Сәрсенбі, 4 қаңтар 2012 7:13
Немере десем, өзімнің немерелік шағым есіме түсе береді. Есім атам тоқсан жастан асқанда төсек тартып жатып қалды деген хабар естісімен ағайын-туысқандар жапа-тармағай көңілін сұрап, барып-қайтып жатты. Атам соңғы жылдары ата-баба зиратына жақын болсын деген ниетпен Лебяжіден шамамен елу шақырымдай жердегі Қазантай деген жерге қоныс аударған.
Сәрсенбі, 4 қаңтар 2012 7:13
Немере десем, өзімнің немерелік шағым есіме түсе береді. Есім атам тоқсан жастан асқанда төсек тартып жатып қалды деген хабар естісімен ағайын-туысқандар жапа-тармағай көңілін сұрап, барып-қайтып жатты. Атам соңғы жылдары ата-баба зиратына жақын болсын деген ниетпен Лебяжіден шамамен елу шақырымдай жердегі Қазантай деген жерге қоныс аударған.
– Балам, атаңа барып қайт, көңілін сұра, сені іздеп жатыр, – деді әкем.
Дегбірім қалмай дереу жолға жиналдым. Ол кездің көлігі пазик автобус. Ертемен шыққан біз жолай ауыл-ауылды аралап, түске таяу әзер дегенде Қазантайға жеттік. Атамның қарағайдан боратып салғызған еңселі үйі ауыл шетінде болса да, анадайдан көз тартып тұр. Жүрегім лүпілдеп, аузыма тығыла береді. Дастарқан басында таудай болып отыратын атамның төсек тартып жатуы менің көңіліме сыймай-ақ тұрғаны. Сәлем беріп үйге енсем, атам аппақ киіммен шалқасынан жатыр екен. Көзім көзіне түсіп кеткенде, бойым шымырлап қоя берді. Әдетте, адамның ту сыртынан өтетін жасыл мен сары түстер араласқан ашық жанары өзге реңге түсіпті, дәп қандай екенін айта алмаймын. Сыр беретін көздің жанары екенін сол жолы ұқтым. Атам еміреніп, «Балам, аман-есен жеттің бе?», деп сол қолымен құшақтап кеудесіне басты. Аттай тулап тұратын атамның жүрегі болар-болмас қана нышан білдірді. Есімде, бала кезімде атамның жүрек соғысын тыңдап қызықтайтынмын. Ол қылығымды атам теріс көрмей, мені үнемі сол жағына алып құшақтағанды ұнататын, сонда әдейі жүрек соғысын тыңдатқысы келгені ме екен, жарықтық, кім білсін!
– Ата, қалайсыз?! – деймін бауырына енгім келсе де оған қалай жақындап, ықыласымды білдірудің ретін таба алмаған соң. Осы халімді сезді ме, атам:
– Балам, сені күтіп жатыр ем, мені далаға шығарып келші, – деді.
Мен қуанып кеттім, бұл атама қызмет көрсетудің бір мүмкіндігі емес пе? Ол кісінің далаға шықпағанына біршама уақыт болыпты. Үйдегілер бұ несі дегендей сыңай білдіріп еді, атам:
– Баламмен бірге далаға шыққым келіп тұр, – деді.
Жағдайды атам сүйеумен орнынан тұрғанда білдім. Батыр денелі атамның құр сүйегі қалған сияқты көрінді. Ол салмағын сала маған сүйенді, мен он алты жастамын, сүйегім ірі әрі мықты болатынмын, атамды құшақтап көтеріп кетуге халім бар. Жағдайды аңғарған ол:
– Балам, маған тартыпсың, мені сүйемелдеп отырсаң болғаны, – деді.
