• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Сәуір, 2019

«Астана Опера» балет труппасы Мәскеуді тәнті етті

954 рет
көрсетілді

«Астана Опера» балет труппасы Мәскеудегі Кремль Сарайы сахнасында орасан зор жетістікпен өнер көрсетті. Ресейлік көрермен қазақстандық әртістердің шеберлігін, сонымен қатар Н.Римский-Корсаков музыкасына М.Фокиннің хореографиясындағы атақты «Шехеразада» балетінің шынайы шығыс нақышын лайықты деңгейде бағалады. Елордалық театрдың репертуарына осынау балет «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен енген болатын. Труппаның өнер көрсетуі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Бұл туралы «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі хабарлады.

Мәскеулік асқақ өнерді бағалаушылар «Астана Опера» труппасына ыстық ықыластарын білдіріп, шынайы ілтипаттарын көрсетті. Лық толы зал тік тұра әртістерге тоқтамастан қол соғып, олардың әрбір көрсеткен тағзымдарына «Браво!» деп үн қатты.

Қойылымнан кейін атақты импресарио Роберто Джованарди өз әсерімен бөлісті.

- Бір сөзбен айтқанда, ғажайып труппа, А.Асылмұратова керемет жұмыс атқарған. Әртістер тіптен тамаша, қойылым өте жоғары деңгейде жасалған. Олардың Италиядағы өнер көрсетулеріне қуана-қуана бардық. Итальяндықтар қазақстандық труппаны жақсы біледі, олардың біздегі гастролі кезінде, бәрі міндетті түрде сіздердің әртістеріңізді көруге асығады, жетекші солист Бақтияр Адамжанды таниды. Жақында ол Римде өнер көрсетті. Осы қыста труппаның орындауында П.Чайковскийдің «Щелкунчик», «Аққу көлі» балеттерін тамашаладық. Олардың жаңа қойылымына келу – үлкен қуаныш, өнер көрсетулері айрықша болды!

Гала-кешке әйгілі балет және театр сыншылары да келді.

«Музыкальная жизнь» журналының атақты әрі құрметті театр сыншысы Александр Фирер «Астана Опера» театрының труппасы керемет күйде екенін атап өтті.  

- «Шехеразада» балеті керемет жеткізілген, солистері өте тамаша. Әсіресе, әлемдік деңгейдегі премьер Бақтияр Адамжан мен жас әртіс Анастасия Заклинская – өте сүйкімді қыз, ол тартымды, албырт, музыкаға қабілетті, икемді. Тамаша спектакль, труппа оны өте жақсы орындады. Олардың бүгінгі жасағаны, қалай билегені, барлығы шын мәнінде ғажап болды. Бәрі жақсы дайындалған. Көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова орасан зор жұмыс атқарған. Әрине, осы балеттің қоюшы балетмейстері Андрис Лиепа да қажырлы еңбек еткен. Сіздерді осы сахнадағы өнер көрсетулеріңізбен құттықтауға болады.

Әлемдегі ең көп – үш жарым миллион таралымы бар «Московский комсомолец» газетінің театр саласындағы сыншысы Павел Ященко да «Астана Опера» өнеріне ең жоғары баға берді.

- Таңғалдыратын әсер. Бәріміз Алтынай Асылмұратованы білеміз – ол әлемдік балеттің аңызы. Мен шолушы ретінде әлемде не болып жатқанын, атап айтқанда, қазақ балетінің жай-күйін бақылап отырамын. Алтынай Асылмұратованың арқасында «Астана Опера» жетекші театрлар қатарына қадам басып келе жатқанын байқаймын. Біздің бүгінгі көргеніміз – шын мәнінде таңғажайып жасалған.

