• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2019

Жазушы Жәди Шәкенұлының кітаптарының тұсауы кесілді

1510 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында жазушы Жәди Шәкенұлының «Бозмұнар», «Алтай алыптары», «Оспан батыр және Шығыс Түркістан мәселелері», «Қытай қазақтарының әдебиеті», «Бегзат сөз» және «Қаралы көш» сияқты алты бірдей кітабының тұсаукесері өтті.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен тұсаукесер рәсіміне академик Сейіт Қасқабасов, профессор Серік Негимов, түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы және т.б. зиялы қауым қатысты. Кездесуге ЕҰУ-дегі Дайындық бөлімінде шетелден келіп оқып жатқан жастар да жиналды.  

Жиынды жүргізген алаштанушы ғалым Диқан Қамзабекұлы автордың шығармашылығына тоқталып, еңбектерін таныстырды. «Жәди Шәкенұлы Шекараның ар жағында оқып жетілсе де, бүкіл парасатын, еңбегін еліне арнаған азамат. «Қаралы көш» романымен қазақ әдебиетінде өз орын алған қаламгердің қазірге дейін 10-нан аса кітабы жарық көрді. Бүгін Байтұрсынов әліпбиінде қайтадан басылып шығып жатқан «Қаралы көш» 2016 жылы түрік тіліне аударылған. Балалар әдебиетінде де қалам тербеген жазушының әңгімелері оқулықтарға енгізілді», деді Д.Қамзабек. Фольклоршы Сейіт Қасқабасов «Қытай қазақтарының әдебиетінде» қызықты деректер келтірілгенін айтып, қазақ әдебиетінің бір бұтағы болған қазынаны тереңдей зерттеу алдағы уақыттың еншісінде екенін жеткізді. «Бұл біздің оқырмандарға көп мағлұмат береді. Қытайдағы қазақтардың руханияты жайлы біз әлі толық мәлімет ала алмай жүрміз. Соның бәрі жүйелі түрде зерттеліп жатса құба-құп. Жәдидің еңбегін соның жақсы бастамасы деп ойлаймын», деді ғалым. «Қаралы көш» соңғы жиырма жылдықта жарық көрген романдардың ішіндегі сүбелісі екенін атап өткен филология ғылымдарының докторы Серік Негимов: «1999 жылдан бері нағыз классикалық дәрежеге көтерілген 2-3 романды ғана атар едім. Ол Рамазан Тоқтаровтың  «Абайдың жұмбағы», Қажығали Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романдары. Солардың қатарында тұрған осы – «Қаралы көш». Жәдидің жазушылық шеберлігін осы романнан анық байқауға болады. Сол замандағы Қытайдағы қазақтың тақсіретін көрсететін сай сүйегіңді сырқыратар суреттеулерді оқығанда ұстараның жүзінде, иненің ұшында болғандай күй кешкенім бар. Мұндай суреткерлікті ерекше дарын деп едім», дей келіп 40 балуанның өмір тарихы берілген «Алтай алыптарын» да ерекше атап өтті. 

Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі Жәди Шәкенұлының бұған дейін «Бір уыс сәуле», «Жүрек неге жылайды» сияқты  әңгімелер жинағы, балаларға арналған «Ақ балапан», «Арманшыл бала» кітаптары, әдеби сын-зерттеу тақырыбында  жазылған «Жалғыздың үні» кітабы жарық көрген.

Соңғы жаңалықтар