Байқаймын, аяқтарын нық баса алмайтын жағдайда екен. Есіме алты жасар шағымда екі аяғымды баса алмайтын дертке ұшырағаным, одан тәуір бола бастағанда Есім атамның әлеуетті қолдарына сүйеніп, қайтадан тік жүре бастаған шағым түсті. Онда мен дерттен айығып келе жатқан кезім еді, ал бүгін маған сүйенген атам бұл дерттен айығар ма екен?! Көңіліме күдік ұялай бастады, кім біледі бұл атамның жалған ғұмырдағы соңғы рет немересімен серуені ме екен. Ішім өртеніп барады. Атамды бірер сәттен кейін көтергендей болып орнына қайта жатқыздым. Атама қарасам, өңі нұрланып қалыпты.
– Ту, балам келіп, бір сергіп қалдым ғой, – деп жымыңдай қуанғаны да есімде. Атам көрікті әрі келісті кісі еді. Ат жақты, дөңестеу қыр мұрыны, баданадай екі көзі, шоқша сақалы, екі бетінің ұшындағы қызғылт шырай, бәрі-бәрі адамды өзіне тартып тұратын.
Кешке таман ауылдың дәрігері келді. Мен жалма-жан одан сұрап жатырмын:
– Атама қандай дәрі-дәрмек керек, мүмкін Лебяжіге, аудан орталығына алып кетсек қайтеді, – деймін оған.
Дәрігер оңаша бір тұста маған:
– Айналайын, атаңа еш нәрсенің қажеті жоқ. Бұл кісінің дерті – кәрілік, – деді. Мен мұндай дерттің болатынын бірінші рет естідім. Осы сөз санама шөгір боп қадалып қалғаны сондай, кей кезде той-томалақ жүргізуші пысықтардың үлкендерге қарата: «Ол кәрі адам, ол қартайған», – дегендерін естігенде, «әй, бейшара, әлі кәріліктің не екенінен бейхабарсың ғой, әйтпесе бейпіл сөйлемес ең» – деп қоямын ішімнен. Өмір мен өлімнің арасында кең жайлау жатыр. Өлім деген кең дүниенің тарылғаны, оны Абай «таусыншақ күн» десе, Шәкәрім «алда қиын бір күн бар» дейді. Есім атамның таусыншақ күні, қиын күні шындыққа айналғанын үйге қайтып оралған соң, көп ұзамай-ақ естідім, бірақ топырақ салуға бара алмадым, үлкендер кетті, біз бала-шаға үйде қалдық.
Осы тұста өзіме қатысты бір тылсым сырды баяндамақпын. Ол атамның дүниеден озғанын анық сезгенім. Оқиға былай болды. Біз балалар жазғы демалысқа шығысымен ақша табу үшін әртүрлі жұмыстар істейтінбіз. Мен жақын жердегі Жамбыл атындағы совхоздың бірінші фермасына қара жұмысқа кіргенмін. Күні бойы шөп шауып, оны жинап, оны мая етіп үйетінбіз. Кешке қарай үйге қайтамыз. Сондай күннің бірінде жұмыстан үйге оралып келе жатсам, Лебяжі жақтан бір ат-арбалы біреулер қарсы келе жатыр екен. Неге екенін білмеймін, мен ішімнен «бұлар бізге атамның өлімін естіртуге келе жатқандар» – деген ой келді. Сол ойдың жетегінен шыға алмай оларға жақындай беріп едім, жегілген ат менің астымдағы велосипедімнен үрікті ме, әйтеуір әлгі мінген адамдар мені орағытып өте шықты. Ішімнен «неге бұлар атамның қайтыс болғанын маған айтпады», – деп мен тұрмын. Сөйтіп, алабұртқан күйде аулаға ене бергенімде қарындасым Сәуле:
– Әтәй, Есім атам қайтыс болыпты, – деп алдымнан жылап шықты.
Бүгінде өмір жайлауын жағалап жүрген шағымда, жылына бір рет атамның басына барып қайтқанды көңілім қалап-ақ тұрады. Мені атама жақындатып отырған өзімнің немерелерім екенін де сезінемін. Шіркін, біз жетектеген балалар енді бізді жетектеп жүрсе деген де ойға келесің, әйтеуір «тоқта, бала» дегенге бұрылып қарайтындары болса, қандай ғанибет.
