсіпов сайлау науқаны әділ, заң аясында өту керектігіне тоқталып: «Әлбетте мұндай хартияны қолдаған абзал. Жарнамаға жол бермей, объективті түрде жазу қажет. Осы нормаларды қолдау мақсатында құжатқа қол қоямыз», деді. Жиналған басқа да БАҚ басшылары бастаманы қолдайтынын айтып, хартияға қол қойды.
Айта кетейік, аталған құжаттың басты мақсаты ретінде:
- сайлау барысының барлық кезеңдерін – орталық және басқа сайлау комиссияның қызметі, сайлау кампаниясының негізгі кезеңдері, президенттікке үміткерлер мен олардың сайлау алдындағы акциялары, дауыс беру қорытындысының тәртібі, барысы және өткізілуі туралы БАҚ-тың кәсіби, объективті және жедел түрде көрсетуі арқылы азаматтардың сайлау құқығының толық іске асырылуына жәрдемдесу;
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес барлық тіркелген президенттікке үміткерлерге БАҚ-та ақпарат беруге тең рұқсат беру;
- сайлау процесінің барысы мен оның нәтижелері, сондай-ақ барлық президенттікке үміткерлер мен олардың сайлау штабтарының қызметі, көзқарастары мен саяси ұстанымдары, бағдарламалары туралы отандық БАҚ-тың адекватты, толық және анық мәлімдеуін қамтамасыз ету көзделген.