• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2019

Ұлтымыздың рухани-құқықтық дамуымен үндеседі

1714 рет
көрсетілді

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында бұрын-соңды кешенді түрде зерттеліп, ғылыми айналымға түспей, «ақтаңдақтар» деңгейінде қарастырылып келген Ұлы даланың көптеген ғасырлар қойнауындағы тарихи және рухани құндылықтарын жоғары ғылыми деңгейге көтеріп, өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне қойып отыр.

Осы тұрғыда Елбасы өз еңбегінде осы құндылықтарымызды дәлелдеп, сараптау барысында негізгі әрі қажетті үш тарихи дәйекке сүйенеді. «Біріншіден, протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элемент­те­рін құрап отырғандығы; екіншіден, тарихымыздағы зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-бай­тақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріс­кейге тарады; үшіншіден, кейінгі жыл­дары табылған жәдігерлер біздің баба­ла­рымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаhандық тарих­тағы орнына тың көзқараспен қа­рауға мүмкіндік береді», деп атап көр­се­теді Елбасы.

Сонымен қа­тар ғасырлар бойы Ұлы да­лаға қоныс­танып, оны игерген хал­қы­­­мыздың бай тарихи және рухани құнды­лықтарын он­ың дала демократия­сы­на негізделген құ­қық жүйесінен, заң­да­рынан әсте бөліп қарауға болмайды. Бұл жерде Е­лбасы мақаласының үндестігіне сай ке­летін осы мәселеге де көңіл бөлген жөн деп санаймын. Қазіргі дүниеде өзінің ұлттық заңы бол­маған, ұлт­тық құқығының тарихы болмаған бірде-бір мемлекет жоқ. Сон­дықтан терең әрі бай тарихқа ие қазақ халқы­ның мемлекеттілігінде де өзі­нің ұлттық құқығы, әділ заңы және оның даму сатылары болды. Қазақ халқы құқығының даму тарихы ұзақ әрі күрделі. Біріншіден, жазба деректер шама­лы әрі шашыраңқы, оның үстіне олардың дені басқа тілдерде жазылған және басқа елдердің мұрағаттарында сақталып келді. Екіншіден, қазақ құқы­ғы­ның шығу, жетілу және даму тарихында өзгерістер көп кездесті.

Қазақ құқығының даму тарихын қоз­ға­­ғанда, ең алдымен, қазақ халқының құра­мына кіретін, Ұлы далада өмір кешкен байырғы этностарды (тайпаларды) анықтау қажеттігі туындайды. Осы тұрғыдан қазақ халқының негізін құраған төмендегі ежелгі әрі іргелі тай­па­лар болғанын тарихи фактілер растайды, атап айтқанда, олар: сақтар, үй­сін­дер, қаңлылар, ғұндар, қоңыраттар, сар­маттар, наймандар, қыпшақтар, т.б. Қа­зіргі қазақ халқы солардың заңды мұра­гері, сондықтан сол этностардың өздері жасаған төл тарихының кезеңдері мен географиялық аймақтарда дүниеге әкелген мол мазмұнды заңдарынан, туын желбіреткен мемлекеттерінен, өзіндік мол мәдениеттерінен қазақ халқы өз еншісін алуға хақылы.

Терең тарихы бар көшпелі өрке­ни­ет қоғамының Ұлы даласын жай­ла­ған мыңғырған мал оның негізгі материалдық байлығы, өндіріс пен со­ғыс­­тың құралы, күнделікті көшіп-қону­дың және азық-түлік өндірісінің бас­ты қайнар көзі болумен қатар, көш­пе­лі мал шаруашылығының жүйесі қазақ­тар­дың рухани-құқықтық, моральдық өмірінің мәнін, маңызын әрі сипатын да анықтады. Мысалға, ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша қазақ ауылдарының азаматтары бір-бірімен кездескен сәтте: «Мал-жан аман ба?» деп сәлемдесетін болған. Бұл дәстүр осы уақытқа дейін сақталып, дәстүр сабақтастығы жалғасып келеді. Қазақ халқының аса бай ауыз әдебиетінде зерделенген бата беру, мақал-мәтелдер, халық әндері, эпостық жырлар қазақ халқының рухани-құқықтық мәдениетінің негізгі мазмұнын құрады, яғни өткен кезеңдегі халықтың қоғамдық және құқықтық санасының айнасы іспеттес болды. Мәселен, қазақтардың алғыс сезімге бай­­ла­нысты тілек, пікірлері мынандай қанатты сөздермен өрнектелді: «Бай бол, төрт түлікке сай бол», «А, құ­дайым оңдасын, оңдағанның белгісі мың саулығың қоздасын, сексен інген боталап, сегіз келін қомдасын». Көші-қон керуені алыс жолға қозғалып, бір-бірімен кездес­кен кезде: «Көш көлікті болсын», мал сауыны кезінде: «Сауар көбейсін», қойды және басқа да түлік малдарды қырқу науқаны кезінде: «Қырқар көбейсін», бақташылар өрісте кездескен уақытта «Бағар көбейсін», суат басында «Суарар көбейсін», деген секілді игі тілектерді айтатын болған.