* * *
Құдайға шүкір, немерелерім бар. Немере деген балаға қарағанда ыстық деп жатады. Бәлкім, шындық болар. Менің түсінігімде немеренің ыстық болуы, өзегіңнен өсіп-өніп, енді алыстап, суысып бара жатқан балаңа деген сағыныш па деймін. Ойлансақ, немеренің ыстық болуы балаңның саған, сенің оған деген сағыныштардың түйісуі емес пе екен? Егер немерең саған жат болып тәрбиеленсе, онда балаңның саған деген сағынышы қалайша сезілмек?
Не десек те, әйтеуір немере ыстық, құдаларды мың жылдыққа туыстыратын да осы немере. Қазақ, құда мың жылдық дегенде, сірә, немеренің өстіп екі араны жалғап жататын алтын көпір екенін біліп айтқан-ау шамасы.
Бүгінде немеремді алдыма алып отырып, өзімнің немере болған кезім есіме еріксіз түсе береді. Осы әңгімені отбасында талай айттым. Қайталаған сайын бір жеңілдеп қаламын. Ол былай болған еді. ХХ ғасырдың елуінші жылдары. Ел өткен соғыстан әлі есін жинау үстінде. Кедейшіліктен, жоқшылықтан көптеген отбасы айыға қоймаған кез. Әйтеуір қолында бірен-саран малы барларда тойып ішер тамақ бар. Үй жиһазы, киім-кешек дегендер жоқтың қасы, тапшы. Осындай кезде жазғы каникулге атамның үйіне келдім. Рақат. Айран, қымыз, ет, бауырсақ деген жеткілікті. Ойын баласы бірақ тамаққа тоя ма? Кіріп-шығып, үзіп-жұлып жеп жүреміз. Үйде мен секілді үш бала бар. Бір отырғанда дастарқан үстін тазалап та тастайтын қауқарымыз бар. Үй иесі ата болғанмен, ол кісі кенже баласымен бірге тұрады. Кенже аға әкемнің кіші інісі, ол кісі көбінесе үйде болмайды. Тамақты пісіретін де, жасайтын да жеңгеміз. Бір күні түскі астан кейін атам мені тысқа шақырған. Сөйтіп, есік алдындағы бөренеге отырғызып алып, тостаған толы қаймақ пен бауырсақты ұсынып: – Балам, ал, – деді де, өзі мен тамақты толық жегенше үнсіз қарап отырды.
Мен атама қарап қоямын, аузым бос емес, ол жымиып үнсіз отыр. Қаншама жылдар өтсе де, осы сурет есімнен шығар емес. Мәнісін осы күнге дейін шешіп айта алмаймын. Дәп осындай жасайтындай аш та емеспін. Неге оңаша алып шығып, жарықтық мені арнайы тамақтандырды екен?
Бұл немеренің ыстық болғанынан ба, әлде алыстағы ұлын сағынғаннан ба, немесе өз ғұмырының жалғасын сезінуден туған сезім бе екен!
Нақтылы іс мәнісін ашып айта алмаймын, бірақ осы әңгімені отбасында қайталап айтуды ұнатамын!
* * *
Атасы немересіне үмітпен қараса, немересі атасына күдікпен қарайды деген де сөз бар. Себебі, немере мен атаның арасы «алты айлық» жол. Қазақ «елу жылда ел жаңа» – дейді. Сол елу жыл немере мен атасының арасындағы қашықтық. Жаңаның басында – Немере, ескінің соңында – Ата тұр. Сол елу жылды немеремен бірге жүріп өту қиынның қиыны, тіптен іске аса қоятын шаруа да емес деген пікірдемін. Немеремен қандай жағдайда бас қоспақсың, әрине отбасында, дастарқан басында. Дастарқан немере мен атаның түсінік алаңы болмаса, жағдайдың қиын болғаны. Дастарқан қазақ халқы үшін ұрпақ сабақтастығының алаңы әрі көпірі. Бас осы жерде түйіспек. Дәм үстінде дәмді әңгіме болса, ол ақ жауындай сіңімді болады. Отбасы тәрбиесі – дастарқаннан бастау алмақ. Сонда дастарқан деген не?
