• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2019

Қостанай облысына келетін медицина мамандарына жәрдемақы көлемі көбейтіледі

845 рет
көрсетілді

Бұл туралы «Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және облыстағы медицина ұйымдарының 2019 жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындылары және саланы дамытудың стратегиялық бағыттары туралы» деген тақырыпта өткен облыс әкімдігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды. Қазір облыста медицина қызметкерлерінің тапшылығы қатты білініп отыр. 350 дәрігер, 600 орта медицина қызметкерлері жетіспейді.

 Жоғары білімді дәрігерлер мен орта білімді медицина қызметкерлерін қосқанда, барлығы мың қаралы медицина маманы қажет. Ауылдық елді мекендерде 100 дәрігерге, орта медицина мамандарынан акушерка мен фельдшерлерге зәрулік басым.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник Арқалық, Жітіқара қалалары мен Наурызым, Қарабалық аудандарында акушер-гинеколог, Алтынсарин, Қамысты, Науырзым, Таран, Қарасу аудандарында реаниматолог дәрігердің жоқ екенін айтты.

«Мамандармен қамтамасыз етуде біршама жұмыстар да жүргізіліп келеді. Мысалы өткен жылы мамандарға бір рет берілетін жәрдемақы мен баспана алу және пәтер жалдауға 56 миллион теңге жұмсалды. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөліп, еліміздегі жетекші медина жоғары оқу орындарында 100 дәрігер дайындау жұмысы басталды» деді Вячеслав Юрьевич.

Облыс әкімдігі биылдан бастап облысқа келген медицина мамандарына арнап бірінші рет тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Алқа отырысына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов медицина мамандарын жәрдемақы мен баспанамен қамтамасыз етуді қайта қарау керектігін айтты.

«Осы бағдарлама бастау алған 2008-2009 жылдары әр маман жәрдемақыға 170-180 мың теңге алатын. Ол уақыттағы өлшеммен бұл оларға әжептәуір көмек болатын, ал қазір олай емес, көмек, жәрдемақы үшін бұл аздық етеді. Ал баспананы сатып алу өзектілігін жойған жоқ, 1,5 мың айлық көрсеткіш, ауылды жерлерде 3 миллион теңгеге жақсы үй сатып алуға болады. Сондықтан қалаға келетін мамандарға биыл бір рет көрсетілетін жәрдемақы үшін 100 миллион теңге, ал ауылға баратын мамандар үшін 134 миллион теңге бөлінеді» деді Архимед Бегежанұлы.

Шамалап айтқанда 134 миллион теңге ауылдық жерлерге баратын 100 маманға материалдық көмек көрсетуге, 100 миллион теңге қалаға келетін 70 маманға жәрдемақы беруге жетіп қалатынын айтылды.

Қостанай