Бес халықаралық балет байқауының лауреаты әрі Кельвин Коу стипендиясының иегері Джулиан Маккей, сондай-ақ, Венгрия ұлттық опера театрының примасы Татьяна Мельник және гала-бағдарламаның басқа да қатысушылары кәсіби пікірлерін білдірген, олардың ойлары бір арнаға толысқан – «Астана Опера» труппасының келешегі жарқын, әртістердің әрқайсысының үлкен дарыны бар, олардың асқақ өнердің шыңына қол жеткізері сөзсіз.

- Бақтияр Адамжанның шеберлігіне тамсана қараймын. Алғаш рет екеуміз Римде жолықтық, меніңше, ол сыншылардың пікірін қажет етпейтін деңгейге ие. «Астана Опера» театры туралы көп естідім, фотосуреттерден көріп, залдарының әсемдігіне тәнті болдым, – деп атап өтті Джулиан Маккей.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған «Астана Опера» театры шығармашылық ұжымдарға жоғары деңгейдегі көркемдік жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік беруде, бұған балет труппасының Кремль Сарайындағы орасан зор жетістігі дәлел бола алады.

Театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ балетінің жұлдызы Бақтияр Адамжан сыншылар мен әріптестерінің ғана емес, сондай-ақ көрермендердің де ерекше ықыласын туғызды. Бишінің биік самғаулары, шығыс пластикасы, ерекше дарындылығы мен интеллектуалдық мүлткісіз пантомималық қозғалыстары балет сыншыларының жүрегін жаулап алды. Б.Адамжан партияны актерлік тұрғыдан керемет меңгергенін көрсете отырып, рөлге керемет төселді, өнерпазды әлемдік деңгейдегі әртіс деп күмәнсіз айтуға болады.

Оның сахнадағы серігі – «Астана Операның» жас әрі бітім-болмысы келіскен солисі Анастасия Заклинская Зобеиданың партиясын сомдады. Сезімтал, сымбатты, жеп-жеңіл арудың сахнадағы қимылы көркем еді. Әртіс өз кейіпкерінің көңіл-күйін ғана емес, сонымен бірге біртұтас бейне қалыптастырып, осы рөлдің терең психологизмі мен драматизмін жеткізе білді.

Шахриар мен Шахезман бейнелерін сұңғақ, еңселі өнерпаздар Жәнібек Иманқұлов пен Ильдар Шакирзянов ұсынды, ым-ишараларының нанымды шыққаны сонша, зал олардың эмоциясын әп-сәтте аңғарып отырды. Бас белсіздің рөлінде керемет биші Олжас Маханбетәлиев өнер көрсетті. Күңдер – Аделина Төлепова, Еркежан Жүнісова, Айман Тәжібаева, Белсіздер – Руслан Темірбеков, Олжас Әнуарбек.

«Астана Операның» гастрольдік сапары аталмыш спектакльдің қоюшы балетмейстері, М.Лиепа атындағы Қайырымдылық қордың негізін қалаушы – Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепаның шақыртуы бойынша өткендігін атап өткен жөн. Айта кетейік, Андрис Марисович кештің жүргізушісі әрі режиссері болды.

Андрис Лиепаның «Автографы и имиджи» жобасы аясында өткен «Вацлав Нижинский. Бог танца» гала-концертінің бірінші бөлімінде әлемдік балет жұлдыздары өнер көрсетті. Олардың қатарында: «Ковент-Гарден» Корольдік театрының премьері Вадим Мунтагиров және Дарья Климентова, Юлия Махалина (Мариин театры), Татьяна Мельник (Венгрия мемлекеттік опера театры), Элеонора Севенард (Ресейдің Үлкен театры), Бруклин Мак (Вашингтон балеті), Ксандер Париш (Мариин театры), Денис Родькин (Ресейдің Үлкен театры) т.б. бар. Әртістер «Қасиетті көктем», «Петрушка», «Ұйқыдағы ару», «Жизель», «Талисман» балеттерінен үзінді қойды. Екінші бөлім өз өнерімен мәскеулік көрерменді тәнті еткен қазақстандық труппаға берілді.