Дастарқан ата-бабамыздан бізге жеткен қазына-мұра. Дастарқан ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы, жеткізуші хат.
Қазақ халқының құт-берекесі – дастарқанда. Көңіл кірін жуатын да – дастарқан. Кісілікке бастайтын да – дастарқан. Тәрбиенің алаңы да – дастарқан. Алаң көңілге сенім беретін де – дастарқан. Дастарқан, қандай жағдай болмасын, тек ізгі ниетке жайылмақ!
Мен дастарқан басында атам туралы естеліктерді айтуды ұнатамын.
Біздің бала шағымызда үлкендер қонақ келгенде, өлім-жітім, той-томалақ болғанда иығымызға орамал, қолымызға шылапшын мен құман беріп жұрттың қолына екі рет (асқа дейін, астан кейін) су құйғызатын. Бұл қалыптасқан дәстүр. Сондай талай рәсімдерді өткеріп жүріп бір аңғарғаным, үлкендер (ол кезде сөз ұлағатын білетін қариялар көбірек болатын) біздерге, қолдарына су құюшы балаларға әрқилы бата беретін. Осы істің мәнісін бірде Есім атамнан сұрағаным бар. Ол кісі мені мұқият тыңдап алды да:
– Сол қариялар саған қандай бата беретін еді? – деді.
Мен іркілместен: – Өркенің өссін дейтін, – дедім.
– Осы сәт атам сәл ойланып отырды да:
– Балам, қариялардың әр түрлі бата беретінін аңғардың ғой, – деді маған нұрлана қарап. Мен:
– Иә, ата, аңғардым, – дедім.
– Аңғарсаң болды, оның мәнісін көп кейін өзің түсіне жатарсың, – деді. Мен нақты жауап алмағаныма іштей көңілім толмаса да, атамның «аңғарсаң болды, көп кейін оның мәнісін өзің түсінесің» деген сөзі жадымда сақталыпты. Атамның осы айтқаны елу жыл шамасында, менің санамда жаңғырды, оянды. «Өркенің өссін» – деген қариялардың батасының мәнісін түсіндім. Өркеннің өсуі деген, адамның азамат болып өзінің тәуелсіздігіне жетуі деген мағына екен. Қазақта азамат деген ұғым бар. Шоқан Уәлиханов оны адамның тәуелсіздігімен байланыстыра түсіндіреді, яғни адамның азамат атануы, оның тәуелсіз болуы. Азаматтары тәуелсіз болмаса, ел қалайша тәуелсіз болмақ. Тәуелсіздік дегеніміз, әрбір жастың өркенінің өсуі. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» деген романын еске алған жөн. Елдің өркенінің өсуі, ол тәуелсіздік, оның өркениет жолына түсуі.
Егер сол кезде Есім атам «өркенің өссін» деген батаны тәптіштеп түсіндіріп берсе, ол естен шығып, ұмыт болар еді, себебі балалық сана оны қабылдай алмақ емес, ал сұрақты сұрақ күйінде қалдырып, мәселені өзіме тақап қойғандықтан, ол санамда жаңғырып, жауап іздетті. Бұл не? Қандай тәсіл? Атам біздер сияқты жоғары оқу орнында оқымаған, ал парасаттылығы менің түсінігімнен әлдеқайда – биік.