Қоғамның саяси жүйесін біріктіретін негізгі белгі – билік пен бағыныштылыққа негізделген заңдық жүйенің болуы және сол заңды орындайтын мемлекеттік ап­парат­тың тұтас жүйесінің жасалуы. Осы тұрғыдан әр елдің өзіне лайық заңы мен басқару үрдісі бар. Мұндай заң мен басқару жүйесі Ұлы даланы мекен­де­ген біздің халқымызда да ертеден қалыптасқан. Дәстүрлі дала заңының бір ерекшелігі – тек әділдік пен дін жолын ұстаумен бірге, сөз өнерін, шешен­дік, тапқырлық, айтқыштық өнерді де жоғары бағалап, оған жүгінген. Соған лайық әділ билердің өзін де, сөзін де қа­дір тұтып, олардың есімін аузынан тастамаған.

Егер Ұлы даладағы бабалар тари­хы­на тереңдеп үңілсек, үйсін, ғұн тайпа­лары тарих сахнасына шыққанда мемле­кет­тіліктің барлық белгі-нышандарын бо­йына топтастырған құрылым болға­нын па­йымдаймыз. Өйткені оларда мемле­кет­­тің негізі болып саналатын өзіндік ер­ек­ше­лігі – құқық жүйесі қалыптасқан еді.

Өкінішке қарай, қазақ тарихнамасында ашық мәліметтер өте аз. Осы тұрғыдан Қытай деректеріне сүйенсек, ол былай сыр шертеді: «Сиуанның заңы бойынша (ғұндар) қанжар немесе пышақ салып адамды өлімші етіп жаралағандар өлім жазасына кесіледі, ұрлық жасаушының мал-мүлкі түгел тәркіленеді, жеңіл қыл­мыс жаса­ғандардың беті тілініп, ауыр қылмыс жаса­ғандарды өлім жазасына кесу он күннен әріге созылмайды. Жал­пы алғанда, мемлекетте мұндай қыл­мыс­­пен қамауға түсетін кінәлілер онша көп болмайды.

Түркі дәуірінің Бумын қаған билігі тұсында түркі жұртының іргесін берік ұстау үшін өзіне дейінгі заңдар електен өткізіліп, жарамдысы қалдырылып, қоғам дамуына жауап бермейтіндері ысы­­рылып тасталып, белгілі бір рефор­ма­­лауды бастан кешкен. Мәселен, Қы­тай­дың Жыу кітабында олардың заңы сараланып көрсетіледі. Қылмыстық заң­дар бойынша бүлікшілік, опасыздық, кісі өлтіру, біреудің әйелін зорлау, сәй­гү­лік ат ұрлау өлім жазасымен жазала­на­ды. Ал дененің басқа бір мүшесін зақымдаса, онда құн ретінде жылқы төленеді, ат немесе басқа да затты ұрлау­шы сол ұр­лы­­ғының құнын он есе етіп қайта­ра­­ды. Байыптап қарасақ, жоғары­да­ғы ғұндар мен түркілердің заңдары бір-бірінен онша алшақ кетпейтінін бай­қау­ға болады. Мұның барлығы Ұлы дала заңдарының түп-төркінінің бірлігін аңғартады.

Одан әрі дәстүрлі Қазақ елінде заң түзу қызметі Қасым ханның, Есім ханның және Тәуке ханның тұсында өз жалғасын табады. Олардың қазақ мемлекетінің іргесін нығайтуда ерекше рөл атқарған ірі мемлекет қайраткерлері екені белгілі. Соның айғағы, олардың өзіне дейінгі заң-жарғыны бір жүйеге түсіріп, уақыт талабына сай бейімдеп, жаңа серпін, бағыт беруінде еді.

