• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Сәуір, 2019

Әліне сенген Әли

843 рет
көрсетілді

Бұл сурет 1965 жылдың 25 мамырында АҚШ-тың Льюистон деп аталатын шағын ғана қалада өткен кәсіпқой бокс кешінде түсірілген. Небәрі 4 200 көрермен тамашалаған жекпе-жекте Мұхаммед Әли мен Сонни Листон жұдырықтасып, аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағын сарапқа салды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Сонни Листонның даңқы дүркіреп тұрды. Жетімдік пен кедейшіліктің тауқыметін молынан тартқан ол теріс жолға түсіп, талай рет темір торға тоғытылды. Бірақ бұл «тірлік» оған абырой әпермейтінін түсінгеннен кейін қара нәсілді жігіт 21 жасында кәсіпқой бокспен айналысуды құп көрді. Бұл ретте Сонни несібесіз болған жоқ. 1953-1964 жылдар аралығында 36 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана ұтылды. Ал 1962 жылдың күзінде атағы алысқа жайылған Флойд Патерссонды бірінші раундта ұрып жығып, әлем чемпио­ны атанды. Алтын белбеуді иелену үшін оған небәрі 126 секунд жеткілікті болды. Келесі жылы өткен қарымта кездесуде де Листонның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Бұл жолы қарсыласын ол 128 секундта құлатты. 

Ол кездері Кассиус Клей енді ғана «қаһарына» мініп келе жатқан. Бастапқы 19 кездесудің барлығында жеңіске жеткен ол әлемдік тәж үшін айқасуға даяр екенін барша жұртқа жариялады. Жай ғана айтып қоймай, Сонни Листонды балағаттап, оның намысына тиді. Әуелде «Мен» деп кеуде қаққан талай мықтыны көкала қойдай сабаған Сонни мақтаншақ жiгiттi менсiнбедi. Ал Кассиус оның қыр-соңынан қалмай, көпшiлiктiң алдында кекетіп, мұқатуды әдетке айналдырды. Шыдамның да шегi бар ғой, ақыры Листон жас боксшымен кездесуге келiсiмiн бердi. Матч 1964 жылдың 25 ақпанында Майами-Бичте өтедi деп белгiлендi. Сол кезде бокс тақырыбына қалам тартатын 46 журналистiң 43-i Листон жеңедi деген пiкiрге тоқталды. Ал бук­мекерлік кеңселер де әлем чемпио­­нының жеңіске жететініне күмән келтiрмедi. 

Көпшілік тағатсыздана күткен кездесуде сенсациялық нәтиже тіркелді. Алтыншы раундтағы үзілістен кейін 32 жастағы Сони жарақат алғанын алға тартып, бәсекені жалғастырудан бас тартты. Әлем чемпионы атанған бетте 22 жастағы Кассиус Клей ислам дiнiн қабылдап, аты-жөнiн Мұхаммед Әли деп өзгерттi. 

1965 жылдың 25 мамырында қарымта кездесу ұйымдастырылды. Алдағы жекпе-жектің нәтижесін кездейсоқтыққа балаған барша жұрт бұл жолы Сонни Листон жеңеді деп жорамалдады. Бірақ Льюистондағы айқас екі минутқа жетпей аяқталды. Жанамалап қана тиген соққыдан соң кескен теректей сұлап түскен Соннидің бәсекені одан әрі жалғастыруға зауқы соқпады. Сол көрініс жоғарыдағы суретте бейнеленген. Ол жерде айқасқа тоймаған   Әли жығылып жатқан қарсыласына: «Оңбаған тұр. Жігіт болсаң, аяғына дейін төбелес» деп айқайлап жатыр... 

Міне, осы жекпе-жектен соң Мұхаммед Әлидің даңқы алысқа жайылып, төрткүл дүние жұртшылығы оның мықтылығын түбегейлі мойындады. Иә, Сонни Листонның да одан кейін жаман жұдырықтаспағаны рас. Атап айтсақ, 1966-1970 жылдар аралығында 16 рет рингке көтерілген ол 15 бәсекеде басымдық танытты. Алайда, 1970 жылдың 30 желтоқсанында Лас-Вегастағы үйінде әйгілі боксшының мәйіті табылды. Ол небәрі 38 жаста еді...