Атамның парасаттылығы туралы тағы бір әңгіме. Әркімге белгілі жай, Никита Хрущев билікке келісімен өзінің бұрынғы ұстазы Сталиннен кек алуға кірісті. Ленинмен қатар жатқан Сталиннің сүйегін мавзолейден шығарды. Жеке басқа табынушылық деп Сталиннің жауыздығын әлемге әшкерелеп, жария етті. Оны құптағандар да, наразылар да болды. Шынына келсек, Сталиннің жеке басқа табынуын әшкерелеу арқылы мыңдаған, мүмкін миллиондаған жазықсыз жапа шеккендер ақталып, қайсыбірі атылғаннан соң, кейбір көзі тірілері түрмелерден босатылып, елдің бір тыныс алғаны бар. Бірақ, Никита Хрущев бұл тірлікті әділдік үшін емес, өзінің далбасалығымен атқарды. Осы тұста орыс халқының «бақыт болмағанда бақытсыздық құтқарды» – деген мәтелі тап осы жағдайға дөп айтылған сөз деуіміз керек.
Иә, сонымен, алып империяда Сталинді табалау қызу жүріп жатты. Соғысқа барып жаралы боп қайтқан әкеме Сталинді табалау, байқаймын, аса ұнамайды. Атам болса кезінде «халық жауы» боп түрмеге түскен адам, ол қалай Сталинді жақтасын. Бірақ, жағдай солай бола тұра, атамның мына сөзі маған мүлдем түсініксіз көрінді.
Дастарқанды жағалай біршама ауыл адамдары отыр. Сонда Есім атамның айтқаны:
– Мына үкіметтің келешегі жоқ екен. Коммунистер алысқа бармайтын болды, – деді. Отырғандардың біреуі:
– Неге олай дейсіз? – деп еді.
– Өзін-өзі жамандаған өкіметтің ғұмыры қысқа болмақ. Мынау таз (Хрущевті айтып отыр) жаңа патша, анау мұрт (Сталинді айтып отыр) бұрынғы патша. Бұлар бірін-бірі қаралағанда халық қай жағына шықпақ. Іс өнбейді. Жаңа заман келеді.
Атам, әкем Ғабдыжаппар екеумізге бұрылып:
– Мен ол заманды көрмеймін, сен (әкеме қарап) шет жағасын көресің, ал мынау (мені нұсқап) сол заманда өмір сүреді, – деді.
Атамның айтқаны айдай келді, мен жаңа заманда, егеменді Қазақ елінде өмір сүріп жатырмын.
Бұл сол замандағы жағдайдың түбегейлі өзгерісі туралы шындық.
Көп кейін, ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында социализм сыр бере бастады. Сол кезде атамның жадыма жатталып қалған сөзі қайта жаңғырған. Социализмнің, СССР-дің тарауы туралы енді мен де өз болжамдарымды ашып айта бастадым.
– СССР-дің бұлай боларын қайдан білдің? – деген кейбір замандастарымның таңданысына мен де таң-тамаша қалатынмын. Сірә, заман ағысын сезіну үшін аса көп оқудың қажеті шамалы ма деген ойға да келесің. Әлде ұстаз Ыбырай айтқандай, «оқығанды көңілге, ықыласпен тоқу» жетіспей ме? Ол бір. Екіншіден, бірге жүріп, бір мақсатта болып, қолына билік тиісімен бұрынғы билік басындағының бас терісін сыпыру адамшылық па? Осы ойдың шешімін Пекиндегі Тяньаньмэнь алаңындағы Маоның үлкен портретін көргенде тапқандай болдым. Мао мәдени революция кезінде қандай қырғын жасаса да, ол мемлекет құрушы ретінде құрметке ие, немесе кешегі Борис Ельцин туралы Ресейде бір ауыз шет сөздің болмауы да үлгі емес пе?
Ата мен немере дегенде осы оқиға есіме жиі түседі.
