• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2019

Ғарыштық санаға бойлаған суретші

1647 рет
көрсетілді

Қадым замандардан табиғат бағынған жаратылыс заңын бақылап, оған өз пайымымен бойлап, ой түйінін жасауға ұмтылу адам өмірінің мәніне айнал­ған. Ғарыштың заңы ешқашан өзгермейді және ол мейлінше қатал. Жер бетін­дегі тіршілік не ексең, соны орасың деген ұлы моральды үнсіз мойын­дап тұр. Жел тұрғызған адам дауылға тап болады. Адам жерге қарағаш егіп тұрып, одан алма не өрік жемісін күтпейді. Сол секілді жамандық жасауға бейім адам ізгіліктен үміттенбегені жөн. Ал күн секілді күліп тұрған жұмсақ жан­дар өзгенің жүрегіндегі мұзды ерітеді. Сондықтан, адамдар, айналаға сүйіс­пеншілікпен қараңдар, ғарышпен кіндіктес кеңістіктің заңдылығын бұз­баңдар!

Белгілі суретші, Т.Жүр­генов атын­­дағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының про­фессоры Болат Тұрғын­бай­дың көп­жылдық ізде­нісінің нәтижесінен ту­ған «Балқоңыр» атты көр­­­­­­­месіне қо­йылған кар­ти­налардың қысқаша маз­­мұнын қарапайым қи­сын­мен зерделесек, осын­дай биік зияткерлік ой­ға қарай жетелейді. Су­рет­шінің пай­ы­мында, адам – ғарыштың бір бөл­шегі. Шығармашылығына «са­на» та­қырыбын өзек ет­кен­діктен, Болат сурет өне­ріндегі өз бағытын «Сана art» деп атаған. «Сана» – сурет өнеріндегі Бо­латтың жеке өз бағыты. Оның пайы­­­мынша, адамның санасы дұрыс қалыптасып, ғарыш заңымен өз мін­детін дұрыс атқарып тұрса, өркениет әле­мі қателіктерден тыйылып, онда ұлы өзгерістердің қақпасы ашылған болар еді.

 «Мен бұл жұмыстарымда сан мен сананың байланысын көрсетуге арнадым. Сурет өнерінде ба­ғыттар өте көп: кубизм, да­­­даизм, футуризм, симво­лизм, реализм, тағы бас­қа «изм»-дер жайдан-жай туа салған қиялдың же­місі емес, ол – өнердегі әл­­дебір жаңашылдықтың бастауы, өзгеше қалыптау мен ойлаудың көрінісі. Бү­кіл әлем бүгінгідей ци­­фр­­­­­­ландыру жүйесіне, ком­пьютерлендіру кезеңіне қа­дам жасап жатқан кезде, бұл бағыт сананы сан арқылы иге­руге ұмтылыстан туған. Жарық дү­ниені сана билемесе, хаос басталады. Ға­рыштық өлшемде де осылай, дүние физика, математика заңдылықтарына бағынып, сана арқылы басқарылып тұр. Егер жа­ратылыстың бұлжымас заңы бұзылатын болса, нақты тәртіппен реттелген жер бетіндегі жүйе бұзылады. Ме­нің сурет өнеріндегі ізденісім осы та­қырыпқа бағытталған», дейді Болат өз шығармашылығы туралы.

Болаттың шығарма­шы­лығындағы ғарыш, ға­рыш­тық сана тақырыбы неден басталды, ол бүгін қандай деңгейге дейін өсіп-жетілді? Адамзаттың жан-жүрегін, ақыл-санасын ғаламтор шырмап, жылылығын ұр­лап, тастан да бетер суық етіп, роботтарға айналды­ра бастаған кезеңде ғарыштық жоғары сана бұл зауалға тойтарыс бере ала ма? Соң­ғы жылдардағы еңбек нәти­жесін көр­сететін «Сана», «Томирис», «То­ғысу», «Шырақ», «Уақыт өткелі», «Түр­­лену» секілді сабақтас идеялар ар­қылы бір-бірін мазмұн жағынан байыта түскен тізбекті картиналар топтамасы осы сұраққа жауап іздейді. Сурет өнерінің сәулесін сезінетін жандар оны табады да. Дөңгелек, сопақша, үшбұрыс тектес геометриялық пішіндермен са­лын­ған картиналарға жа­­­­ғалата көз салып өткен адам, Болаттың қызылды-жасылды ашық, қанық, жар­қын түсті бояуларға айрықша басымдық беретінін бірден байқаған болар еді. Бұл кездейсоқ емес. Мысалы, Ғарыш пен Жерді бірлікте қарастыратын суретші «Уақыт өткелін» салғанда, жал­ғаннан өзін шарқ ұрып іздеуден шаршамайтын адам­дардың толассыз айналып жатқан шетсіз-шексіз кеңістіктегі миллион соқ­пағының қазығы, таба алмай жүрген ақи­қаты өз ішіндегі жарыққа байлаулы екеніне бойлатқысы келеді және ол осы ойын жан-жағындағы жақсылық пен тазалықты сезіне тұрып, көтеріңкі көңіл күйде кескіндейді. Ашық түсті бояулар палитрасы жүректегі қуаныш сезімін, парасатты оятпай қоймайды. Ашық түсті бояу – жақсылықтың, мейі­рімнің, кешірімнің түсі. Суретшінің өзін агрессия­дан, жамандықтан алыс ұстайтынының дәлелі бұл. Мынау кар­тиналардың әр­қайсысы адам мен табиғат үйлесімде болса, адамзат пен өр­кениет та ғажап дамуды бастан кеші­рер еді дегенді бояу тілімен байсалды жет­кізіп тұр.

Суретші шығарма­шы­лығымен жақ­сы таныс өнер­танушы Зухра Ыды­рыс көр­ме қо­нақ­тарына Болат Тұр­­ғын­­бай картиналарының маз­мұн ерек­шелігі туралы әңгімеледі. «Суретші дәстүрлі кескіндеме, дәстүр­лі бейнелеу өнеріндегі ізденіс­тері арқылы жаңа ұғымдарды: бүкіл ғалам, жаһандық әлемді өзіне тән көзқарасымен ұсынып отыр. «Космо аrt», «Сана art» деген тер­миндерге сый­дырып отырған тың туындылары жаратылыс туралы, бізді қор­шаған әлемдегі тартыстар туралы болғанымен, біздің са­намызда, өмірімізде еш­қандай да негатив кө­ңіл күй қалдырмайды. «Космо art», «Сана art» деп отыр­ғанымыз, екі ұғымды бір­дей қарастырған сыртқы әлем мен суретшінің ішкі әлемінің байланысынан туын­дап отыр. Суретші сан мен сана деген ұғымдарды жинақтай келе, өзінің жаңа ізденісін көрсетуді мақсат етті» деп Болаттың сурет өнерінде қа­лыптастырған қолтаңбасына кәсіби тұр­ғыда талдау жасады.

Болаттың «Балқоңыры» ғарыш тақырыбының сурет­ші үшін таусылмайтын бай та­қырып екенін барлық қы­рынан дәлелдеді. Кеңіс­тіктен төгілген шуақты, қуа­­нышты, сұлулықты сезі­ну сурет өнерінің басты мұ­раты болып қала береді. Ал полотнолардағы жарқын бояу­мен кескінделген жа­рық әлем – Болаттың өз әлемі.

АЛМАТЫ