Қасым ханның есімімен байланысты «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталған кешенді заң жинағы – қазақ мемлекетінің тарихында ерекше орын алатын маңызды құқықтық құжат бол­ды. Бұл заңның негізгі мазмұны, бағ­да­ры, мақ­саты Қасым ханның сол кезең­дегі жүр­гізген мемлекеттік саясаты­мен ты­ғыз байланыста құрылып, үн­­дес­­тікте жасалған. Ал «Есім хан­ның ескі жолы» заңдар жинағы сол дәуір­де­гі қаз­ақ қоғамындағы азаматтық және бас­қа да құқықтық ережелерді, мем­ле­кеттік басқару жүйесін реттеуге ба­ғыт­тал­ған, жүз жыл бойы қазақ мем­ле­кеті басшылыққа алған негізгі заңы болып есептелді.

Қазақ заңдарының «Алтын ғасыры» Тәуке ханның билік құрған уақытына сәйкес келіп, Ұлы дала тарихында ерекше орын алады. Тәуке ханның өз замандастарының және бүкіл қазақ халқының алдына сіңірген еңбегі – «Жеті Жарғы» деп аталған әдет-ғұрып заңдары жүйесін жасап, оны іске асыруы болды. «Жеті Жарғының» қылмыстық әрекетке қатысты бөлімінде қазақ қоғамының рухани өмірінің жаңа жағдайға сәйкес­тендірілген кезеңдегі шариғат заң­да­ры­ның енгізілу ерекшелігін айтуға болады.

Сонымен қатар осы тұрғыда Ұлы да­ла­­дағы қазақ құқығының тарихи нұсқа­лары мен үлгілеріне байыппен үңі­летін болсақ, оның мынадай басым нысандарын кездестіруге болады.

1. Жарлық. Жарлық саяси-әлеуметтік би­ліктің жоғары буынында отырған немесе мемлекет билігін өз қолына ұс­таған билеушінің қоғамды басқаруды іске асыру үшін шығарған бұйрығы. Өт­кен тарихымызда болған Үйсін мем­ле­­­кетінің билеушісі Сеңгіле Күнби «өріс­ке оймақ қосылмасын, табынға тұяқ қосылмасын» деп бүкіл елге жар­лық шығарды. Жарлықты жұрт орын­­дайды.

2. Шешім. Қазақ тарихында елдің бірлігі мен жердің тұтастығына қатысты болған маңызды, келелі істерді хандық кеңестің, билер кеңесінің талқысына салып шешіп келген. Мәселен, Түрік қаға­наты тұсында Алып қаған ел билеу­дің үрдісіне шыға алмағанда, ел ақыл­ман­дары кеңесе келіп, төрт қағанның ішіндегі сұңғыласы Ирук қаған, билікке соның отырғаны мақұл деп шешім шығарған екен. Мұндай шешімді жұрт мойындайды.

3. Кесім. Кесім дәстүрлі қазақ қоға­мы­­ның көшпелі өмірінде Ұлы даланы ғасырлар бойы толғандырып келген іргелі әрі көкейкесті мәселелердің жетер­лік болғандығынан хабардар етеді. Сондай-ақ олардың туындау себебі де, ше­шілу жолдары да жауапты болған. Оған қатаң кесім шығарылған.

4. Бітім. Бітім дәстүрлі қазақ қоғамы­ның саяси-әлеуметтік өміріндегі дені басым саласы, яғни азаматтық істер. Мұн­дай істер жарастыру, татуластыру (салауат) (медиация) тұрғысынан қарастырылады да, оған бидің бітімі шығарылады. Бітімге жұрт жүгінеді. Демек, Ұлы даладағы қазақ құқығының барлық нысандары болған жарлық, ше­шім, кесім және бітімдердің қазақ әдет- ғұрып құқығының тарихы мен теориясы­н­ан алатын орны ерекше деп нақты тұжырымдауға болады.

Бастапқы кезеңде ұзақ уақыт бойы ауыздан-ауызға, ұрпақтан-ұрпаққа сөз құдіреті арқылы беріліп келген әдет- ғұрып ережелері мен қағидалары мемлекет тарапынан ресімделіп, бекітіліп, толықтырылып әрі жетілдіріліп, дәстүрлі қазақ қоғамына ортақ, жалпыға міндетті заң ретінде қалыптасты. Сондықтан кеңес дәуі­ріндегі бірқатар еуроцентристік және шовинистік көзқарастардағы зерт­теушілердің қазақтың әдет-ғұрып құқы­ғын таптық тұрғыдан сипаттап, оның тек үстем таптардың мүддесін көздеп, басқа әлеу­меттік таптарды қанаудың құралы бол­ды деген керітартпа пікірлерімен мүл­дем келісуге болмайды.

 Жапар ӘЛДИБЕКОВ,  заң ғылымдарының докторы