* * *
Немере жалғыз емес, ол ұрпақ, буын, қазіргі 20 жастағы, тәуелсіздікпен құрдас ұлдар мен қыздар. Бұл ақпараттық қоғамның түлектері. Олай болса, олардың бәсекеге қабілеттіліктері аталарына қарағанда қуатты болмақ. Жаңа мен ескі аралас болғанды білеміз, бірақ дәл қазіргі замандағыдай құндылықтардың түбегейлі күйреп, жаңа құндылықтардың санаға әлі де орнығып үлгере алмай жатқан дәуірде күн көріп жатқанымыз ешкімге жасырын емес. Бүгінгі өзекті мәселе – ұрпақтар сабақтастығы. Сабақтастық әке мен баланың емес, ата мен немере арасында. Кезінде орыс жазушысы Иван Сергеевич Тургенев «Әкелер мен балалар» деп аталатын романында олардың арасындағы сабақтастықтан нигилизм дегенді тауып, ол қоғамда әжептәуір әңгіме болып, бізге жетіп еді. Меніңше, әке мен бала арасынан қайшылық іздеудің қажеті жоқ, мәселе ата мен немере арасындағы сабақтастықта, ол ұрпақтар сабақтастығы деген өзекті әңгіме.
Қазіргі «тәуелсіздік құрдастары» деп жүрген жиырмадағылар (ол он жеті мен жиырма үш жас аралығы) 2020 жылдары «орда бұзатын» отыз жасқа, 2030 жылдары «қамал алатын» қырық жасқа жетіп, ат жалын тартып, билік солардың қолдарына тиеді. Сол кезде жағдай қалай болмақ, ол үшін отбасында өсіп-өніп келе жатқан немерелерге зер сала қарап қойсақ қайтеді? Келешек солардың көздерінде тұнып тұр емес пе? Тағдыр да солармен бірге өсіп тарқатылмай ма?
Иә, бізбен бірге қандай ұрпақ өсіп келеді және ол шынымен бізбен бірге ме, әлде өзге ойы бар ма, бар болса қандай? Шіркін, соны біліп отырғанға не жетсін! Тәубасынан ажырамаған қазақпыз, бәрін білуші бір Алла деп, көңілге медет етеміз.
* * *
Өткен жылы Анталияда отбасы мәселесіне арналған айтулы халықаралық басқосу өтті. Бұл жиынға біздің елден ғалымдар, журналистер, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Түскі асты Түркияның отбасы және әлеуметтік саясат істері бойынша министрі, ханым Фатма Шахин берді. Сөз кезегі келгенде мен немере әкеге, ол атаға сөйтіп алмаса бермек деген мағынада ой білдіріп ем, министр ханым менің сөзіме орай немереге қатысты әзіл-шыны аралас әңгіме бастады.
Анталиядағы осы біз отырғандай тамаша демалыс орнының біріндегі мейрамханаға «ішкен дәміңіз үшін немереңіз төлейді» деп жазып қойыпты. Бір адам тамақтанып болып, шығып бара жатса, даяшы одан ақша төлеуін талап етеді. Сонда әлгі адам жазуды көрсетіп:
– Ақшаны немере төлейді, – десе даяшы былай жауап беріпті:
– Сіз де біреудің немересі емессіз бе, атаңыз үшін төлеңіз, – десе керек деп министр-ханым әңгімесін аяқтады.
Иә, атамыз үшін төлеуді ұмытпайық!
* * *
Немере әр отбасында көз қуанышы болып өсіп келеді. Өсіп-жетіле келе ол сізге не айтады, сіз оған не айтпақсыз! Немере деген кім?
Немере – өзіңнің күні өткен қызықты ғұмырыңа деген сағынышың.
Немере – өзіңнен алыстап бара жатқан балаңа сағынышың.
Немере – отбасының жылуы.
Немере – жақынның алыстауы, алыстың жақындауы.
Немере – жанған шырағың,
Немере – өмірдегі тұрағың.
Немере – адамның әсем мұңы.
Ғарифолла есім, академик.
Астана.